Әлем • 15 Ақпан, 2022

Батыс Украина шындығын қабылдауы қажет

601 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ЧИКАГО. Ресей қарулы күштерін Украина шекарасына жақын жерге орналастыруы жаңа соғыс қаупін тудырды. Бірақ дүрбелең бүгін басталған жоқ. Сондай-ақ Ресейдің мақсаты да жаңа емес. Жылдар бойы Украинаны Мәскеуге оң қабақ танытқан саясаткерлер жанама басқарып келді. Сондықтан 2014 жылғы Кремль бастаған шабуыл қайталанбас үшін Украина өзін НАТО-ның қорғағанын қалайды. Бірақ президент Владимир Путин НАТО-дан Ресеймен шектесетін кез келген Шығыс Еуропа елдеріне (қазіргі таңда НАТО-ның бес мүшесімен шекаралас) қарай шекарасын кеңейтпеуге уәде беруді талап етіп отыр.

Батыс Украина шындығын қабылдауы қажет

Америка Құрама Штаттары бастаған НАТО әр ел өз тағды­рын шешуге құқығы бар деген уәж­ді алға ұстап, Путиннің тала­бынан бас тартуда. Бірақ Украинаның тәуелсіздігін қорғау оңай емес. Ресей Украинаны бақылауда ұстауға жұмсай алатын шығыны мен НАТО елдері­нің оны ресейлік басқыншылық­тан қорғауға жұмсайтын шығыны арасында ассиметрия бар.

Ресейдің одақтастары аз. Ал НАТО-ға әлемнің ең бай 30 елі кіреді. Олардың көпшілігін­де әскері жаңартылған. Соған қара­мастан, кейінгі екі ғасырда Ресей әрқашан күш пен агрессия қолдану арқылы көршілес шағын елдерді өзіне қауіп төндіретін Батыс Еуропа елдеріне қарсы буферлік аймақ ретінде пайдаланды.

В.Путин бүгінгі геосаяси жағ­­дайға дәл осылай қарайды. Ол Кеңес Одағы ыдырағалы Ре­сей­дің батыстағы буферлік ай­мағы қысқарып, Беларусь қана қалды деп алаңдайды. Сондық­тан Украинаны Кремльдің ықпа­лында ұстау Ресейдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның геосаяси беделін көтеру стратегиясы үшін өте маңызды.

НАТО мүшелерінің көпші­лігінде, соның ішінде АҚШ-тағы басшылардың белсенділігі В.Пу­тиннің белсенділігіндей емес. Оның үстіне, соғысқа құ­мар үлкен мемлекеттермен көр­ші­лес орналасқан елдердің өз тәуел­сіздігін сақтап қалуы қанша­лықты қиын екенін тарих көр­сет­ті. Қырғи-қабақ соғысы кезін­де АҚШ-тың Оңтүстік Кореяның тәуел­сіздігін сақтап қалу үшін жүргіз­ген соғысы қымбатқа түсті. Содан кейін Оңтүстік Вьет­­нам­ды тәуелсіз ел атандыру үшін жүргізген соғысы да шығынға батырып, сәтсіздікке ұшырады. Бә­рін қосқанда Азиядағы бұл екі соғыс 20 жылға созылды. Оған кеткен шығын шамамен 1,2 трил­лион долларды құрады. Нәти­жесінде, 90 000-нан астам АҚШ әскері қаза тапты.

Жақында АҚШ бұрынғы соғыс­тардан сабақ алғанын түсін­дік. Өткен жылы АҚШ Ауған­­станда 20 жыл саяси тәртіп пен тұрақты ұлттық экономи­ка орната алмаған соң сар­баз­­дарын шығарды. Батыс қыз­­мет­керлері елден кетпей тұ­рып, билікті «Талибан» қайтара басып алды. Ауғанстанның Украи­надан айырмашылығы көп еке­ніне қарамастан, Америка жұрт­шылығы тағы бір шетелдік әскери науқанға қызықпайды.

Бұл деректер Батыстағы әріп­тестері секілді ішкі қоғамдық пікір­мен санасуға мәжбүр емес ав­т­оритарлық көшбасшы В.Пу­тинге белгілі. АҚШ пен оның одақ­тастары Украинаны қорғау­дың маңызына сайлаушыларды сендіруі қиынға соғады. Ал Путин Ресейдегі ұлтшылдықтың кейінгі жылдары тұрақты түрде өсіп келе жатқанын тиімді пайдаланып кетеді. 2014 жылы Ресей Қырымды басып алғаннан кейін Путиннің рейтингі көтерілді.

Рас, содан бері Путинді қол­дау айтарлықтай төмендеді. Әрі Ресей жұртшылығы Ук­раи­на­дағы соғыстан сақтанып жатқан­дай. Бірақ Путин «Ұлы ашар­шы­лық» секілді үлкен саяси мақсат­тарға жету үшін Ресей халқын құрбандыққа шалған тарихи оқиғалардан жақсы хабардар.

Оның үстіне НАТО-ның әрекеті Путиннің агрессиялық стратегиясын ұстануға шешім қабылдауын күшейткен болуы мүмкін. Кеңес Одағы ыды­ра­ғаннан кейін Ресейдің ішкі жалпы өнімі мен әскери шығы­н­дары ең төменгі деңгейге жет­кенде НАТО тараған жоқ. Ұйым Кеңес Одағына қарсы қыр­ғи-қабақ соғысты тоқтату мақ­сатында құрылған еді. Оның орны­на Орталық және Шығыс Еуро­па­дағы Кеңес Одағы­ның бақы­лауында болған елдер­ді, тіпті КСРО құрамына кірген үш мем­лекетті құрамына қосып алды.

2008 жылға қарай Ресейдің ішкі жалпы өнімі мен әскери шығындары қалпына келді. Ал Франция мен Германия Украина мен Грузияны НАТО-ға қосылуға шақыру арқылы Ресейді арандатты. Осылайша, АҚШ президенті Джордж Буштың әкімшілігімен келіспеушілік туындады. Сондай-ақ НАТО болашақта Украина­ны мүшелікке қабылдау жөнін­­де дүдәмал уәде берді (Бухарест ымырасы).

Бірнеше айдан кейін Ресей Грузияға басып кірді, ал Батыс мүлде қарсылық көрсетпеді. Оның үстіне Путиннің бұл стра­те­гиялық жеңісі экономи­калық серпіліспен тұспа-тұс келді. Мұның бәрі оның саяси билігін нығайтуға көмектесті.

Путиннің көзқарасы бо­йынша, егер Ресей алдын алу үшін күреспейді деп ойласа, НАТО Украинаны ерте ме, кеш пе, құрамына қосып алуы мүм­кін. Егер Ресей Ук­раи­наны бақылауда ұстау үшін күре­­се­тінін сенімді түрде көр­сетсе, екі ықтимал сценарий бар. Батыс бей­бітшілік үшін келіс­сөз­дер жүр­гізеді. Немесе НАТО өзі қала­маған соғысқа қатысады. Қалай болғанда да әрдайым со­ғыс қаупін тудыру Путиннің Ук­раи­наны Ресейдің ықпалында ұстауға мүмкіндік береді.

Тарихи тұрғыдан НАТО кеңеюінің ең ашық жақтаушысы АҚШ жағдайды байсалды түр­де бағалауы керек. Ресей соғыса­ды және АҚШ та соғысқа да­йын екенін сенімді түрде көрсете ал­ма­са, Украина Ресейдің ық­па­лы­нан құтылып, шын мәнін­де тәуел­­сіз ел атана алмайды. Ең на­шар жағдайда АҚШ пен Батыс түбі жоқ соғысқа қаты­сып, ақырында одан бас тартады. Украиндар халқынан айырылып, эко­номикалық шығынға ұшырайды.

Бүгінгі таңда Батыста қазіргі жағдайдың қатаң шындығын қабылдауға дайын екенін көрсе­тіп жатқандар бар. Енді бірі Путин­мен келіссөзге келу Ұлы­британия премьер-министрі Невилл Чемберленнің Мюнхенде нацистік Германиямен жасасқан келісіміндей деп есептейді. Бұл дұрыс емес. Соғыстың алдын алу АҚШ және оның одақтастары Украина үшін жасайтын ең жақсы қадамы болмақ.

 Нэнси ЦЯН,

Солтүстік-Батыс университетінің Келлогг менеджмент мектебінің басқару экономикасы және шешімдер туралы ғылымдар профессоры, Қытай экономикалық зертханасының және Солтүстік-Батыс Қытай зертханасының негізін қалаушы директоры

 Copyright: Project Syndicate, 2022.

www.project-syndicate.org