Кино • 16 Ақпан, 2022

«Берлинале – 2022»: Қазақстан фильмдері қалай таныстырылды?

234 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Таяуда 72-Халықаралық Берлин кинофестивалінің және оның аясында өтетін Еуропалық кинонарықтың (EuropeanFilmMarket) ашылуы болды. Біздің еліміз үшін бұл іс-шара шын мәнінде бірегей, себебі, Қазақстан алғаш рет халықаралық сатып алушыларға 30-дан астам фильмнен тұратын топтаманы ұсы­нып отыр. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өз стендінде осындай ауқымды қазақстандық кино өнімдерінің санын қамтыды.

«Берлинале – 2022»: Қазақстан фильмдері қалай таныстырылды?

Қазақстанның биылғы EFM-ге қаты­суының мәні мынада – Берлиналеге қаты­сатын жұмыстардың фестивальдегі табысына сүйене отырып, жалпы қа­за­қстандық кино өнімдеріне қызы­ғу­шылықты арттыру. Берлинале фести­валінің бағдарламасына енген үш картина әлемдік кинобизнес өкілдерінің қазақстандық кинематографқа назар аударуына түрткі болары сөзсіз. Оның екеуі – Дәрежан Өмірбаевтің «Ақын» және Фархат Шәріповтің «Схема» көркем фильмдері. Екеуі де Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көме­гімен түсірілген. Үшіншісі – Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» әлеуметтік драмасы.

Forum секциясында ұсынылатын «Ақынның» бұған дейінгі фестивальге қатысқан тәжірибесі бар. Картинаның тұсаукесері өткен жылдың соңында Токио кинофестивалінде өтіп, оның авторлары үздік режиссура үшін сыйлық иеленген болатын. Ал «Схема» туындысы (Generation 14+ секциясының қаты­су­шысы), өткен жылдың желтоқса­нында ұйымдастырылған Мәскеу кино­нарығында мамандардың назарын аударған. Берлин фестивалі мен кино на­рығы аясында фестиваль қаты­су­шыла­рына, дистрибьюторларға жә­не баспасөз өкілдеріне арналған көрсеті­лімдерді қоса алғанда, әр картина жеті рет көрсетіледі. Сатып алушылардың назарына ұсынылатын үлкен тізімге енген кейбір туындыларға тоқталып өтейік.

Алдияр Байракимовтың «Паралим­пиадашы» фильмі шынайы оқиғаға негізделген. Режиссерді қысқы Пара­лим­пиада ойындарының алғашқы қа­зақ­стандық чемпионы Александр Коля­диннің тағдыры шабыттандырған.

Ернар Нұрғалиев түсірген «Алға» атты тағы бір спорттық драмада әкелерін жоғалтқан екі ағайындының үлкен спорт арқылы өз өмір жолын айқындағаны баяндалады. «Дос-Мұқасан» – Айдын Сахаманның мюзиклі, оның негізінде аты аңызға айналған қазақстандық ансамбль жетістігінің тарихы мен музыканттардың осы табысқа жету жолындағы басынан кешкен бұралаң тарихы тарқатылады.

Берлинде таныстырылған мемлекеттің қаржыландыруынсыз түсірілген картина­лардың ішінде прокаты табыспен өткен «Моя большая казахская семья», жас кинематографистердің дебюттік картинасы «Зере», сондай-ақ Екатерина Суворова түсірген танымал NinetyOne тобы туралы «Петь свои песни» атты деректі фильмдері бар.

Фестиваль кеше ғана басталса да бірқатар қазақстандық фильмдер­ге ха­лық­аралық сатып алушылар қызығу­шылық танытып отыр.

ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкеновтің ай­туын­ша, Киноорталық өз алдына бірың­ғай мазмұндық алаңға айна­лу мақ­сатын қойған, ол мемлекет қаржы­ландыратын фильмдерді ғана емес, тәуел­сіз өндірушілер түсірген картиналарды, бір сөзбен айтқанда, ел аумағында шығарылатын барлық контентті қамтиды. Барлық ақпарат KazakhCinema виртуалды стендінде ұсынылған.

– Берлинмен тоқтап қалмаймыз, – дей­ді Б.Шөкенов. – Әлемнің ірі ки­но­­на­рық­тарына қатысуды жалғас­ты­ра­мыз. Ал­дағы Канн фестивалінде қойы­латын Қазақ­стан павильоны – бұл да біз үшін маңызды алаңның бірі, оған біз «Қазақ­фильмді» де, ірі продакшн-студияларды да шығармақпыз. Киноорталықтың сыртқы нарыққа бірыңғай оператор ре­тін­де шыққаны дұрыс, бұл ел имиджін қалып­тастыруға үлкен септігін тигізеді және киноиндустрияның барлық қатысу­шыларына саланың біртұтас болып, бір бағытта қозғалатынын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл – бүкіл әлем ұстанатын қағидат.