Қазақстан • 18 Ақпан, 2022

Ақиқат айтылып, әділдік орнайды

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Qazaqstan» ұлттық телеарнасына қазақ тілінде берген сұхбатын қызыға тыңдап, белгілі тележурналист Жайна Сламбекқызының көпшіліктің көкейінде жүрген күрделі сауалдарды Президентке өткір қойғанына және олардың бәріне Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүкпесіз де байсалды жауап бергеніне риза болдық.

Ақиқат айтылып, әділдік орнайды

Мемлекет басшысы негізгі тақырып – «Қасіретті қаңтар» жайында айта келіп, бейбіт митингтерді елімізде әділдік орнату мақсатында қолға алынған реформаларға қарсы күштер өз мүдделеріне пайдалануға тырысып, өздері  әдейі дайындаған қарулы қарақшыларды қанды қылмысқа жұмсағандығын айтты. «Тергеу жұмыстары өте ауқымды. Оның нәтижесі туралы айтуға әлі ерте. Бірақ көп ұзамай, халықтың барлық сұрақтарына жауап беріледі. Әрбір іс мұқият қаралып, ақиқатқа жетуіміз керек. Мұндай қайғылы оқиға енді қайталанбауы үшін қарақшылар жазасыз қалмауы қажет. Тергеу барысындағы азаптау мәселесіне келсек, «шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды. Қазір белгілі заңгерлерден құрылған комиссия жұмыс істеуде», деген Президент пікірімен келіспеу қиын. 

Әлеуметтік желілерде сын сағатта елімізге Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік контингенті енгізілгеніне байланыс­ты шындыққа жанаспайтын пікірлер жарияланып жатқанынан хабардар екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Ресейге борыштар болып қалды, еліміз тәуелсіздігінен айырылды» деген сөздердің негізсіздігін және ҰҚШҰ бітімгерлерінің бірде-бір оқ атпағанын ашық мәлімдегені де жөн болды.

Мемлекет басшысының олигополия туралы сұраққа да тура жауап беріп, саны шектеулі адамдардың ел экономикасында үстемдік құрған­дығымен келісуге болмайтындығын, қоғамда әділеттілік орнатуға кедергі болып отырған бұл мәселені біржола шешу қажеттігін айтқандығы да Президентіміздің өзі ұстанған бағытынан таймай, батыл іс-қимылға көшкенін  аңғартты.

Елден заңсыз шығарылған қаржыны қайтару мәселесі де көпшілік көкейінде жүрген өзекті жайт екені мәлім. Осы жөнінде Мемлекет басшысы Үкіметке екі ай ішінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырған болатын. «Бұл – өте күрделі және ұзақ уақыт алатын жұмыс. Бірақ әділдікке жету үшін біз осыны істеуіміз қажет», деді Президент журналистің сұрағына орай. 

Бұл сұхбат Президентіміздің әрдайым өз халқымен бірге екенін, еліміздің тәуелсіздігін сақтау, әділетті қоғам орнату мақсатын басты мұраты санайтындығын, ана тілін ардақ тұтатынын тағы бір айғақтап берді.