Аймақтар • 15 Ақпан, 2022

Көптің көмегімен көлікті болды

279 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жуырда әлеуметтік желілерге Қызылорда қаласындағы көше­лердің бірінде түсірілген видео тарап еді. Күннің суығында екі баласын велосипедпен тасып жүрген азамат жайлы бейнекадр әп-сәттің ішінде мыңдаған қаралым жинаған екен.

Көптің көмегімен көлікті болды

Көрген жұрттың барлығы балапандары үшін барын салып жүрген әкеге жақсы тілектерін жазып қалдырыпты. Белгілі шоумен, бло­гер Асылхан Дүкенбаев әлеу­меттік желіде ақша жинап, қоңыр тіршілігіне қанағат қылған жанға көлік әперу туралы бастама көтергенде елдің көбі қолдап ала жөнелді.

Үш күннің ішінде 8 миллион теңгеге жуық қаржы жиналыпты. Қасиетті жұма күнінде қаладағы орталық мешіттің ауласында тасбөгеттік Қанат есімді азаматқа су жаңа көлік табыс етілді.

Бастаманы ұйымдастырушы­лардың айтуынша, жұрт ақша жинай бастағанда видеоны көр­ген шымкенттік бір азамат жерлесімізге темір тұлпар мін­гізгісі келетінін білдіріпті. Жер­гілікті блогер осыдан кейін тұрақты баспанасы жоқ отбасына үй алып беру жайлы ойға ойыс­қанын айтады. Алайда әсерлі видео кейіпкері көлік сыйлаймын деп ниет қылған шымкенттік азаматқа алғысын жеткізіп, көп­шіліктен ақшасына түскен көлік­тің ыңғайы болса, соны үй ал­ғандай көретінін айтыпты.

 Көлік сатып алудан артылған қаржы да көп алдында Қанатқа табыс етілді. Көлікті болған азамат пен анасы қамқорлық танытқан жерлестерге ризашылықтарын жет­кізді.

Қазіргідей заманда айналаңда ниет-тілегі түзу адамдардың жүргені жаныңа жылулық ұя­латады, ә...

 

ҚЫЗЫЛОРДА