Спорт • 16 Ақпан, 2022

Қазақстанның самбошылары Минскідегі жарыстан олжалы оралды

413 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Минскідегі «Чижовка-Арена» спорт кешенінде самбо мен жауынгерлік самбодан Беларусь елі президентінің жүлдесі үшін Еуропаның ашық кубогы өз мәресіне жетті. Бұл жарыста жергілікті балуандардан бөлек, тағы бірқатар мемлекеттің өкілдері күш сынасты. Солардың арасында Қазақстанның да өрендері бар.

Қазақстанның самбошылары Минскідегі жарыстан олжалы оралды

Ерлер арасындағы бәсекеде Нұрдәулет Әйімбетов (58 кило) пен Парасат Жұмабай (64 кило) жүлдегерлер қатарынан көрінді. Екеуі де қола медальді иеленді. Әйелдер сайысында да қос самбошымыз жеңіс тұғырына көтерілді. 57 кило салмақтағы Гүлдана Әлмұхамбетова ақтық сынға дейін алқындай жеткенімен, шешуші тұста беларуссиялық Алена Купаваның осал тұсын таба алмады. Нәтижесінде ол күміс медальді иеленді. Ал жартылай финалда ұтылған Маржан Бизақ (59 кило) үшінші орынға табан тіреді.

Жауынгерлік самбодан өткен жарыста Қазақстанның ұлттық құрама командасы мол олжаға кенелді. Біздің жігіттер 1 алтын, 3 күміс және 4 қоланы олжалап, аталған турнирдің жалпы есебінде үздіктер санатына қосылды. Әсіресе, Талғат Жиентаевтың өнеріне ерекше риза болдық. +98 кило салмақта күш сынасқан нар тұлғалы қандасымыз барлық қарсыласын қоғадай жапырып, ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Финалда Талғат өзінің командалық әріптесі Константин Рахимовты жеңіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Бір айта кетерлігі, бұл спортшылардың екеуі де Қостанай облысының тумалары.

Константин Рахимовтан бөлек, Еркебұлан Қуанғалиев (58 кило) пен Мәлік Байсұлтанов (64 кило) күміспен күптелді. Финалда олар Ресейдің атақты балуандарынан айлаларын асыра алмады. Атап айтсақ, Мәлік Александр Донцовқа, Еркебұлан Владимир Лимановқа жол берді. Ал Нұркен Домбаев (58 кило), Әділ Асанхан (58 кило), Жарасхан Саматов (71 кило) және Тимур Мукхеев (98 кило) қола медальді мойындарына ілді. Сөйтіп, қорытынды есепте отандастарымыз 1 алтын, 4 күміс және 7 қола медальді еншіледі. 

Минскідегі жарыс кезінде Қазақстан Республикасы самбо және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов Халықаралық самбо федерациясының вице-президенті (FIAS) Сергей Елисеевпен кездесті. Қос тарап спорттың осы түрін дамыту жолында қандай ауқымды шаруалар атқарылып жатқаны жайында айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, осы кездесу барысында Ақжанов мырза биылғы жылғы Азия чемпионатын Ақтауда және Азия кубогын Нұр-Сұлтанда өткізуге ниетті екенін білдірді.

нп