Салтанатты шараға «Қазақфильм» киностудиясы мен М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры басшылығы мен ұжымы, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының өкілдері, Шәкен Аймановтың туған-туыстары, белгілі киногерлер мен журналистер қатысты.
– Міне, 40 жылға жуық біздің киностудиямыз ұлы режиссер Шәкен Аймановтың есімімен аталып келеді. Ол біздің мәдениетіміздің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Шәкен Кенжетайұлы замандастарымен бірге ұлттық киноның берік іргетасын қалады. Сондай-ақ бүгін қазақ киносының жұлдыздар аллеясында «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде басты рөлді сомдаған Қазақстанның халық әртісі Юрий Борисович Померанцевке арналған атаулы жұлдыз жанды, – деді өзінің алғы сөзінде «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев.
– Бұл күн бәріміз үшін есте қаларлық маңызды күн. Шәкен Кенжетайұлы ойыма оралған сайын, ол кісі шығармашылығымен, жан жылуымен өз халқына қайталанбас сезімдерді сыйлай білген ұлы тұлға деген ойда боламын. Ол өз елінің патриоты болды. Оның әрбір фильмі мейірім пен махаббатқа толы, – деді, режиссердің келіні Ирина Айманова.
Аталған іс-шараға М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры Юрий Якушев қатысып, киностудия басшылығына ілтипат білдіргені үшін алғыс айтып, келесі жылы Юрий Борисовичтің жүз жылдық мерейтойы тойланатынын атап өтті.
Іс-шарадан кейін Қазақ киносының музейінде қонақтарға арналған шағын экскурсия өткізілді. Экскурсия барысында «Қазақфильмнің» президенті Ақан Сатаев жиналғандарға жаңғырту бағдарламасы бойынша киностудияға сатып алынған жаңа кинотехниканы таныстырды.
АЛМАТЫ