2021 жылғы төртінші тоқсанның қорытындысы бойынша ең төменгі есеппен мемлекеттік медициналық ұйымдарда 228 маманның жетіспеушілігі байқалды. Олар – жалпы, дәрігерлік практика, ересектер мен балалар анестезиологы, реаниматолог, терапевт, акушер, ересектер мен балалар гинекологы, педиатр, онколог, оториноларинголог, офтальмолог, психиатр, неонатолог, рентгенолог, томограф, УЗИ дәрігері және басқалар.
Өңір басшылығы осы олқылықтың орнын толтыру үшін, сондай-ақ облыстың әлеуетін көтеру, кадр тапшылығын азайту мақсатында Ақтау қаласынан М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің Ақтау қаласындағы филиалын ашуға қол жеткізді.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарының бірі – денсаулық сақтау жүйесін дамыту, атап айтқанда, сапалы және қолжетімді медициналық көмек беру. Осы мақсатта М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің филиалы Маңғыстау өңірінде ашылғалы отыр. Бұл аймақта дәрігерлер даярлап шығаратын үлкен білім шаңырағы болмақ. Еліміздің медицина университеттерінде бакалавр, интернатура, резидентура және магистратурада оқып жатқан студенттер енді Маңғыстауда білім алуына мүмкіндік туып отыр. Осыған орай облыс әкімдігі тарапынан қосымша гранттар бөлініп, студенттер білім алуда. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті филиалының ашылуы резиденттерге оқу мен тәжірибені қатар ұштастыруға мол мүмкіндік береді. Аталған білім шаңырағы антына адал дәрігерлер даярлап шығаратын үлкен білім ордасы болатынына сенеміз, – деді филиалдың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Г.Қалмұратова.
Республикалық көрсеткішпен салыстырсақ, облыста дәрігерлік кадрлармен қамтамасыз ету 10 мың тұрғынға шаққанда 17,1%-ды құрайды. Бүгінде жергілікті бюджет есебінен еліміздің медициналық жоғары оқу орнында интернатура мен резидентурада 82 студент білім алуда. 2018 жылы 11 резидент, 2019 жылы 39 резидент, 5 интерн, 2020 жылы 9 резидент, 4 интерн, 2021 жылы 11 резидент, 3 интерн тегін оқуға түскен. Сондай-ақ 2023-2025 жылы жергілікті бюджет есебінен резидентура мамандарын даярлау үшін 2023 жылы 36 грант, 2024 жылы 50 грант, 2025 жылы 72 грант бөліну жоспарланып отыр.
М.Оспанов атындағы медициналық университетте білім алған түлектер өңірдің медицина саласында аз емес. Мысалы, Маңғыстау облыстық ауруханасында 11 резидент, облыстық балалар ауруханасында 1 резидент, Мұнайлы орталық аудандық ауруханасында 1 резидент, Ақтау қалалық №2 емханасында 20 интерн, 60 дәрігер, Жаңаөзен қалалық №2 емханасында 12 интерн, 19 дәрігер, Сенім медициналық емханасында 30 дәрігер, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасында 32 дәрігер, Жаңаөзен қалалық №1 емханасында 19 дәрігер, Жаңаөзен қалалық №3 емханасында 24 дәрігер, облыстық онкологиялық диспансерде 13 дәрігер, облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдемде 7 дәрігер, «Нейрон Өзен» емханасында 3 дәрігер, облыстық фтизиопульмонологиялық орталықта 7 дәрігер, Қарақия орталық аудандық ауруханасында 33 дәрігер жұмыс істейді. Маңғыстаулық студенттер үшін қолайлы болған бұл жаңалық нәтижесінде, 65 жылдық тарихы бар медициналық университеттің профессор оқытушылары енді Маңғыстау өңіріне келіп қызмет ететін болады. Ақтау қаласындағы «Мейірбике» медицина колледжінің жанынан ашылатын филиалда оқу жүйесі ақылы және бюджеттік бағытта жүзеге асырылады. Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде 766 студент білім алып жүрсе, олардың арасында маңғыстаулық болашақ дәрігерлер де аз емес.
Филиалдың ашылу салтанатында университеттің директорлар кеңесінің төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Медицина ғылымдары академиясының академигі Ж.Досқалиев, аталған университет ректорының міндетін атқарушы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Э.Исмагулова, денсаулық саласының ардагері, «Мейірбике» колледжінің директоры Ә.Сағымбаев, Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының акушер-гинеколог хирургі Нұрлан Жакиев сөз алып, өңір медицинасы мен білім саласындағы жаңалыққа қолдау білдірген өңір басшылығына ризашылықтарын білдіріп, филиал жұмысына сәттілік тіледі.
Маңғыстау облысы