Қазақстан • 16 Ақпан, 2022

Ақыл – айбынымыз, кітап – байлығымыз

520 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Артық білім – кітапта» екенін ересек қауым жақсы білгенімен, жас ұрпақ әлі де болсын әлеуметтік желілердегі, интернет кеңістігіндегі қызылды-жасылды арзан ойын-күлкіге құмар. Өскелең ұрпақ жата-жастанып кітап оқудың орнына алтын уақытын алдамшы қызыққа алмастырып әлек. Бұдан тұп-тура екі жыл бұрын осы олқылықтың орны толар сәт пайда болып, елімізде «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алынған болатын. Содан бері бірер жыл өтті. Не өзгерді, неге қол жеткіздік?

Ақыл – айбынымыз, кітап – байлығымыз

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тағы бір маңызды міндет – мектеп кітапханаларының кітап қорын жаңалау және толықтыру. Қазір бұл кітапханалардың қоры ескірген әрі жұтаң. Әсіресе көркем туындылар мен тартымды әдебиеттер тапшы. Қазақ тіліндегі тиісті әдебиеттер өте аз немесе мүлдем жоқ. Оқушылар­дың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермей­ді», дей келе еліміздің Білім және ғылым министрлігіне тиісті тапсырмалар берген болатын. Осы орайда оқушылардың біліміне білім, ақылы­на ақыл қосатын «Оқуға құштар мектеп» жобасы әзірленіп, қолданысқа енгізілді.

Бұл жоба жоқтан бар жасау, болмаса қағаз жүзінде ғана іске асатын көзді алдау әрекеті емес. «Оқуға құштар мектеп» дегеніңіз ең алдымен мектеп кітапханаларын көркем әдебиетпен толықтыру, оқушыларды кітап оқуға тарту, оны әдетке айналдыру үшін түрлі іс-шаралар өткізу, кітапханаларда қолайлы жағдай жасау, жөндеу және жабдықтау, кітапханашылардың біліктілігін арттыру сынды ауқымды жұмыстарды қамтитын мәні мен маңызы бөлек бастама.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Біз қойылған міндетті орындап жатырмыз, қазірдің өзінде оң нәтижелер бар деп айтуға болады. Жоба іске асырылғаннан бастап мектеп кітапханаларында көркем әдебиет саны айтарлықтай өсті, оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Егер бұған дейін қазақ тіліндегі әдебиеттер аз болса, қазір кітап қорының басым бөлігін мемлекеттік тілдегі әдебиеттер толықтырды. Сонымен қатар тек қазақстандық авторлардың ғана емес, әлемдік әдебиет туындылары да бар. «Оқуға құштар мектеп» – өте маңызды жоба, сондықтан бұл жұмысты жалғастыру қажет», дейді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Мәселен, былтыр қазан айында аталған жоба аясында еліміздегі мектеп кітапханаларына 2,5 млн-ға жуық көркем әдебиет сатып алынды. Аталған кітаптардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Павлодар облыстарында сатып алынып, кітапхана қорының басым бөлігі мемлекеттік тілдегі әдебиеттермен толықтырылды. Республикалық ғылыми-практикалық білім беру мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрлановтың айтуынша, осы жобаны іске асыру кезеңінде мектеп оқушыларының кітапханаға деген қызығушылығы арта түсті. «Осы оқу жылынан бас­тап Түркістан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында бір оқушы кітапханаға орта есеппен 10 реттен астам, ал Алматы, Шымкент қалаларында, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау және басқа да облыстарда 6-9 рет барған. Бұл балалардың көркем әдебиетке көбірек қызығушылық таныта бастағанын көрсетеді», дейді Е.Нұрланов.

Расымен де, «Оқуға құштар мектеп» жобасы қолға алына бастағаннан бері мектеп кітапханалары мен ондағы орындар саны көбейді. Мектептерде балалардың кітап оқуы үшін қолайлы жағдай жасалып жатыр. Әрине, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында қолға алынып жатқан өзге де іс-шаралар, түрлі тәсілдер, тың бастамалар жетіп артылады. Оның барлығын тілге тиек ету мүмкін емес. Ең бастысы, ертеңгі ел жастары көзі ашық, көкірегі ояу болып өсуі үшін мемлекет тарапынан маңызды қадамдар жасалып жатыр. Өскелең ұрпақ осыны түсініп, бағалауы керек. Ол үшін ұстаздар, кітапханашылар, ата-аналар қауымы аянбай тер төгіп, жас буынды кітап оқуға қызықтырудың, ынталандырудың жолын табуы қажет. Жаңа Қазақстанды бүгінгі аға буын келешек жас ұрпаққа сапалы білім, тағылымды тәрбие берумен қалыптастырады.

 

Ақтоты ТЕЗЕКБАЕВА,

Ынтымақ жалпы білім беретін мектептің директоры

 

Қарағанды облысы,

Жаңаарқа ауданы