Руханият • 17 Ақпан, 2022

«Мұзбен шаптым жағалап...»

623 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біз қазақтың осыған дейін көрген қасіреті мен қиянатын, тау­қыметін Жұбан ақынның «Мың өліп, мың тірілген» деген аталы сөзімен сипаттай саламыз, шын­дығында, біздің осы күнге жетіп, ұлт болып ұйысуымызға, жарық таңға жетуімізге «мың өліп, мың тірілу» дегеннің өзі аз­­дық етердей. Даламыз бен пейі­­ліміз қанша кең болған сайын тағдырдан, заманнан, адам­нан, саясаттан көрген қитұрқы­лығымыз да соғұрлым шексіз болды.

«Мұзбен шаптым жағалап...»

Картадағы мемлекеттердің ел болу жолында әрқайсысының өзіндік бодау бергені рас, бірақ біздің өткен ғасырларға кеткен есеміз мейлі қай ұлттыкінен болса да, көптеу екеніне ешкім көз жұма алмайды. Бұл – ақиқат. Ол тіпті тарихтың алтын парақтарына жазылып та үлгерді. Қай заманда да қазақтың көшін
аузында сөзі, қолында күші бар азаматтар бастағаны дау­сыз. Арысын айтсақ, кешегі Хан Абылайдан бастап Ер Доспамбет, Қазтуғандарға дейін өнерден, өлеңнен кенде болмағандар. Олардың ішкі ой-тілектері, жоба-жоспарлары ұйқасты сөзбен, әдемі тіркеспен кестеленіп, еліне жетіп отырды. Сөзге тоқтай білген халық сол үшін де олардың соңы­нан еріп, бостандық үшін күрес жүр­гізді. Әне, сондай өнерлі де батыр азамат Бүркітбай Тұяқұлы тағдырдан көрген құқайын өлеңмен айтып, әнмен әдіптеп, соңындағы еліне аманаттап кетіп еді. Оның «Ой, Ғайша» ат­ты өлеңі артына қалдырған рухани қа­зы­насының бірі. Ол әнде ен даланы жайлаған қонағуар қазақтың мұңы мен зары, өкініші мен арманы жатыр.

Шың­жаң­да­ғы 

ұлт азаттық көтері­лісінде аты шыққан батырдың бірі – Бүр­кітбай. Өкімет орнаудан бұрын ел ішіне қырғидай тиген Го­миндаң жан­дайшаптарынан қорлық көрген батыр­дың ел-жұртына айтқан ақтық сөзі «Ой, Ғайша» деген өлеңі болыпты. Кейін бұл әнге айналып, ел арасына тарады. «Ұсталып, түйеге таңылған азаматтың осы әнін ұмытып қалмау үшін хат танитын жігіттер қайта-қайта дәптерге көшіре беріпті, соңынан бай­қаса, бірнеше жігіттің қолы үсіп қа­лыпты», деп үлкендер айтып отыратын еді.    

«Батыр болып атандым

мен Бүркітбай, 

Ойладым ба болам деп дәл осылай,

ой, Ғайша-ай. 

Ел-жұртымнан айырылып

кетіп барам,

Қара тұман ашылып,

күн бір шықпай, ой, Ғайша-ай». 

Ән осылай бас­та­лады. Қапыда қол­ға түскеніне өкінген аза­мат­тың ақтық жалыны, сөзі, тіпті өсиеті деуге де болар. Әнді батыр әйелі Ғайшаға арна­ғанымен, мазмұны сол кездегі қазақтың қақ айырылған тағдыр­дың талқысына түс­кен сәтін, көзіне қам­шы тигендей күй кешкен дала халқы­ның үрейлі күндерінен дерек береді.  

«Мінген атым тағалы ат,

Мұзбен шаптым жағалап.

Шірікшиге келгенде,

Ұстап алды қамалап».

Ұлтының басына түскен қасіретті осылай суреттеген ердің арманы қан­дай асқақ болды екен десеңізші?! За­ман тыныш болса, ерінен елі, көлінен құсы адаспаса, есі дұрыс адам мұзбен шаба ма?

«Жауға аттансам, батасын

берген шешем,

Айырылмастай қасынан

көрген шешем, ой, Ғайша-ай.

Гоминдаңның қолына

қор боп түсіп,

Аяғына балаңның түсті-ау кісен,

ой, Ғайша-ай.

Дөрбілжіннің басында,

Дулатының қасында.

Қолға түсіп қор болдым,

Отыз жеті жасымда».

Біз осы зарлы әнді ес білгелі тың­дап келеміз, тыңдадық та ерте есейдік. Қа­пы­лыста қолы байланған осы бір боз­­­дақтың ойына оралған осы бір қош­тасу жыры, азалы әні беймәлім жерде үйі­рінен адасқан көкжалдардың үні іс­петті.

«Қол-аяғым байлауда,

Қызыл тілім сайрауда.

Мен Ғайшаны алып ем,

Былтыр күзде жайлауда.

 

Қару-жарақ асындым,

Темір сауыт қапсырдым.

Бағила мен Ғайшаны,

Елім саған тапсырдым.

 

Менің атым – Бүркітбай,

Сабадағы іркітті-ай.

Тыныш жатқан елімді,

Құйыршық келіп үркітті-ай».

Бір халықтың үміті мен тілегін бір әнге сыйғызып, соңындағы ұрпағына қалдыру қазақтың рухты тұлғаларына тән асыл қасиет. Олар сөздің өлмей­тінін, елінің, жерінің сөз қадірін біле­тінін қаперінде жақсы сақтаған. Бүркітбайдың әні – кешегі қазақтың үні. Ол сазгер атанайын деп емес, елін оятуға, қапылыста бармақ тістеп, орға түспеуге шақырды. Ердің опығы елдің опығы болған сол бір заманда қазақ­тың есесі кімге кет­пе­ді дейсіз? Елдің көшін бастаған азамат­тардың бас­ты мақсаты – қазақтың тәуел­сіз мемлекетін құру болды. Сол ізгі арман орындалды да. Ал Бүркітбай сияқты сансыз батырдың еліне айтқан өсиетін орындау енді біздің парыз болмақ.