Қайта оралмайтын уақыт секілді тарих та тоқтамайды. Бүгінгі серпіліс жасар жауапты кезеңде бізге басшылық ету Қасым-Жомарт Кемелұлына жүктеліп отыр.
Біраз жылдан бері жұмыс бабында, адамдық қарым-қатынаста болған азаматтың бірі ретінде Президенттің ұстамды мінезі, әр сөзіне, өзіне үлкен жауапкершілікпен қарайтыны, біз танысқалы өткен бес лауазымында еш өзгермегені ерекше қасиеттер дер едім.
Сондықтан Президентіміздің берген уәделері, бағыт-бағдарламалары, бастамалары жаңағыдай қасиеттер мен дүниежүзілік саясат басында болған тәжірибелерінен, еліміздегі осы кезеңдегі қажеттіліктен туындаған деп ойлаймын.
Отыз жылда қол жеткізген жетістіктерімізді електен өткізіп, кемшіліктерімізді тоқтатып, қайталамауға шақырып, жаңа кезеңге жол бастаған Президентімізге қолдау көрсетіп, өзімізге де жауапкершілікпен қарап, бой түзейтін күндерде өмір сүріп жатырмыз.
Ел ардагерлері халқымыздың, әсіресе жастардың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарды, елге, жерге деген сүйіспеншілікті қастерлеп, білімді, тәрбиелі, еңбекқор болып қалыптасуына жүйелі ықпал етуде.
Әлемдік жаһандану дәуірінде, керекті бағыттарды игерумен қатар, тіліміз бен дінімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, тарихымызды, ұлттық әдет-ғұрпымызды сақтау үлкен сын.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында 2020 жылдың мамыр айында шыққан «Ардагерлер туралы» Заң үшін ел ардагерлері риза. Сонан бері де екі заңда өзгерістер мен толықтыруларда ардагерлер үшін қосымша баптар қарастырылып, бір заң күшіне енді.
Соңғы жылдары ардагерлер «Дәнекер» қанатқақты жобасын жүзеге асырып, әр аймақта жүздеген даулы мәселені сотқа жеткізбей бітімгершілікпен келісімге келтіруде. Бұл жұмыс бір жағынан, сот жүйесінің жұмысын жеңілдетсе, екіншіден, адамдар арасындағы қарым-қатынасты оңалтуға септігін тигізуде.
Бұл мәселені және Ардагерлер ұйымдары жасап жатқан басқа да жұмыстарды Қасым-Жомарт Кемелұлының қабылдауында болғанымда баяндап, Президентіміздің қолдауын алдық.
Ардагерлер қазіргі жаңа бағытта жасалып жатқан жұмыстарға үлкен сеніммен қарап, өз тараптарынан қызмет етуде.
Елу жылдан астам уақыт елде, біраз жыл шетелде өндірісте, ғылыми ортада, Үкіметте, атқарушы, заң шығарушы орындарда қызмет атқарып, бір бөлек өмір көрген азамат ретінде айтарым, біз болашақты тек өзіміз ғана жасаймыз.
Олай болса, іштен, сырттан өз жағдайларына риза болмай, өз ісіне, өз басына жауап берудің орнына жау іздеп, сұрқия ниетіне бет бұрып, халық арасына іріткі салып, ел тыныштығын бұзуға шақырғандардан сақтана білуіміз керек. Оны кешегі қаңтар оқиғасы айқын көрсетті. Көптеген кемшілігіміздің де беті ашылды. Ащы да болса сабақ алғанымызды мойындауымыз керек.
Сондықтан «қалай екенін білмеймін, бірақ олай емес» деген пікірден босап, әр қазақстандық өз пікірін ойланып, ортаға салып, бізге тарих пен тағдырдың нәсіп еткен кезеңінде басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының жаңа бастамаларына терең түсінікпен қарап, өз үлесімізді қосуымыз керек. Бұл – заман талабы.
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері,
Қазақстан Республикасы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы