26 Наурыз, 2014

Діни түсіністік

565 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

01-8ел дамуының ізгілікті қадамдарына жол ашатын және ішкі-сыртқы тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды сипатқа ие болып отыр

Бүгінгідей күрделі жаһандық бәсекелестік жағдайында өзара ынтымақтастықтың, бейбіт қатар өмір сүрудің қадір-қасиетін бағалай білу­дің, тарихи, дәстүрлі құндылықтарымызды өскелең ұрпақ бойына ұялата білудің мәні зор. Күдік пен үмітке толы жаһандық өзгерістер уақытында адамзаттың ақыл-ойы ортақ үйіміз – Жер шары­ның тұтастығын, оны мекендеген халықтардың аман­дығын сәт сайын тілеулі. Олай дейтініміз, тұтас елдер мен аймақтарда қақтығыстар көбейіп, оның арты бір-біріне қару кезенген қанды соғыстарға жалғасып, геосаяси жағдай ушығып тұр. Бұған қашан аяқталары белгісіз экономикалық дағдарыстарды қоссақ, қордалы мәселелердің қатары қалың көрінері рас. Осындайда бейбітшілік пен келісім идеяларының, жаһандық конфессияаралық үнқатысу алаңдарының маңыздылығы мен өзектілігі тіпті арта түседі. Ашу-ызаны сабырға, өрекпіген көңілді ақылға жеңдіргенде ғана өзара түсіністік, тағаттылық салтанат құрып, адамгершілік нормасымен еш сыйыс­пайтын көлеңкелі әрекеттерге тыйым салынары анық. Жұртшылықты дін атын жамылып, дүрбе­леңге салып жүрген, осылайша тұрақ­ты­лығымызға үлкен қатер төндіріп отырған лаңкестердің іс-әрекеттері де алаңдат­пай қоймайды. Олардың адамның аза бойын қаза қылатын қанқұйлы қаскөйліктері жайлы ондаған мысалдар тізбелеуге болады. Сомалидегі он екіде бір гүлі ашылмаған балғындарды қырып салған қанды оқиғаны еске алсақ та жеткілікті. Шынайы дінмен үш қайнасы сорпасы қосылмайтын мұндай радикалды топтар діндер мен адамдар арасына жік салатын қауіпті элементтерге айналып, өрісін кең жайып келе жатқаны жа­сы­­рын емес. Өздерінің ұстанған теріс бағыттары мен көзқарастары үшін неден болса да тайынбайтын содырлар қимылына қарсы бірлесіп күресу тәжірибесін Қазақстан үлгі ретінде үнемі көрсетіп келеді. Елбасы дәстүрлі Жолдауында ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтардың біріне еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысу талабын атап көрсетті. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі қайта жаңару үрдістері, терең демократиялық реформалар діни құрылымды да айналып өткен жоқ. Сан, сапа жағынан өзгерді. Негізгі сипатын, түп-тамырын жоғалтпаған күйі қоғамымыздың ажырамас бөлігіне, жамағаттың рухани тірегіне, имани сеніміне айналды. Осыған орай қазақстандықтар арасында терең діни түсіністік ахуалы қалыптасты. Діни институттар, құрылымдар, конфессиялар құрылып, жергілікті жерлерде дінге деген ынта-ықылас арта түсті. Діни бірлестіктердің жұртшылық алдындағы абырой-беделі, қоғамдық өмірдің түрлі тараптарына ықпалы айтарлықтай өсті, заңдық мәртебесі нығайды. Төзімділік, жүргізіліп жатқан саясаттың ізгі сипатына сену, азаматтық келісім мен дінаралық татулықты насихаттау қашанда олардың басты мұраты болып қала береді. Қоғамымызда этносаралық және дінаралық келісімді қамтамасыз ету оның тұрақтылығы мен тиімді қарекетінің міндетті шарты болып табылатынын және мемлекеттің өте маңызды басымдықты саласына жататынын ескерсек, Қазақстанның татулықтың, мәдениеттің және діннің жаһандық үнқатысу алаңына айналғаны алдымен үлгі етілері сөзсіз. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­лары­ның Астанадағы съездері – соның ай­қын мысалы. Президенттің сындарлы сая­сатының арқасында өзара түсіністіктің, төзім­діліктің және келісімнің негізінде ұлт­ара­лық, конфессияаралық топтасудың берік негізі қаланды. Елімізде адамның өзінің діни ұғымына сәйкес өмір сүру бостан­дығы мен құқығы қатаң сақталады. Дін сала­­сындағы қарым-қатынастар арнайы заң­мен реттеледі. Нақтылы саяси жұмыста көпұлтты, көпкон­фессиялы құрамы бар зайырлы демократиялық мемлекет ретінде қандай да бір дінге басымдық беруге болмайтын тұжырым басшылыққа алынады. Қызылжар өңіріндегі діни бірлестіктер арасында да сенімді қарым-қатынас орнаған. Олардың жетекшілері мен өкілдері облыс әкімдігі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің, облыстық Ассамблеяның мәжілістеріне, басқа да қоғам­дық-саяси шараларға жүйелі қатысып, өз ұсыныс-пікірлерін ашық білдіріп отырады. Облыс аумағында 132 діни бірлестік және олардың филиалдары жұмыс істейді. 64 исламдық, 31 православиелік, 11 католиктік, 26 протестанттық ұйым бар. 65 мешіт, 27 право­славиелік шіркеу, 44 католиктер шір­­кеуі, 29 протестанттық мінәжат үйі орналасқан. Дін мен мемлекет арасындағы қа­рым-қатынас «Діни қызмет және діни бір­лес­тіктер туралы» Заңда айқын көрініс тапқан. Қолданыстағы заңнама бойынша Қазақстандағы конфессияаралық кеңістік құрамы айтарлықтай жетілдіріліп, теріс пиғылды діни ағымдардың іс-әрекетіне батыл тосқауыл қойылды. Ерекше атап өтерлігі, ел аумағындағы шетелдік миссионерлердің қызметіне барынша назар аударылып, бірқатар шектеулер белгіленді. Біз былтыр жақын және алыс шетелдерден 50-ге жуық миссионерді тіркеуге алдық. Олардың басым бөлігі рим-католик шіркеулерінің өкілдері болып табылады. Бұрындары кей шетелдік азаматтар миссионерлік қыз­мет­ті тіркеуді күтпей-ақ жал­ғас­тырса, енді жыл сайын қайта тіркеуден өтуге міндетті. Тиісті құжаттарды толық күйінде тапсыра алмағандардың өтініш­терін кері қайтаруға тура келді. Сол сияқты миссионерлердің діни мазмұндағы материалдарды және діни мақсаттағы заттарды пайдалануына сараптама жасау құқығы берілгеннен кейін жат ағымдарды тарататын, насихаттайтын әдебиеттер мен басқа да ақпараттардың күрт азайғаны байқалады. Кейбіреулердің қайырымдылық ұйымдарын ашу, болмаса олардың атын жамылу арқылы оң мен солын айыра қоймаған аңқау жастарымызды секталарға, теріс діни ұйымдарға тартумен айналысатыны жасырын емес. Олардың да жолдары кесіліп, жат ағымдарға ермеу жолдары үзбей сақтандырылады. Облыс аумағында жұмыс істеп жатқан діни ұйымдар мен миссионерлердің қызметі тұрақты бақылауда. Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзушылық сирек болса да кездеспей қалмай­ды. Ондайларға заң аясында тиісті жазалар қолданылады. Былтыр құқық қорғау ор­ган­дарымен бірлесе отырып, 35 діни ұйымдардың істерін әкімшілік сотқа жолдауға тура келді. Оларға діни бірлестіктер құру, мемлекеттік тіркеу талаптарын орындамау тән. Араларында діни кітаптарды заңсыз таратушылар да жоқ емес. Мұндай оқиға­лар Петропавл қаласында, Айыртау, Шал ақын аудандарында орын алды. Петропавл, Мамлют қалаларында «Иеһово куәгерлерінің» миссионерлік қызметпен заңсыз айналысқаны анықталды. Діни бірлестіктер мен ұйымдарға биік талап қойылып отырғандықтан, олардың жауапкершілігін арттыру–біздің басты міндетіміз. Заң бұзылған жағдайда түрлі бұра тартулар мен берекесіздіктер орын алып, адамдар мен қоғамның тыныштығын кетіретіні айтпаса да түсінікті. Өкініштісі сол, «Иеһово куәгерлері», «Благодать», «Табиғи жамағат» сияқты діни ұйымдар қоғам мен мемлекет мүддесіне зиян келтіретін заңға қайшы әрекеттерге жиі барады.Ел ішіне іріткі салмақ болған 7 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз миссионерлікпен айналысудың 21 оқиғасы әшкереленді. Экстремистік және лаңкестік бағыттағы іс-әрекеттерге барған 20 адам өңірдегі түзеу мекемелерінде жазаларын өтеуде. Олардың 14-і экстремистік және лаңкестік қылмыс жасаған. Діни экстремизмнің, теріс ағымдардың алдын алуда дәстүрге айналған іс-шараларды белсенділікпен қолданып келеміз. Солардың біріне ақпараттық-насихат топтарының ауқымды жұмыстар атқарып отырғанын айтуға болады. Облыс аумағында жұмыс істейтін 13 ақпараттық-насихаттық топтар құрамына діни сауатты, білімді, көзқарасы айқын адамдар енген. Олардың белсене қатысуымен семинарлар, конференциялар, ашық әңгімелер жүйелі өткізіледі. Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру өңірлік орталығы тарапынан арнайы курстар ұйымдастырылады. Имамдардың діни сауаттылығын арттыру тұрғындарды ұшқары идеологиядан сақтандырудың бір бағыты болып табылады. Ішкі саясат басқармасымен бірлесе отырып, қалалық және аудандық мешіттердің имамдарының білімін арттыру курсы ұйым­дастырылды. 18 имам мен наиб-имам сер­т­и­фикат алды. Курстарда Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының, “Нұр Мүбәрак” университетінің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті университеттің оқытушылары, мемлекеттік қызметшілер дәріс оқыды. “Дін және патриотизм” тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ақпараттық-түсіндіру жұмысын жандандыруда маңызды рөл атқарды. Оған аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі сая­сат бөлімдерінің басшылары, жергілікті мемлекеттік органдардың жетекшілері, “Дінтану негіздері” пәнінің мұғалімдері, жергілікті діни бірлестіктердің жетекшілері жиналып, пайдалы тағылым алды. “Ислам және дәстүр” деген тақырыпта өткізілген конференция дінаралық келісімді нығайту, діни төзбеушілік көріністеріне қарсы әрекет жөніндегі өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мәселелерін сөз етті. Басқарманың жанынан құрылған дін мәселелерін үйрену жөніндегі орталық атқаратын шаралар аясы кең. Тұтастай алғанда, басқарма мемлекеттік органдардың діни бірлестіктермен өзара іс-қимыл тәсілдерін жетілдіруді, дінаралық келісімді нығайтуды және діни экстремизмнің алдын алуды діттейтін кешенді жұмыстарды жалғастыра беретін болады. Мұратбек ЗЕЙНУЛЛИН, Солтүстік Қазақстан облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы. ПЕТРОПАВЛ.