Қазақстан • 15 Ақпан, 2022

Елорда әуежайынан 200 млн теңгеден астам заңсыз ақша шығарылмақ болған

861 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылы елорда әуежайы арқылы 203 706 259 теңге көлемінде заңсыз ақша шығарылмақ болған. Заң бұзушыларға айыппұл салынды. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарланды, деп жазады Egemen.kz.

Елорда әуежайынан 200 млн теңгеден астам заңсыз ақша шығарылмақ болған

Осылайша, мемлекеттік кірістер департаменті 2021 жылы ҚР ӘҚБтК 551-бабының 3-бөлігі бойынша 13 әкімшілік материал жасады (тауарларды, қолма-қол ақша қаражатын, ақша құралдарын декларацияламау немесе дұрыс емес кедендік декларациялау, кедендік құжаттардағы мәліметтерді дұрыс мәлімдемеу), осы бұзушылықтар бойынша айыппұлдар сомасы 379 210 теңгені құрады.

Мәселен, 2021 жылғы 16 желтоқсанда «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында Нұр-Cұлтан-Ыстамбұл халықаралық әуе рейсі жолаушыларының кедендік бақылауынан өткеннен кейін ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қызметкерлері Ливан азаматын ұстады. Онда жарияланбаған 13 900 АҚШ доллары анықталды (Ұлттық банктің бағамы бойынша - 6 054 006 теңге).

29 желтоқсанда елорда әуежайында кедендік бақылаудан өткеннен кейін ҚР азаматы ұсталды, оның декларацияланбаған 38 000 доллары (шамамен 16 409 920 теңге) анықталды.

Мемлекеттік кірістер комитеті ЕАЭО кедендік шекарасын кесіп өту кезінде валютаны ауыстыру ережелеріне, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекске сәйкес қолма-қол ақша қаражаты кедендік декларациялауға жататыны анықталғанын еске салды.

«Кедендік декларациялауды жүзеге асыру өткізілетін қолма-қол ақшаның және жол чектерінің шығу тегі және мақсаты туралы мәліметтерді көрсете отырып, әкелінетін немесе әкетілетін қолма-қол шетел валютасының, қолма-қол Ұлттық валютаның және жол чектерінің барлық сомасына жазбаша нысанда кедендік декларация беру арқылы жүргізіледі», деп нақтылады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті.

Комитетте жеке тұлғалар кедендік декларациясыз жалпы сомасы 10 000 АҚШ доллары баламасынан аспайтын қолма-қол шетел валютасын немесе қолма-қол ұлттық валютаны (бағалы металдардан жасалған монеталарды қоспағанда) және жол чектерін ҚР-ға әкелуге немесе ҚР-дан әкетуге құқылы екенін еске салды.