Тағайындау • 16 Ақпан, 2022

Ермек Сағымбаев жаңа қызметке тағайындалды

2199 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығын басқаратын болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ермек Сағымбаев жаңа қызметке тағайындалды

«16 ақпанда Нұр-Сұлтанда Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығы құрылтайшыларының жалпы жиналысы өтті. Құрылтайшылардың жалпы жиналысының шешімімен Қауымдастық президенті лауазымына Ермек Сағымбаев сайланды», делінген Қазақстанның жауынгерлік өнер қауымдастығының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ жиналыста қауымдастықтың бірінші вице-президенті болып Мәлік Мырзалин (Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары), вице-президенті болып Берік Құнанбаев (ҰҚК төрағасының орынбасары), Серік Жарасбаев (мәдениет және спорт вице-министрі) және Сәрсен Құранбек сайланды.

Кездесу барысында қауымдастық қызметінің стратегиялық мақсаттары мен бағыттары анықталып, тиісті жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Жауынгерлік өнер қауымдастығы 2019 жылдың басында құрылды. Ұйым құрамына олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 26 федерация кіреді. Қауымдастықтың негізгі мақсаты - елдегі жауынгерлік өнерді дамыту, ілгерілету және танымал ету, өскелең ұрпақты спортпен айналысуға тарту, сондай-ақ олимпиадалық емес спорт түрлерінің имиджін арттыру. Қауымдастық каратэ, қоян-қолтық күрес, аралас ММА жекпе-жегі, грэпплинг, джиу-джитсу, самбо, панкратион, ушу, муай-тай, кикбоксинг, таэквондо, белбеу күресі, әмбебап жекпе-жек және басқа да жекпе-жектер сияқты спорт түрлерін біріктіреді.