Қазақстан • 17 Ақпан, 2022

Митингіге шыққандардың бәрі лаңкес пе?: Президент жауап берді

3253 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында «Қаңтар қасіреті» жайлы сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Митингіге шыққандардың бәрі лаңкес пе?: Президент жауап берді

Президент бастапқыда ұйымдастырылған бейбіт шерулердің мүлдем басқа арнаға бұрылып кеткенін айтты.

– Әрине, бастапқыда бейбіт шерулер болды. Мұны бәріміз көрдік. Еліміздің әр аймағында азаматтар алаңға жиналып, өз талаптарын айтты, тіпті, наразылықтарын білдірді. Шынын айтсақ, әуелде ешқандай қирату, қылмыстық әрекеттер болған жоқ. Бірақ, жағдай кейін мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың шынайы мақсаты бейбіт митингіге қатысу емес, билікке шабуыл жасау болды.  

Бір сөзбен айтқанда, соңына қарай алаңға нағыз лаңкестер шықты. Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кетті. Қазіргі уақытта полиция оларды іздеп жатыр. Әзірге түгелдей табылған жоқ. Бұзақылар сол қарудан тағы да адам атуы әбден мүмкін. Сонда мұны кім істеді деген сұрақ туады? Кім жасады? Бейбіт шеруге шыққандар ма? Шын мәнінде, бұл – кәсіби қарақшылардың ісі, –  деді Президент. 

Сондай-ақ Қасым Жомарт Тоқаев олардың қайдан пайда болғанын және алаңға шыққандардың бәрін бейбіт шеруші деп айтуға болмайтынын атап өтті. 

– Мен осы сұраққа бірнеше рет жауап бердім. Мұның алдын ала жоспарланған әрекет екені анықталды. Арнайы дайындықтан өткен қылмыстық топтар, лаңкестер оқиғаның бел ортасында жүріп, қарақшыларды, құқық бұзушыларды басқарды. Әрине, бұзақы топтардың арасында бейбіт азаматтар да болды. Енді, оларды, лаңкестерден, қарақшылардан бөліп алуымыз керек. Бұл – өте күрделі мәселе. Мұның бәрін тергеу жұмыстары анықтайды. Жалпы, мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек. Алаңға шыққандардың бәрін түгел бейбіт шеруші деп айтуға болмайды. Бұл ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе. Көзі ашық, ары таза адам мұндай жалған тұжырымға ешқашан сенбейді, – деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар жағдайды кімдер ушықтырғанын да айтты.

– Ең алдымен, лаңкестер жағдайды ушықтырды. Олардың мақсаты – елдің тұтастығын бұзу, халықты қорқыту. Ал, бейбіт шерушілер солардың қармағына түсті. Қазір сол кінәсіз азаматтардың құқығын қорғауымыз керек. Мен әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізу керек деп айттым. Адамдардың құқығын бұзған тұлғалар жазаға тартылады. Біз бұған қажетті шараның бәрін қабылдаймыз. Еш күмән болмасын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.