Қазір арагідік «Атамекенді» де реформалау туралы әңгіме айтылып жүр. Бірақ палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов «Атамекеннің» цифрлы бағыттағы трансформациясы 2018 жылы басталғанын жеткізді. «Бизнеске арналған үкімет» цифрлы экожүйесі – сол уақыттан бері жүргізілген жұмыстың нәтижесі.
– Бұл платформа арқылы кәсіпкерлер «бір терезе» қағидаты бойынша 600-ден астам мемлекеттік қызметті ала алады. Ұлттық палатаның қолдауы мен қызметтері де осында топтастырылған. Биыл жаңа жүйеге қолдауға мұқтаж шағын және микро бизнестің 1 млн-нан аса субъектісін енгізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай алаңның біздің елде баламасы жоқ. Платформаны қолдану оңай әрі ыңғайлы. Осы жылдың 1 сәуірінен бастап кәсіпкерлердің бір тобы платформада тестілеу режімінде жұмыс істеп көре алады, – деді А.Мырзахметов.
Цифрлы экожүйе шамамен 1,5 млн бизнес субъектісін (оның 83 пайызы шағын бизнес), жеке қосалқы шаруашылықтарды, кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қамтиды. Бірыңғай цифрлы терезеде келесідей қызметтер көрсетіледі: мемлекеттік қызметтер мен қолдау шаралары (364 мемлекеттік қызмет, 248 қаржылай, мүліктік және қаржылай емес көмек, инфрақұрылымдық қолдау шаралары); «Атамекеннің» қызметтері (70-тен астам заңнамалық функция: НҚА сараптамасы, қорғау, сертификаттау); коммерциялық сервистер (ERP-платформа, CRM жүйесі, эскроу келісімшарттар, онлайн-касса, B2B транзакциялары, B2C, маркетплейстер).
Порталды қолдану үшін «Бизнеске арналған үкімет» сайтында электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы бір рет тіркеуден өту керек, egov, elicense, online.damu.kz секілді мемлекеттік қолдау шараларын ұсынатын сервистерді порталдан шықпай-ақ пайдалануға болады. Сондай-ақ мұнда 4 сатып алу алаңын пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қызметтер, «Атамекеннің» қолдау шаралары мен сервистерін қоса алғанда 632 сервис қолжетімді болады. Бұған қоса порталды 215 ақпараттық жүйемен және деректер базасымен интеграциялау жоспарланған.
– Экожүйе кәсіпкерлердің өмірін жеңілдетеді. Өйткені кәсіпті енді қолға алған адам неден бастау, кімге жүгіну керегін білмей жатады. Біз кәсібімізді жеке қосалқы шаруашылығымыздан бастадық. Қазір асыл тұқымды мал басын сатып алуды жоспарлап отырмыз. Біз үшін порталда қолдау шаралары, субсидия бойынша көп пайдалы ақпарат болады деп ойлаймыз. Мұндай платформаның әзірленгені өте дұрыс, – дейді «Алмажай» ЖШС-нің директоры Гүлмира Маусымбаева.
А.Мырзахметов түсіндіргендей, кәсіпкерлер қандай да бір ақпарат алу үшін интернетті шарлап, уақыт жоғалтпайды. Жұмыстың бәрі кәсіпкердің жеке кабинетінде жүргізіледі. Әрбір пайдаланушыға оның сұрауына қарай сала, қызмет түрі, бизнес нысаны және қажеттілік негізінде жеке атаулы қызметтер іріктелетін болады. Бұдан басқа бизнесменнің нормативтік-құқықтық актілерді сараптауға тікелей қатысуға, бизнес-петицияларды іске қосуға, мемлекеттік органдар мен ұлттық палатадан алынған шешімдерге шағым жасауға мүмкіндігі бар.
– Шағын бизнес өкілдерінде үрей басым. Өйткені шағын бизнес көмек алуға әдеттенбеген. Біз жұмыс істеуге ешкім кедергі келтірмесе екен дейміз. Талап-тілегімізді Үкіметке жеткізуге тырысып жатырмыз. Бұл ретте жаңа платформа кәсіпкерді мазалайтын нақты мәселені жоғары жаққа жеткізуге көмектеседі деп сенемін. Платформада сот шешімдерінің базасы болса деген тілек бар. Өйткені әр ауданда ұқсас мәселелер бойынша түрлі шешім қабылдануы мүмкін екенін жақсы білеміз. Сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілер үшін дауыс беруге қатысу мүмкіндігі қарастырылғанына қуаныштымыз. Себебі қазір жүйе өте күрделі. Егер платформа ыңғайлы болса, алға ілгерілеу болады. Электронды құжаттама да ыңғайлы болса деген тілек бар. Кәсіпкерлер гранттар, субсидиялар және несиелер туралы ақпаратты қиналмай алса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді кәсіпкер Марина Бошель.
Порталда жеке кабинетті заңды тұлғалар мен олардың филиалдары, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермерлік қожалықтар, өзін өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғалар, қауымдастықтар мен одақтар құра алады. Ыңғайлы болуы үшін жеке кабинетте жеке менеджер арқылы мәселені немесе сұрақты жедел шешуге арналған терезе бар. Сонымен қатар жол нұсқаушы қызметі де ұсынылған. Барлық қызметті компьютерден де, мобильді нұсқасынан да алуға болады.
– Бұл жердегі ең басты мәселе – ашықтық. Кәсіпкердің барлық жеке дерегі сақталып тұрады. Сонымен қатар цифрлы операциялардың сақталған деректері бойынша бизнес иесі қандай да бір шешімге арызданып, оған қызмет көрсеткен біліксіз қызметкерге шағымдана алады. Шағым конструкторының көмегімен немесе 1432 колл-орталығына жүгіну арқылы өтінішке жауаптың қайтарылмағаны туралы хабарлауға мүмкіндік бар, дейді А.Мырзахметов.