Білім • 17 Ақпан, 2022

Ресейдің үздік университеті Академиялық адалдық лигасына мүше болмақ

331 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

290 жылдық тарихы бар ресейлік жетекші жоғары оқу орындарының бірі Санкт-Петербург Мемлекеттік Университетінің өкілдері Қазақстанмен іскерлік байланыс орнатып, Академиялық адалдық лигасына мүше болу мақсатымен келді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ресейдің үздік университеті Академиялық адалдық лигасына мүше болмақ

Сапар барысында федералдық мемлекеттік бюджеттік жоғары білім беру мекемесі «Санкт-Петербург мемлекеттік университеті» мен «Академиялық адалдық лигасы» арасында құжатқа қол қойылды.  

Аталған құжат өзара тиімді, ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтуға бағытталған. «Академиялық адалдық лигасы» жалпы жиналысының төрағасы Сергей Пеннің айтуынша, лига қазақстандық университеттермен ғана шектелмей, көршілес елдердің үздік оқу орындарымен мүшелерінің қатарын көбейтуде. Мысалы, ресейлік әріптестерімен қатар өзбекстандық жоғары оқу орындары да лиганың қызметіне жоғары баға беріп, мүшелік етуге ниетті екенін білдірген.

Қазақстанның 11 үздік жоғары оқу орны Лиганың мүшелері болып табылады. Олар қазіргі таңда Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен «Атамекен» ҰКП дайындаған ЖОО рейтингісінде алғашқы орындарды иеленген.