Экономика • 15 Ақпан, 2022

Тері өңдеу ісіне тереңдеу керек

2998 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұрын ауыл халқы мал терісін тиянақтап жинап, арнайы қабылдау орындарына тапсыратын. Одан түскен азды-көпті қаржыны шай-пұлына жарататын. Осы бір үрдіс жаңа ғасырдың алғашқы жылдарына дейін жалғасқаны белгілі. Одан кейін мал терісі кәдеге жараудан қалды да, ауыл-ауылдың іргесінде үйіліп жататын болды. Бәлкім, біздің елдегі тері өңдеу ісінің тұралау кезеңі де осы кезден басталған шығар. Ал қазір бұл саланың жағдайы тіпті нашар.

Тері өңдеу ісіне тереңдеу керек

Өткен аптада тері өңдеу мәселесін Мәжілістің жалпы отырысында көтерген депутат Юрий Жулин саладағы біршама кемшілікті ашық айтты. Оның дерегіне сүйенсек, елімізде жыл сайын шикі терінің тек 10-20 пайызы ғана сатылады. Ал 3 млн-ға жуық мал терісі өңделмеген күйі далаға тасталады. Осының бәрін кәдеге жаратқанда шаруалар шамамен 14 млрд теңге табыс тапқандай екен. Бірақ олай болмай тұр. Бұл аздай ауыл іргесінде тау-тау болып үйіліп жататын мал терісі елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайды да ушықтыра түсуде.

– Осыдан 5-6 жыл бұрын ауыл тұрғындары былғары шикі­затынан айтарлықтай ақша таба­тын еді. Алайда 2016, 2017 және 2019 жылдары былғары кәсіп­орындарын қолдау үшін теріні экс­порттауға тыйым салынды. Бұл қадам тиісті нәтиже берген жоқ. Бүгінде кәсіпорындардың жүк­темесі қуаттылықтың үштен бірі­не де жетпейді. Олардың саны да азайды, – деді Юрий Жулин Пре­мьер-Министрдің бірінші орын­басары Роман Склярдың атына жолдаған депутаттық са­уалында.

Үкіметтің экспортқа салынған ты­йымы саланы терең нокаутқа жіберді. Мұны депутаттар да, кәсіпкерлер де мойындап отыр. Терінің көптігінен оның бағасы өзіндік құнның деңгейіне дейін тө­мендеп кетті. Өңірлердің көбінде тері жинау тоқтатылды. Себебі мұндай іспен айналысу тиімсіз.

– Сондықтан былғары өңдеу саласын қолдау керек. Бірақ мұны шаруалардың есебінен жүргізуге болмайды. Үкімет тері экспортына салынған тыйымды алып тас­тады. Алайда оның орнына экспорттық баж салығын енгізді. Сыртқа сатылатын терінің әр тоннасына 200 еуро төлеу керек. Фермерлер үшін бұл да шектеудің бір түрі емес пе?! – дейді Мәжіліс депутаты.

Тері өңдеу ісінің бағы неге жанбады десек, бұл сала екі мекемеге қарайды екен – Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Мәселенің бір ұшы осында жатыр. Осы күнге дейін онымен нақты ешкім айналыспаған. Екі мекеме жұмысты бір-біріне сілтеп келеді. Салдарынан шикізат көлемі шамадан тыс өсіп кетті. Сөйте тұра кәсіпорындардың жүктемесі тым аз. Шетел нарықтары да игерілген жоқ.

– Мысалы, Қытай теріні АҚШ пен Аустралиядан импорттауда. Ал біздің шаруалар далаға лақтырып отыр. Осылайша, қосымша табыстан қағылуда. Сондықтан бұл мәселені реттеу керек. Бұл үшін тері өңдеу ісі Ауыл шаруашылығы министрлігіне басы бүтін берілуі тиіс. Сондай-ақ ауылдықтарды тері жинауға ынталандыратын шаралар қа­был­дау керек және жер-жерде арнайы пункт­­тер ашылуға тиіс. Бұған қоса өңделмеген тері­ге арналған экспорттық баж салығының күшін жойған дұрыс, – дейді Ю.Жулин.

Бұл мәселе мал шаруашылығымен айналысатын өңірлер үшін өте өзекті. Ақмолалық кәсіпкер Табылды Кезекбаев жылқының, ірі қара мен ұсақ малдың терісін қоқысқа лақтыруға мәжбүр екенін жеткізді.

– Бұрын тері тапсырып аз да болса қосымша табыс табатын едік. Қалаға барып-қайтқан жол-пұлымызды осылай ақтап алатынбыз. Бірақ былтырдан бері теріні өткізу машақатқа айналды. Қабылдау пункттері көбінесе жабық тұрады. Қабылдаған күннің өзінде килосына 40 теңгеден береді. Сонда шығатыны тиын-тебен ғана. Әрине, бұл ақшаға байып кетпейміз. Бірақ тері мен жүн­ді қабылдайтын орын болмағандықтан ауыл­дардың айналасындағы санитарлық жағ­дай нашарлай түсті. Қоқыс шығаратын орын­ға апарып төккенімізбен, жаз бойы жаман иіс мазаны алады. Көмген теріні аң-құс қо­парып жер бетіне шығарып тастайды. Мұны реттемесе болмайды, – дейді Т.Кезекбаев.

Руслан Шодиев қой шаруашылығымен айналысады. Тиісінше, ай сайын ондаған бас малды сойып, етке тапсырады. Бірақ тері мен жүнді қоқыс жинайтын орынға апарып төккеннен басқа амалы жоқ.

– Тері мен жүнді кез келген жерге апарып тапсырар едім. Қабылдайтын орын жоқ. Бұл менің басымдағы мәселе ғана емес, мал шаруашылығымен айналысатын кәсіп­кер­лердің бәріне ортақ. Жергілікті билік өкіл­дері мұндай мәселенің бар екенін жақсы біле­ді. Алайда әлі күнге нақты ше­шу жолдары ұсынылмаған. Өйткені Ақмола облысында тері мен жүнді қайта өңдей­тін кәсіпорын жоқ. Бұл сала субсидия­ланбайды да. Нарықтың сұранысы тым төмен. Бағаның арзан болатыны да сондықтан. Жұмыс істеп тұрған тері зауыттары елдегі шикізаттың сапасы нашар деген уәж айтады. Сондықтан олар теріні сырттан импорттағанды құптайды. Бұл жергілікті өнімге деген сұранысты азайтып отыр, – дейді Р.Шодиев.

Сөйтсек, былғары, қой терісінің үлбірі, елтірі, тері-жүн шикізаты сібір жарасы­на қатысты зерттелуі керек екен. Бизнес субъек­тілері мұндай зерттеулерді Республи­ка­лық ветеринариялық зертхананың жергі­лікті жерлердегі филиалдарының базасын­д­а жүргізіп келген. Тек 2021 жылғы 25 мамыр­­дан бастап бірқатар аймақтың облыс­тық және өңірлік зертханалары сібір жарасы­на қатысты зерттеулер жүргізуді тоқтат­ты. Осы бір жағдай бизнестің дамуы­на кері әсерін тигізген. Салдарынан отан­дық кәсіп­орындардың жүктемесі азайып, респуб­ликаның экспорттық әлеуеті төмендеген.

Арқалық қаласында былтыр ашылған тері өңдеу зауытының директоры Ержан Салиховтың айтуынша, саланың дамуына коронавирус пандемиясы да кері әсерін тигізді.

– Біздің зауыт айына 48 мың шаршы метр тері өңдей алады. Коронадағдарысқа дейін өнімді Италия, Испания, Түркия секілді мемлекеттерге жеткізіп тұрдық. Пандемия салдарынан аталған нарықтардан айырылып қалдық. Қазір теріні Ресей, Украина және Өз­бекстанға жібереміз. Ішкі нарықтың тұтыну көлемі аз, 13 пайыз ғана, – дейді Е.Салихов.

Экономист Жангелді Шымшықовтың пікіріне қарағанда, жеңіл өнеркәсіпке мемлекеттен қолдау керек. Оның ішінде тері өңдеу ісіне қамқорлық қажет-ақ.

– Шыны керек, біз шикізатқа тәуелді мемлекетпіз. Бұл халықты өнеркәсіпке үйретпейді не табыс әкелмейді. Шикізат сатып байыған бірде бір ел жоқ. Бұл тері өндірісіне де қатысты. Мысалы, біз қойдың етін ғана пайдаға асырамыз. Ал оның терісі мен ішек-қарыны ит-құсқа жем болады. Осыдан-ақ ойлай беріңіз. Ата-бабамыз тері илеудің түрлі тәсілін меңгерген. Байпақ, мәсі, саптама етік тігу технологиясы қазақ топырағынан шыққан. Ал бүгінде осының бәрі аңызға айналды, – дейді Ж.Шымшықов.

QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мәліметінше, еліміздің 11 өңірінде былғары илеу және өңдеу кәсіпорындары бар. Оның көбі Шым­кент қаласында шоғырланған – 7 кәсіп­­орын. Сондай-ақ Алматы, Қостанай, Жам­был, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Сол­­түс­тік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыс­­­тарында және Нұр-Сұлтан, Алматы қала­ларында да өндірушілер бар. Бүгінгі таңда Қазақ­станда былғары илеумен бір орта кәсіп­орын (Алматы былғары зауыты – Almaty Tannery ЖШС) және 27 шағын кәсіп­орын («КазИталКожа», Semey Tannery, «КазахЛидерМех», «Петропавл былғары зауыты», «Тараз Былғары зауыты», Turan Skin, «Кәмшат-Әсел» ЖШС және басқалар) айналысады.

2021 жылдың бірінші жартыжылдығында отан­дық иленген былғары мен ірі қара мал­дың терісінен жасалған былғары крас­тын сатудан түскен экспорттық түсім 2,4 млн дол­лар­ды құраған. Бұл 2020 жылдың сәй­кес ке­зеңіндегі көрсеткіштен 73,3 па­йыз­ға жо­ғары. Сондай-ақ ірі қара терісінен жа­сал­ған былғары өндірісінің көлемі 2021 жыл­дың қаңтар-маусым айларында 54 млн шар­шы де­ци­метрді құраған. Көрсеткіш – 2020 жылмен салыстырғанда 15,2 пайызға жоға­ры. Ішкі нарықта отандық былғарыны аз мөл­шер­де аяқкиім өнімдерін (негізінен әскери және ар­найы аяқкиім үшін) және былғарыдан жа­сал­ған тауарларды (сөмкелер, белдіктер) өн­ді­ру­шілер сатып алады. Қал­ғаны экспортталады.

Түйіндей айтсақ, тері өңдеу ісіне тереңдеу керек. Бұл – мал ұстап отырған шаруалардың тілегі. Ал көптің тілегіне көңіл бөлінгені дұрыс.