Аймақтар • 18 Ақпан, 2022

Ел пікірі маңызды

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында аймаққа сапармен келген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау комиссия­лары мүшелерімен, саяси партиялар, ҮЕҰ және БАҚ өкілдерімен кездесті.

Ел пікірі маңызды

Жүздесуде Нұрлан Әбдіров сапар мақсаты тұрғындардың сайлау үдерісіне қатысты ой-пікірін тыңдап, ұсыныстарын назарға алу екенін жеткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл әкімдерін сайлау туралы бастамасы негізінде осы уақытқа дейін елімізде 872 әкімді тікелей сайлау өтті. Қарапайым тұрғындарды ел басқару үдерісіне тартуды көздеген бұл бастама алда да жалғасын табады. Енді аудан әкімдерін осындай жолмен таңдау үшін тиісті жұмыстар жасалады.

Нұрлан Мәжитұлы Мемлекет басшысының сайлау­ды әділ өткізу жөнінде тікелей тапсырма бер­генін, аймақтардағы жұртшылықтың ұсыныс-тілегін тыңдауды да Президент міндеттегенін атап өтті.

– Бүгінгі кездесуде ой-пікірлеріңізді барынша ашық айтуларыңызды сұраймыз. Бәріміздің мақсатымыз бір, бұл – ашық, әділ сайлау өткізу. Ұсыныстарыңыз жазылып алынып, зерделенеді. Осыдан кейін облыстық сайлау комиссиясының мүшелерімен кездесіп, олардың жұмысымен танысамыз. Сонымен қатар ауыл тұрғындарымен де жүздесеміз, – деді Н.Әбдіров.

ОСК төрағасымен кездесуде «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Ләззат Бақтыбаева сайлау комиссиялары туралы пікір білдірді. Сайлаулар кезінде барлық партияға бірдей теңдік принциптері сақталмайтынын жеткізді. Бюджеттік мекеме қыз­меткерлерін сайлау комиссиялары құрамынан босату туралы ұсыныс айтты. Қоғам белсендісі портал арқылы дауыс беруді қолға алатын сәт жеткенін де айтып өтті.

Бұдан бөлек, облыстық «Сыр дидары» газетінің бас редакторы Сәкен Алдашбаев, белсенді Эрик Теңізбаев, журналистер Қанат Маханов, Ерқанат Сәрсенбай, ардагер Асылбек Жұмабаевтар сұрақтарын жолдап, ұсыныстарын жеткізді. Заңға өзгерістер енгізу туралы да пікір айтқандар болды.

Сапар аясында ОСК мамандары Дәурен Ысқақов, Әйгерім Тәжиева аймақтағы сайлау комиссиялары мүшелерімен кездесіп, қазіргі талаптар жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Былтырғы ауыл әкімдерін сайлаудан бері де біршама уақыт өтті. Ел басқаруға келген азаматтардың идеясынан нәтиже шығатын кез жетті. Осы сапар барысында сол ауылдарға да барып, қарапайым тұрғындармен тілдесу жос­парланып отыр.

 

ҚЫЗЫЛОРДА