Аймақтар • 15 Ақпан, 2022

Инфрақұрылым игілігін көруі тиіс

490 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аумағы ұлғайып келе жатқан Алматының шеткі аудандарының мәселелері бір-біріне ұқсас. Қалаға кейін қосылған Наурызбай ауданының Ақжар, Шұғыла, Тастыбұлақ, Таужолы, Жайлау, Қарғалы, Құрамыс, Таусамалы шағын аудандарында 149,6 ша­қы­рым су құбыры және 74,8 шақырымдық кәріз тарту жұмыстары жал­ғасып жатыр. Осы жұмыстар толық аяқталғаннан кейін аудан­ның 150 мыңнан аса тұрғыны ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс.

Инфрақұрылым игілігін көруі тиіс

«Қарғалы» сүзгі стансасының құрылысын биыл шілде айына дейін аяқтау жоспарланған. Жаңа станса ауданның 40 мыңнан астам тұрғынын сумен қамтамасыз етеді. Бұл – Қарағайлы, Қарғалы, Тас­тыбұлақ, Құрамыс шағын аудандары. Бұған дейін аудан тұрғындарына жағдай жасау үшін «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы арқылы балалар, ойын және спорт алаңдары салынған болатын. Ендігі жерде бағдарламаны қаржыландыру 500 млн теңгеге (1,8 млрд теңгеге дейін) ұлғайтылмақ.

Қарағайлы шағын ауданын­дағы дәрігерлік амбулаторияның апатты ғимаратына қатысты оң ше­шім қабылданды. Нысан сейс­микалық қауіпті және 2018 жылы пайдалануға жарамсыз деп танылған. Сондықтан амбула­тория орнына «Әлеуметтік қыз­меттер үйі» жобасы үлгісінде көп­балалы аналар үшін әлеуметтік нысан салынады.

Құрамыс шағын ауданындағы мемлекеттік меншіктегі жерлерде (6 га) емхана мен балабақша салу үшін жобалық-сметалық құ­жат­тамасы әзірленуде. Биыл Тас­тыбұлақ шағын ауданында ұзындығы 4,5 км жол асфальтталуы тиіс.

Қаладағы бау-бақша қоғам­дас­тықтарының мәселесі өзек­ті, осыған байланысты аудан әкім­діктері Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасымен бір­лесіп олардың мәртебесін нау­­рыз айының соңына дейін анық­­тайды. Сондай-ақ Тасты­бұлақ және Ақжар шағын аудан­дарын­дағы су құбыры мен кәріз желі­ле­ріне қосу үшін жаңа жобаға бау-бақша қоғамдастықтарының ес­керілмеген көшелерін енгізу қажет.

Қала әкімі Е.Досаев биыл нау­рыз айында балаларды қабыл­дайтын Ақжар шағын ауданын­дағы 120 орынды жаңа ба­лабақ­шаны аралап көріп, кеңес барысында мектеп пен бассейні бар 15 га дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу мәселесін шешуді тапсырды. Төле би көшесі мен Абай даңғылын ұзартудың жай-күйін тексеріп, жер учаскелерін сатып алу процесін жеделдету және осы жобаларды 2022-2023 жыл­дары кезең-кезеңімен іске асыруды бастау қажеттігін атап өтті. Наурызбай ауданының әкім­шілік орталығына дейін ме­тро­по­литенді жобалау мәселесі қа­рал­ды.

Сонымен қатар биылғы қыр­күйек айында Абай шағын ауда­нындағы («Алма Сити-5» ТК, «Qazaq Stroy» мердігерлік ұйымы) 1200 орынды мектеп құрылысын пайдалануға беру, Шұғыла шағын ауданында (Алатау даңғылы және «Алем Сити» ТК) қосымша екі мектепті іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы ауданда 2022 жылы барлығы 8 390 орынды 7 мектеп және 1 320 орынды 5 балабақша салу қарастырылған.

 

АЛМАТЫ