26 Наурыз, 2014

Жаһандық қауіпсіздік кепілі – жауапкершілік

1551 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
Гаагадағы ІІІ Жаһандық ядролық қауіпсіздік саммитінің екінші күні де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үшін қауырт бас­­талды. Алдымен Қазақстан басшысы АҚШ Президенті Барак Обамамен кездесті (Ол кездесу жөніндегі есеп бөлек беріліп отыр). 011 Саммиттерді жалғастырудың маңызы зор Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саммиттің екінші күні оның пле­нарлық отырысына қатысты. Саммиттердің болашағы жөніндегі бейресми пленарлық сессияда Қазақстан Президенті қысқаша сөз сөйледі. Өз сөзінде Н.Назарбаев форумның болашағына қатысты пікірін білдірді. – Әлемдік қоғамдастық мүшелерінің көпшілігі қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптер алдында біздің жұмы­­­­­­сымыздың 2016 жылдан кейін де жалғасуы үшін қолдау көрсетеді деп үміттенемін. Қазақстан мұндай шешімді қолдауға дайын. Жоғары деңгейдегі кездесулерді араға 4-5 жыл салып өткізіп тұруды ұсы­­­­намын, – деді Қазақ­стан басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев мұн­дай тәжірибенің жалғасу қа­жеттігінің бірқатар маңызды себептерін атап өтті. Осы орайда, Мемлекет басшысы әлемде атом энергетикасының «қайта өрлеуі» байқалып отырғанына тоқталды. – Бұл үдеріс сезімтал технологиялар мен материалдарға, ядролық терроризм қауіп-қатерінің артуына байланысты қатерлердің ұлғаюына әкеліп соғуы мүмкін. Мұндай күрделі жағдайларда өткен саммиттер барысында пайда болған саяси серпінді сақтаған жөн, – деді Қазақстан Президенті. Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бұрынғы саммиттерде алға қойылған мақсаттар мен міндеттер жеткілікті деңгейде іске асырылмағанына тоқталды. Осыған байланысты ұлттық заңнамаларды одан әрі жетілдіру және ядролық қауіпсіздік саласындағы негізгі көпжақты тәсілдерді әмбебаптандыру қажет. Қазақстан Президенті әлемде қару-жарақпен жабдықтауда және әскери технологиялардың өзге де салаларында қолданылып отырған ядролық материалдардың орасан қоры бар екеніне назар аударды. – Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа кірмеген ядролық материалдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ха­лық­­­­­аралық тәсілдерді әзірлеу қажет. Бұл жаһандық қауіпсіздікті ны­ғайту түйткілдерін кешенді түрде шешуге септігін тигізетініне сенім­дімін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұған қоса, Қазақстан басшысы орнықты даму мақсатындағы қосымша сенімді энергия көздеріне деген қажеттіліктің жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. – Біз өзінің қуаттылығы және тиімділігі жағынан атом энергия­сынан асып түсетін жаңа энергия түрлерінің ашылу қарсаңында тұрмыз. Міндет – оларды барынша қауіпсіз және қолжетімді ету, – деді Қазақстан Президенті. Соңында әлемдік қоғамдас­­­­тықтың басты назарын аударуды қажет ететін тағы бір бағыт ретінде Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ядролық технологияны дамыту және түрлі салаларда енгізу кезінде нақты қауіпсіздікті атап көрсетті. Бейресми отырыстан кейін саммитке қатысушылар топтық суретке түсті және одан кейін салтанатты түскі асқа отырды. Ал түскі астан кейін саммиттің пленарлық отырысы қайтадан жабық есік жағдайында жалғасты. Ал оның жұмысы аяқталған соң бірлескен қарар қабылданып, Нидерланд Премьер-министрі М.Рютте мен АҚШ Президенті Б.Обама журналистерге саммит жұмысының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Онда саммиттің өзінің алға қойған мақсатына жеткендігі айтылып, қарсы алушы жаққа ризашылық білдірілді және журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берілді. 25-03-02. Еліміз көшбасшылығының негізі Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне арналған мақаласы жарияланды. Гаагадағы ІІІ жаһан­­дық саммит қарсаңында жарық көрген, Euractiv және Washington Times тәрізді әлемнің жетекші интерактивтік саяси ақпарат көздерінде орналастырылған Қа­зақстан Президентінің мақа­ласында біздің еліміздің әлем­дегі төртінші ядролық арсенал­дан өз еркімен бас тарту жөнін­дегі шешімі осы саладағы Қазақ­станның көшбасшылығына негіз болғаны атап өтіледі. Қазіргі уақытта, мақалада атап көрсетілгендей, ядролық қарудың түрлі экстремистік топтардың қолына түсу қаупі айрықша алаң­даушылық тудыруда. Ядролық терроризм халықаралық қауіпсіздік үшін ең үлкен қатердің бірі болып отыр. Мақаласының соңында Мем­лекет басшысы жаһандық қауіп­сіздік жүйесі ядролық арсеналдың талқандау мүмкіндіктеріне емес, мүдделердің үндестігі мен ха­лықаралық міндеттемелердің орындалуының жасампаз күшіне негізделуге тиіс екеніне баса назар аударады.   Екіжақты ынтымақтастық көрінісі Қазақстан Республикасы және Америка Құрама Штаттары пре­зиденттері Ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады. Қазақстан мен АҚШ Ядролық қаруды таратпауды және ядролық қауіпсіздікті нығайтуды жақтайтын бірлескен ұстанымдарын қуаттайды, делінген мәлімдемеде. Қазақстан мен АҚШ қауіп-қатерді бірлесе бәсеңдету жөніндегі бағдарламаның табысты іске асырылуын қанағаттанушылықпен атап өтеді және бұрынғы Семей сынақ полигонындағы нақты қауіпсіздікті нығайтуды жалғастыратыны атап көрсетілген. Сондай-ақ, АҚШ ядролық және радиоактивтік материалдардың заңсыз айналымының алдын алу үшін Қазақстан Респуб­­­­­лика­­­­сымен бірлескен күш-жігерді арт­тырудағы серіктестікті жалғастыра беретіні көлденең тартылған. АҚШ Қазақстанның жаһан­дық ядролық қауіпсіздікті нығай­ту­дағы және Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Вашингтон және Сеул саммиттерінің шешімдерін іске асырудағы, соның ішінде ВВР-К (су-қайнамалы су реакторы) зерттеу реакторын аз байытылған отынға ауыстыру, жоғары байытылған ядролық материалды сұйылту және Ядролық физика институты реакторының пайдаланылған жоғары байытылған отынын әкету қызметін қолдайды. Құра­ма Штаттар мен Қазақстан жоға­ры байытылған отынмен жұ­мыс жасайтын реакторларды аз байытылған отынға қайта жаб­дықтаудағы, сондай-ақ, Қазақ­станда зерттеу реакторларынан қалған жоғары байытылған уран қорларын техникалық тұрғыдан мүмкіндігінше жоюдағы өзара іс-қимылды жалғастырады, делінген мәлімдемеде. АҚШ Қазақстанның өз аума­­ғында МАГАТЭ-нің аз байытылған уран банкін орналастыру және Ядролық қауіпсіздік жөніндегі өңірлік оқыту орталығын құру, оның төтенше жағдайларға төтеп беру, сондай-ақ олардың салдарын еңсерудегі мүмкіндіктерін нығайтудағы күш-жігеріне қолдау білдірді. Қазақстан мен АҚШ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттердің өткізілуін маңыз­ды деп санайды, делінген мәлім­деменің соңында. 25-03-03. Қазақстан – абыройы жоғары мемлекет Бұл күн қазақстандық журна­листер үшін де «олжалы» болып басталған еді деп айту­ға бо­лады. Өйткені, осы күнгі бар­лық оқиғалар алдында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев олар­ға брифинг-сұхбат берген еді. Қа­зақстан басшысы алдымен сам­миттің өзі туралы айтып, олардың өте маңызды әлемдік шаралар екенін атап өтті. Қазақстан ядролық қауіпсіздікті сақтау ісінде дүниежүзілік қоғамдастық алдында үлкен абыройға ие болып отыр. Өйткені, біз дер кезінде Семей ядролық сынақ полигонын жаптық, қолымызда бар ядролық қару арсеналынан өз еркімізбен бас тарттық. Соның арқасында Қазақстанға деген сенім туды, осы үшін бізді әлемде сыйлайды, экономикамызға да соның арқа­сында инвестиция құйыла бас­тады. Сонымен бірге, ядролық қауіп­сіздік бағытында бірнеше әлемдік бастамалар көтердік. Сондық­тан біз осы саммиттердің белді қатынасушысы болып саналамыз, дей келіп, Елбасы саммиттерде қаралатын мәселелерге тоқталды. Оған қатысып отырған елуден артық мемлекет басшыларының бәрін ядролық қарудың таралмауы, оның лаңкестердің қолына түспеуі алаңдатады. Егер ядролық қаруларды жасырын түрде жасауға мүмкіндік беретін материалдар лаңкестік топтардың қолына түссе, ол үлкен трагедияға соқтыратыны сөзсіз. Саммиттерде осы мәселелер қарастырылып, әрбір мемлекеттің өз аумағындағы ядролық материалдар мен олардың қалдықтарына қатаң бақылау орнату қажеттігі туралы мәселелер айтылды. Атом медицина және басқа да салаларда қолданылады. Бұларға да қатаң бақылау керек. Бақылау, әсіресе, МАГАТЭ сияқты кәсіби маманданған халықаралық ұйым арқылы жүргізілгені дұрыс, сонда оның мөлдірлігіне кепілдік беріле алады. Осы орайда біз төмен байытылған уранның Қазақстанда сақталуы, яғни банкінің болуы туралы ұсыныс жасадық. Оны артынан бейбіт істер үшін байытуға алушы елдер бір жерден тапқаны дұрыс дедік. Қазір осы бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр, деді Н.Назарбаев. Ал ядролық қалдықтарды бақылау мәселесінің Қазақстанға да тікелей қатысы бар, өйткені, бұрын Ақтауда АЭС болған, оның қолданылған заттарының кейбірі одан әрі пайдаланылу мүмкіндігі болғандықтан, біз де соған бақылау орнатуымыз керек, екіншіден, біз уран рудасын көп өндіріп, дүние жүзіне сататын мемлекет болғандықтан, оның бақылаусыз тарамауына үлкен мән беруге тиіспіз. Міне, сондықтан да саммит жұмысында Қазақстанға деген назардың үлкен болатын осындай себептері бар. Осы саммит барысында біз АҚШ-пен бірлесіп, Семей ядролық сынақ полигоны аумағын одан әрі қалпына келтіру туралы арнайы мәлімдеме қабылдайтын боламыз. Әзірге, бұл бағыттағы ынтымақтастықтарымыз жақсы жүріп жатқанын атап өткім келеді. Сонымен қатар, саммит қорытындысы бойынша оған қатысушылардың бәрі атом материалдарының кейбір келеңсіз топтардың қолына түспеу қажеттігі туралы үндеу қабылдайтын болады, деді Н.Назарбаев.   Нидерланд – Отанымыз үшін жетекші инвестор Осыдан кейін Қазақстан Президенті Нидерланд Король­дігіне жасаған ресми сапары мен екіжақты кездесулердің қоры­тындысына тоқталды. Нидерланд Қазақстан үшін жетекші инвестор болып саналатынын білесіздер. Осы күнге дейін Нидерландтың Қазақстан экономикасына салған инвестиция көлемі 50 млрд. долларға жуық. Былтырғы жылғы екіжақты сауда-саттығымыздың көлемі де 10 млрд. долларға жетіп отыр. Нидерландтың біз таң­­­­ғала­тын және үлгі алатын мәсе­лелері өте көп. Соның ішінде халыққа білім беру, медицина саласында Нидерланд – Еуропадағы алдыңғы орындар­дың бірінде тұрған мемлекет. Сон­дай-ақ, ауыл шаруашылығында бар­­­лық тұр­ғындардың 3 пайызы ғана жұ­мыс істегенімен, осы саланың өні­мін сыртқа шығару жөнінен Еуро­пада үшінші орын алады. Бізде халқымыздың 43 пайызы ауыл­да тұрып, соның 20 пайызы ауыл шаруашылығында жұмыс істеге­німен, жалпы экономиканың 5 пайызын ғана осы сала береді. Міне, осы мәселе бізді қатты ойлан­туы керек, деді Қазақстан Президенті. Біз Нидерланд басшылары­­­­­­мен кездесу барысында бірнеше құжат қабылдауға қол жеткіздік. Осы елдің «Шелл» деген компаниясы біздің Қашағанда жұмыс істеп жатыр. Кен орнының жұмысын осы компания жалғастыратын болады. Екіншіден, ауыл ша­руашылығындағы ынты­мақтастықты тереңдете түсуге келістік. Сондай-ақ, білім беру, меди­цина салаларындағы ынты­мақтастықты одан әрі жандандыру мәселелері талқыланды. Нидерланд халқының саны бізбен бірдей, ал жер көлемі Алматы облысының үштен біріндей ғана. Сөйтіп отырып, осы елдің экономикада өте биік нәтижеге қол жеткізіп келе жатқаны бізді қызықтырады, дей келіп, Н.На­зарбаев экономикалық дамудың кілті ашықтықта екеніне тоқталды. Бірде-бір жабық, томаға-тұйық отырған мемлекеттің дамығанын көрген емеспіз, тек алыс-жақын көршілерімен де, бүкіл әлеммен ашық болып, экономикалық ынтымақтастық орнатқан мемлекет қана дамудың жоғары деңгейіне жете алады, деді Қазақстан Президенті.   Әлемді алаңдатқан мәселе Одан әрі Елбасы қойылған сұрақтарға сәйкес саммит бары­сындағы Украина-Ресей мәселе­сінің талқылануына тоқталып өтті. Бұл мәселе қазір дүниежүзін алаңдатып отырғандықтан, оны аттап кетуге болмайды, деп бас­тады өзінің сөзін Президент. Оның үстіне Қазақстан осы мәселелерге тікелей болмаса да жанама араласып, эпицентрінде отырған мемлекет болғандықтан, бізге бұл мәселедегі тұрақты ұстанымымызды айтуға тура келді. Қазір Қазақстан – әлемге танымал мемлекет, сондықтан да біздің араағайындық рөлді атқаруымызды қалайтындар көп. Өздеріңіз көріп отырсыздар, кеше мен бүгін барлық ірі мемлекеттердің басшыларымен кездестім. Кездесулердің бәрі сол жақтардың бастамасымен болды және барлық кездесулерде де Украина мәселесі қаралып отырды. Әрине, Қазақстан бұл мәселеге орай өзінің ресми ұстанымын жариялады, оны сіздер білесіздер. Егер біразырақ жақын тарихқа тоқталар болсақ, ТМД елдері өздерінің тәуелсіздігін жариялаған кезде Украина 15 республиканың арасында барлық жағынан Ресей Федерациясынан кейінгі екінші орын алатын. Біз оны өскен-өнген мемлекет деп санайтынбыз. Енді ше... 50 миллион халқы бар, ең құнарлы жері бар, көптеген металлургия, көмір комбинаттары, зымыранға дейін шығара алатын индустриясы бар дамыған ел болды. Сондай, тәуелсіздік мәресінен өтерде бізге қарағанда әлдеқайда әлеуетті елдің қазіргі экономикасы Қазақстаннан 30 пайызға төмен. Оған толып жатқан себептер бар. Соның ішінде алдымен әлі күнге шекарасы шегеленбегенін айта кеткен жөн. Барлық басшылары біресе анда, біресе мында тартып, халықты әрі-сәрі қылды. Қоғамдағы тұрақтылық пен төзімділікті сақтауға көңіл бөлінген жоқ. Жүргізген саясаттарында үнемі Ресейге қарсылық көрсетіліп отырды. Әрине, біз біреулерді жақтап, екіншілерін қаралай алмаймыз. Ресейлік сая­саткерлер тарапынан да қате­ліктерге жол берілгені жасырын емес, деді Н.Назарбаев. Екіншіден, деп жалғады ойын Қазақстан Президенті, көпэтносты мемлекетте елді жікке бөлуге, біреудің құқын таптауға болмайды. Украина да көпэтносты мемлекет, онда украиндармен қатар орыстар, поляктар, татарлар және басқалар тұрады. Ал Майданға шыққан украиналық саясаткерлер, тіпті, 12 миллиондай орыс азаматтарының ана тілінде сөйлеу құқын шектеп, азаматтық құқын тартып алуға дейін барды. Сөйтіп, экономикалық жағдайы нашар, әлеуметтік қорғалуы төмен ел енді осындай саясат жүргізіп отырса, ол елдің халқы толқымай қоя ма? Украина бізге жақын мемлекет, оның үстіне Қазақстанда украин ұлтының жарты миллионға жуық өкілдері бар. Сондықтан ондағы жағдайға біз де алаңдаушылық білдіреміз. Украина мәселесіне біржақты ақ немесе қара деп қарауға болмайды. Өйткені, оның тарихи, геосаяси, қарым-қатынастық және т.б. жағдайлары бар. Бүгінгі қалыптасқан ахуалды түзетуге болмайды, біздіңше, алда тек осы дағдарыстан қалай дұрыс жолмен шығу мәселесі тұр. Осы орайда халықаралық нормалардың бұзылғандығы көлденең тартыла береді. Алайда, қазір халықаралық құқықтарды бұзу жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жоқ па? Алысқа бармай айтатын болсақ, Ливияға шабуыл жасағанда халықаралық норма бұзылмады ма? БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі ұшақтардың ұшуын бақылауға ғана рұқсат берген еді, іс жүзінде олар Ливияны бомбалады. Бұл құқық Иракта да, басқа елдерде де бұзылды. Осы жолы оны алдымен Украинаның өзі бұзып отырғаны бекер емес. Өйткені, заңды жолмен сайланған билікті күш көрсету жолымен орнынан тайдырды. Сондықтан бүгінгі билікті толығымен заңды деп атауға болмайды. Біз алдымен заңды жолмен жаңа президент сайланып, содан кейін Ресеймен келіссөздер жүргізілуі керек деген ұсыныс жасайтынымызды білдірдік. Халықаралық ұйымдар бұл жұмыстарға белсене қатысып, арасында делдал болып отырулары керек. Ал баяғы күш көрсету сарынына салып, мына жақтан Батыс санкция жасаймыз деп қорқытса, ана жақтан Ресей оған қарсы қиғаштықтар білдіре берсе, одан ешқандай пайда шықпайды. Тек дағдарыстан бейбіт жолмен шығу тәсілдерін іздеу керек, деді Елбасы.   Құқы бұзылмағанның бірлігі мығым Осыдан кейін Президент Қа­­­зақ­станның шек­арасын ше­гендеп алғаны, елдегі тыныш­тықты сақтау жолында ешкімнің құқын бұзбау саясатын жүргіз­­­гені ұтымды болғанын атап өтті. Біз көршілерімізбен көпвек­торлы саясат жүргізудеміз. Ішкі тұрақтылықты барлық этнос­­­­­тар­дың тең құқылығы мен өзара төзімділігін қатаң сақтау саясатын жүргізу арқылы ұстап отырмыз. Қазақстан халқы Ассам­блеясының жұмысын көптеген елдер қазір үйреніп, өздеріне үлгі етіп отыр. Тек осындай жағдай болғанда ғана мемлекет дами алады. Бейбітшілік тек адамдардың бір-бірін сыйлаған жағдайында, құқын бұзбаған жағдайында ғана мызғымайды, деді Елбасы. Президентке Ресей мен Украи­­на арасындағы салқындық Еура­зиялық интеграциялық үдеріс­тердің одан әрі дамуына теріс ықпалын тигізбей ме деген де сұрақ қойылды. Әрине, біз Украинаның Еуразиялық интеграциялық үде­рістерге қатысқанын қалаймыз, алайда, енді ол мүлде болмайты­ны белгілі. Бірақ қалған үш елдің арасындағы интеграциялық үде­ріс­тердің тереңдей түсуіне ол теріс ықпал жасай алмайды. Мен мамыр айының аяғын­да Аста­нада Еуразиялық эконо­ми­ка­лық одақтың негізгі келісіміне қол қойылатынына үміттімін. Әри­не, бұл мәселеге қатысты әр­түрлі пікірлер бар. Ресей мен Украи­на арасындағы кикілжің жұрт­­тың бәрінің, соның ішінде біздің азаматтарымыздың да алаңдаушылығын тудырғанын білемін. Кеше мен Финляндия Республикасының Президентімен кездескенімді білесіздер, міне, сол кісі де бұл іске алаңдау­шы­лығын білдіретінін айтты. Біз оның бәрін біліп отырмыз. Бірақ біздің экономикалық одақта ҰҚШҰ келісімдерінің аясында Қырымдағыдай жағдай ешқашан болмайды. Интегра­ция үдерістеріне қарсылар тәуел­сіздікке қауіп төнбей ме деген қорқыныштар айтады. Алайда, бүкіл әлемде тек интеграция жолына түскен мемлекеттердің ғана қатты дамып отырғанын көріп отыр емеспіз бе? Томаға-тұйық, өзін өзі арандармен қоршап алған елдер ешқашан дами алмайды. Мысалы, Марко Полоның алдынан қазақ даласында кедендік кедергілер тұрған болса, ол ешқашан Қытайға жете алмаған болар еді. Біз – теңізге шыға алмайтын, құрлықтағы елміз. Қара теңізге дейін тауарларымызды жеткізу үшін бізге 2 мың шақырымдай жер жүру керек. Егер осы жолда бізге кедендік кедергілер қойылып, баж салығын төлейтін болсақ, біздің тауар­лары­мыз екі есе қымбаттап, ешкім алмай­тын халге жетеді, деді Н.На­зарбаев. Одан әрі Президент инте­грациялық үдерістер тек қана эко­номиканың дамуы үшін жасалатынын, одан тәуелсіздікке ешқандай нұқсан келмейтінін айтты.   G-Global – болашағы зор бастама Батыстың Ресейге қарсы жа­саған санкциялары бізге зиянын тигізбей ме деген сұраққа Ел­басы оның қатері жоқтығын айтты. Әзірге ешқандай экономи­­­ка­лық санкция жоқ, тек кейбір тұл­ғалардың Еуропа мен АҚШ елдеріне кіруіне ғана шек қойыл­­ған санкциялар жарияланды. Оның бізге тигізетін зияны жоқ, деді Н.Назарбаев. Алайда, эконо­микалық санкциялар жарияланып, ол Ресей экономикасына зиянын тигізсе, біздің де жапа шегетініміз анық. Сондықтан да біз экономикада көпвекторлы саясат ұстанып отырмыз, дей келіп, Қытайға, одан әрі Тынық мұхитқа, екінші жақтан Түрікменстан арқылы Иранға, одан әрі Парсы шығанағына шығу жолдары қарастырылғанын айтты. Көліктік бағыттарды әртараптандыру қатарына Каспий теңізі арқылы Бакуден Еуропаға шығу жолдары да енетінін жеткізді. Мұның бәрі болуы мүмкін түрлі қиыншылықтардың алдын алу үшін жасалған амалдар. Бірақ мен Ресейге қарсы экономикалық санкциялар бола қояды деп ойламаймын. Менімен сөйлескен мемлекет басшыларының сөздеріне қарағанда, қазір алғашқы екпін біршама бәсеңдеп қалған секілді, деді Президент. Н.Назарбаев сөзінің соңында 100 жыл бұрынғы оқиғаның, яғни дүниежүзілік соғыстың басталу мүмкіндігі қазір болмайтынын айта келіп, өзі ұсынған G-Global ұсынысына интерактивті түрде 190 мемлекеттің қатысып, оның өміршең болғанын жеткізді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан» – Гаагадан (Нидерланд). ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.