Мәселен, «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ-ға айтылатын сын көп. Өңірді дамытуға арналған бірқатар жоба іске аспаған. Сондай-ақ қаражат жұмсау мәселесінде де бірқатар олқылық орын алған. Бір сөзбен айтқанда, аталған мекеменің жұмысы көңіл көншітпейді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Нұрғали Көрпетаевтың есебін тыңдап, оның жұмысын сынға алған болатын.
Кезінде жақсы басталған тұрғындардың табысын арттыру туралы қанатқақты жоба бұл күнде тиісті деңгейде жүзеге аспай келеді. Сонымен қатар бұл мақсатқа бөлінген қаржының жұмсалуында олқылықтар бар. Басы дұрыс басталған жоба жұмысының жүйесіздігін сынға алған облыс әкімі аталған мекеменің негізгі мақсаты инвестиция тарту екенін айтады. Алайда облыстың он ауданындағы корпорация өкілдері инвестиция тартпақ түгілі, негізсіз жалақы алып келген.
«Ал қанатқақты жоба аясында бұған дейін облыс бойынша 11 ауылдық округке 45 мың бас мал әкелінген. Бүгінде солардың нақты саны қанша? Қанатқақты жоба аясында жұмыссыздардың саны азайды ма? Бір жарым жылдан бері тиісті талдау жұмыстары жүргізілмеген», деді Б.Сапарбаев.
Шынында да, соңғы кезде айтылып жатқан сын көп. Барды ұқсата алмай отырған басшылар, күрмеуі қиын күрделі мәселені тегі шеше алмайды. Әсіресе осындай есеп беру кезінде алдын ала дайындалып қойылған көрсеткіштердің де көп жағдайда көңіл көншітпейтіні содан. Мәселен, қазіргі таңда кейбір әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының шекті деңгейден асып кетуі әлеуметтің алаңдаушылығын тудырып отыр. Көп дүкендерде халық күнделікті тұтынатын қант, картоп, сәбіз сияқты өнім түрлерінің бағасын тұрақтандыру оңай болмай тұр. Бұл тұрғыда баға тұрақтылығына сараптама жүргізіп отыру да «Тараз» ӘКК» АҚ-ның негізгі міндетінің бірі. Бірақ аталған корпорация әлі де өңірдегі талай жақсы жобаларға көз жұмып қарап келеді.
Жамбыл облысы