Мазмұнды іс-шараға Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова, Қарағанды облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов, Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ұлт ұясы Ұлытау өңіріндегі Болған ана кесенесіне археологиялық зерттеу жұмыстары 2018 жылы басталып, қазба жұмыстары нәтижесінде біраз құнды жәдігерлер табылған. Бұл зерттеулер Ұлттық музейдің жауапты ғылыми қызметкері, археолог Айбар Қасенәлінің жетекшілігімен жүзеге асты. Жас талантты ғалым бұған дейінгі тарихи деректерде Болған ананы Шыңғыс ханның қызы немесе келіні деп айтылып келгенін, бірақ соңғы жылдардағы генетикалық сараптаманың алдын ала нәтижесінде ол Жошы ханның қызы деген болжамды келтіреді.
«Болған ана сүйегіне антропологиялық зерттеу Жапония мен Ұлыбританияда жасалды. Бүгінгі көрмеде Болған ананың сол кездегі жаңғыртылған бейнесін қойып отырмыз. Бұл жұмыс бірнеше антрополог және мүсіншінің көмегімен іске асты. Археологиялық қазба жұмыстары Болған ана кесенесінен бөлек, Жошы хан, Алаша хан кесенелерінде де жүргізілді» деді ол.
Сондай-ақ көрмеге Болған ана кесенесінен табылған алтын тостаған, жібек матадан тігілген шапан, ер-тоқым, қару-жарақ және тағы басқа заттар қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Ғалымдардың пікірінше, бұл жәдігерлердің бәрі Алтын Орда дәуіріне тиесілі. Археолог, реставратор, көне тоқыма технологияларының маманы Татьяна Крупа ұзындығы төрт метр болатын шапанның көшірмесін жасаған.
Мазмұнды іс-шара барысында сөз алған Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов: «Мемлекет басшысы Ұлытаудың тағылымға толы тарихын ұрпақ тәрбиесімен байланыстыра отырып, ішкі туризмді дамытуға пайдалану керегін айтқан еді. Біздің мақсат – Алтын Орда дәуірінің тарихын жұртшылық арасына кеңінен насихаттау» дей келіп, көрмеге келушілерге ризашылығын білдірді.
Болған ана бейнесінің жаңғыртылған нұсқасын жасауға гиперреалист-мүсінші Айдос Есмағамбетов екі ай уақыт кеткенін айтты.
− Бұған дейін еліміздің алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама секілді танымал тұлғалардың гипперреалистік мүсінін жасадым. Оны жасау маған қиын болған жоқ, қолымда дайын сурет болды. Ал Болған ананың мүсінін жасау үшін біраз іздендім. Археологтармен жұмыс істедім. Олар маған ғалымдар жасаған антропологиялық бейнесін әкеп берді. Сол арқылы кейіпкерімнің көзі, мұрны, қасы, қысқасы бет-әлпетін қалпына келтірдім. Оның бәрі математикалық дәлдікпен іске асты. Бізде тұлғалардың антропологиялық бейнесі шетелде жасалады да, көбінесе олар еуропалыққа ұқсап тұрады. Ал Болған ананың бейнесін шамам келгенше, өзімізге, яғни азиялықтарға жақындаттым. Мұнда Болған ананың 45 жастағы кезі, бойы шамамен 1,65 см. Бір сөзбен айтқанда, мүсінге жан бітіруге барынша күш салдым, − дейді мүсінші.