Облыстық халық шығармашылығы үйі облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен «Ғажайып балалық» атты облыстық балалар би фестивалін өткізді. Фестивальді өткізудің мақсаты – балалардың хореографиялық қабілеттерін дамытып, қолдау көрсету болып табылады. Би фестивалінің ашылу салтанатында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан сөз сөйлеп, балауса бишілерге шығармашылық табыс тіледі.
Би өнері сайысына Ақтөбе қаласы және Әйтеке би, Ойыл, Мәртөк, Қобда аудандарының 11 би ұжымдарынан кіші, орта, ересек топтардан тұратын 200-ден астам балалар қатысты. Бәйге шарты бойынша қатысушы би ұжымдары екі тақырыптық, сюжеттік билерін биледі.
Қазылар алқасы би ұжымдарын орындаушылық шеберліктері, шығармаларының композициялық құрылымы мен сахналық қимылы және киім үлгісі бойынша бағалады. Жарыс қорытындысында «Ең үздік балалар биі» аталымы бойынша кіші топта облыстық халық шығармашылығы үйінің «Фрески» би ансамблі, орта топта Ақтөбе қалалық оқушылар сарайының «Еңлік» би ансамблі, «Ең үздік би ұжымы» номинациясы бойынша ересек топта облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының «Айгөлек» би ансамблі, Ойыл ауданының «Әсем» би ансамблі, «Ең үздік костюм» аталымы бойынша ересек топта қала маңындағы Ясное ауылындағы Ақтөбе орта мектебінің «Шашу» би ансамблі, кіші топта Әйтеке би ауданының «Наз-Ерке» бишілер тобы жеңімпаз болды. Жеңімпаздар мен қатысушылар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.