Спорт • 16 Ақпан, 2022

Фристайлшылар сенімді ақтамады

171 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аптаның алғашқы күні Бейжің Олимпиадасында алты жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстандық жанкүйерлердің назары фристайлшыларға ауды. Өйткені әйелдер акробатикасынан өткен жарыста қазақстандықтар – Жанбота Алдабергенова мен Ақмаржан Қалмұрзаева өнер көрсетті.

Фристайлшылар сенімді ақтамады

СУРЕТТЕ: А.Қалмұрзаева мен Ж.Алдабергенова

Алғашқы сынақта екеуі де сүрінді. Жанбота 12-сатыға жай­ғасса, Ақмаржан 19-орында қалып қойды. Екінші іріктеу сайысында Алдабергенова біл­генінен жаңылып, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады. Ал Қалмұрзаева өз тобында үз­дік шығып, бірінші финалға жолдама алды. Бірақ шешуші тұста жерлесіміз өзін жақсы қы­рынан көрсете алмады. Екінші рет ортаға шыққанда жарысты жалғастыруға дайын болмаса, үшіншісінде тым аз ұпай жинап, қорытынды есепте 11-орынды қанағат тұтты. Бұл жа­рыста негізгі бәсекелестік қы­тайлық Сюй Мэнтао мен бело­руссиялық Анна Гуськова ара­сында өрбіді. Екеуі де өте мықты спортшы­лар. Мэнтао – Олимпия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, Гуськова – Пхенчхандағы ойындардың жеңімпазы. Өте шиеленісті өткен тартыста жергілікті фрис­­­тайлшының асығы алшысынан түсті. Беларусь өкілі кү­міспен күптелсе, қола медаль америкалық Меган Никке бұ­йырды. Біздің Ақмаржан Қалмұрзаева дәл осы АҚШ өкі­лінен екінші іріктеу сынында озған болатын.

Шаңғымен трамплиннен секірудің (HS140) командалық сайысында құрамында Штефан Крафт, Даниэль Хубер, Ян Херль және Мануэль Феттнер сынды саңлақтары бар Аустрия алдына жан салмады. Екінші және үшінші орындарда – Словения (Ловро Кос, Цене Превц, Тими Зайц және Петер Превц) мен Германия (Константин Шмид, Штефан Ляйе, Маркус Айзенбихлер және Карл Гайгер).

Мәнерлеп сырғанаудағы бишілер бәсекесінде франциялық жұп – Габриэла Пападакис пен Гийом Сизеронның бағы жанса, одан кейінгі орындарды Виктория Синицина мен Никита Кацалапов (Ресей) және Мэдисон Хаббелл мен Закари Донохью (АҚШ) еншіледі. Ал басқа спорт түрлері бойынша тек қана іріктеу сайыстары өтіп, сол сынақтан сүрінбегендер финалда күш сынасу құрметіне ие болды.

Шайбалы хоккейден өтіп жатқан жарыс та көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Қазіргі кезде ерлер арасындағы бәсе­кеде барлығы 12 құрама үш топқа бөлініп бақ сынауда. Солардың арасынан бірінші орын алғандары тікелей ширек финалға жолдама алды. Олар – АҚШ, Финляндия, Швеция және Ресей құрамалары. Кеше түнде Дания мен Латвия, Чехия мен Швейцария, Словакия мен Германия және Канада мен Қы­тай хоккейшілері өзара күш сынасты. Ширек финалдық са­йыс­тар бүгін өтеді. 18 ақпанда жартылай финалды тамашалаймыз. Ал 19 және 20 ақпан күндері Олимпия ойындарының жеңімпазы мен жүлдегерлері анықталады.

Әйелдер арасындағы хок­кейшілер жарысының жартылай финалдық сайыстары аяқталды. Бұл межеде Канада Швейцарияны 10:3 есебімен ұтса, АҚШ Финляндиядан айла­сын асырды – 4:1. Енді ер­тең көршілес екі мемлекеттің өкіл­дері бас жүлдені өзара сарап­қа салады. Жеңіліс тапқан командалар қола медаль үшін таласады.

Жалпы есепте әлі де Нор­вегия алда келеді. Олар 9 алтын, 5 күміс және 5 қоланы олжалады. Басты қарсыластарынан Германияның бір бас жүлдесі кем. Одан бөлек, немістерде 5 күміс пен 2 қола медаль бар. АҚШ (7+6+3) үшінші орынға жайғасса, Нидерланд (6+4+2) пен Аустрия (5+6+4) төртінші және бесінші сатыларға табан тіреді. Сондай-ақ Швеция (5+3+3), Қытай (5+3+2), Ресей (4+6+8), Франция (3+6+2) және Швейцария (3+0+5) озық он команданың қатарында. Осы жарыста барлығы 21 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 26 елдің туы биікте желбіреді. Өкінішке қарай, олардың қатарында Қазақ­станның спортшылары жоқ.