1950 жылы тұсауы кесілген бұл дода әуесқой бокстан Еуропадағы ең көне халықаралық жарыстың бірі саналады. Сол жылы ұйымдастырылған алғашқы турнирде барлық салмақта жергілікті спортшылар жеңімпаз атанып, Христо Попов бәсекенің ең үздік боксшысы деп танылды. Уақыт ұзаған сайын Странджа мемориалының географиясы кеңейіп, турнирге алыс-жақын шетелдің боксшылары да қатыса бастады. Ал Сары құрлықтың ең үздік құрамалары саналатын Қазақстан, Өзбекстан, Үндістан, Таиланд, Моңғолия, Қытай, Оңтүстік Корея, Иран, Қырғыз Республикасы секілді елдердің боксшылары бұл додаға сәл кейінірек қосылды.
Халықаралық турнирдің қанаты кеңге жайылып, мәртебесінің артуына бұрынғы және қазіргі бокс жұлдыздары зор үлес қосты. Атап айтқанда, Болгариядағы бәсекеге әр жылдары Хельсинки Олимпиадасының қола жүлдегері Анатолий Булаков, Мәскеу Олимпиадасының чемпиондары кубалық Армандо Мартинес пен болгариялық Петар Лесов, Атланта Олимпиадасының жүлдегері Тончо Тончев, кәсіпқой бокстың аса ауыр салмағындағы әлемнің экс-чемпионы болгариялық Кубрат Пулев, Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері британиялық Амир Хан, Олимпиада және әлем чемпиондары ресейлік Александр Поветкин мен италиялық Роберто Каммарелле, Олимпиада жеңімпазы, кәсіпқой бокстан әлемнің абсолютті чемпионы украиналық Александр Усик, үш дүркін Олимпиада, бес дүркін әлем чемпионы кубалық Феликс Савон және тағы басқа боксшылар осы турнирде өнер көрсетіп, жүлдеге таласқан болатын.
Ал жарыстың ең көп жеңімпазы кімдер деген сұраққа келсек, қазіргі таңда небәрі төрт боксшы ғана халықаралық жарыста екі реттен көп бас жүлдені жеңіп алған. Оның үшеуі болгариялық боксшылар болса, біреуі үндістандық спортшы. Мәселен, Цачо Андрейковский (1974, 1976, 1978, 1979) мен Даниил Петров (1994, 1997, 1998, 1999) бәсекенің төрт дүркін жеңімпазы саналады. Тағы бір жергілікті боксшы Серафим Тодоров (1989, 1993, 1996) үш рет тұғырдың ең биік сатысынан көрінген. Ал үндістандық Амит Пангал бұл турнирде 2018 және 2019 жылдары қатарынан екі рет өз салмағында үздік шыққан.
Болгария бокс федерациясы таратқан ақпарат бойынша, биылғы турнирдің уақыты бір аптадан 10 күнге дейін ұзартылып, жекпе-жектер Софиядағы «Миллениум Гранд» қонақүйінде өтеді. Сондай-ақ Халықаралық бокс федерациясы (IBA) жарыс жеңімпаздарын ынталандыру үшін ірі көлемде қаржылай сыйақы тағайындап отыр.
Азия бокс федерациясының мәліметінше, Болгариядағы бәсекеде Сары құрлықтың кейінгі онжылдықтағы ең мықты боксшылары қатысады деп күтілуде. Әлемдік бокс державаларының бірі саналатын Қазақстан құрамасы сапынан аталған жарыста 26 боксшы (ерлер және әйелдер) шаршы алаңда өнер көрсетеді. Олардың қатарында былтырғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан мен жастар арасындағы әлем және Азия чемпиондары да бар.
Ал Өзбекстан құрамасы Болгарияға 26 боксшы апармақ. Ала тақиялы ағайындар бұл турнирде тәжірибелі боксшылары мен жас таланттарына үміт артады. Атап айтқанда, алдағы жарыста былтырғы әлем чемпионатының жүлдегерлері Абдумалик Халаков пен қандасымыз Мадияр Сайдрахимов, Рио Олимпиадасының жеңімпазы Хасанбой Дусматов және Азия чемпионы Саиджамшид Жафаров бақ сынайды.
Былтырғы Strandja-2021 турнирінде жерлестеріміз аса сәтті өнер көрсетті деп айта алмаймыз. Өйткені Токио Олимпиадасына байланысты бірінші нөмірлі боксшылар бұл турнирге қатысқан жоқ. Бапкерлер құрамы Болгарияға негізінен жас боксшыларды алып барды. Олар: Олжас Байниязов, Бейбарыс Жексен, Саматәлі Төлтаев, Қуан Қуатов, Нұрқанат Райыс, Бауыржан Байғоншеков, Сағындық Тоғамбай, Айболды Дәуренұлы және Әділ Басығараев. Турнир қорытындысы бойынша 9 боксшымыздың тек екеуі ғана жүлдеге ілікті. 75 килода жұдырықтасқан Нұрқанат Райыс пен жастар арасындағы Азия чемпионы Бейбарыс Жексен (57 кг) қола медаль иеленді.