Спорт • 18 Ақпан, 2022

Норвегия дес берер емес

176 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қытай астанасы – Бейжіңде өтіп жатқан Қысқы Олимпия ойындарының кезекті жарыс күндері спорттың бірнеше түрінен жарыс­тар өтті. Сол бәсекелерде Қазақстанның да өрендері бақ сынады. Өкінішке қарай, олардың ешқайсысы ел үмітін ақтай алмады. Осылайша, Олимпия ойындарының аяқталуына санаулы күндері қалса да, отан­дастарымыздың қоржыны әлі бос.

Норвегия дес берер емес

Шаңғы қоссайысында сынға түскен Шыңғыс Рақпаров жаттығудың алғашқы түрінде 38-орынды еншілесе, 10 шақырымға Гундерсен тәсілі бойынша жүгіруде одан да төмен нәтиже көрсетті. Қорытындысында Рақпаров 43-сатыға тұрақтады. Бұл бәсекеде норвегиялық спортшылардың қарқынына ешкім шыдай алмады. Бас жүлдені Йорген Гробак олжалады. Осыдан сегіз жыл бұрын Сочи Олимпиадасында екі рет теңдессіз деп танылған Мельхус қаласының тумасы 2018 жылы Пхенчханда қос күмісті қанағат тұтқан еді. Бейжіңдегі жарысқа өте жақсы бабында келген 30 жастағы сақа спортшы алдына жан салмады. Жеңімпаздың көрсеткіші – 27:13.3. Екінші орынды Гробактың отандасы, былтырғы жылғы әлем чемпионы, 21 жастағы жас жұлдыз Енс Лурос Офтебру иеленді. Үшінші сатыға жапониялық Акито Ватабэ жайғасты.

Фристайлшы-акробат Шерзод Хаширбаев жарыстың финалдық бөлігіне шыға алмады. 18 жастар жас өрен бәсекенің нағыз қызған шағында құлап қалып, өз жанкүйерлерін жерге қаратты.

Сноубордшылардың сайысында аустриялық Анна Гассер алтыннан алқа тақты. Бұл – оның биг-эйрдегі үшінші алтыны. 30 жастағы Аустрияның өкілі осыған дейін Сочи мен Пхенчхан Олимпиадаларында шашасына шаң жұқтырмаған еді. Жаңа Зеланияның сұлуы Зои Садовски-Синнот күміс алса, Жапонияның аруы Кокомо Мурасе қолаға қол созды. Ерлер бәсекесінде қытайлық Су Ининнің алдына ешкім түсе алған жоқ. Одан кейінгі орындарды норвегиялық Монс Ройсланд пен канадалық Макс Перро иемденді. 

Фристайлдың слоупстайл түрінен әйелдер арасында Швейцарияның өкілі Матильда Гремоның мерейі үстем болса, қытайлық Эйлин Гу мен эстониялық Келли Силдару жүлдегерлер санататына қосылды. Тау шаңғышыларының тартысы да швейцариялық спортшының жеңісімен аяқталды. Әлемдік додада жүлделердің толық жиынтығын жеңіп алған Коринн Зутердің басты мақсаты Олимпия ойындарында да топ жару еді. Сол жоспарын ол Бейжіңде жұзеге асырды. Апеннин түбегінен келген қос ару – София Годжа мен Надя Делаго күміс пен қоланы өзара бөлісті.

Биатлоншылардың 4х7,5 шақырымдық эстафетасында Норвегияға тең келер ешкім табылмады. Құрамында Стурла Холм Легрейд, Тарьей Бе, Йоханнес Бе және Ветле Шоста Кристиансен сынды дүлүлдері бар жұлдызды команданың көрсеткіші – 1:19:50.2 секунд. Екінші сатыға Франция (Фабьен Клод, Эмильен Жаклен, Симон Детье және Кентен Фийон Майе) тұрақтаса, үшінші орынды Ресей (Саид Каримулла Халили, Александр Логинов, Максим Цветков және Эдуард Латыпов) иеленді. Бұл арада Ресейдің алтын алуға толықтай мүмкіндігі бар еді. Өкінішке қарай, тұрып нысана көздеуде бір минутқа жуық уақыт алда келе жатқан Э. Латыпов көп қателесіп, әріптестерінің күш-жігерін құм қылды. Мәреге жеткенде оның көз жасына ерік беруін де түсінуге болатындай еді.

Конькишілердің командалық сайысында ерлер арасында Норвегия, ал әйелдер арасында Канада құрамалары озды.

Мәнерлеп сырғанаудан әйелдердің қысқа бағдарламасы 15 жасар татар қызы Камила Валиеваның жарқын жеңісімен аяқталды. Ресейдің туы астында өнер көрсетіп жүрген асқан дарын иесі 84,16 ұпай жиды. Камиланың командалық әріптесі Анна Щербакова екінші орын алды. Ол Валиевадан небары екі ұпай ғана қалып қойды. Үшінші орында жапониялық Каори Сакамото. Оның олжалаған ұпайы – 79.84.   

Шайбалы хоккейден өткен жарыста ширек финалға шыққан командалар толықтай анықталды. Плей-офф бәсекелерінде Дания Латвияны (3:2), Германия Словакияны (4:0), Швейцария Чехияны (4:2) және Канада Қытайды (7:2) ұтып, мықтылармен күш сынасу құқығына ие болды.

Серсенбіде де бірнеше «жан алысып, жан беріскен» бәсекелердің куәсі болдық. Бірақ бұл жолы да қазақстандық спортшылардан қайыр болмады. Жарыс жолына шыққан жерлестеріміздің барлығы да қалың топтың арасында қалып қойды. Ал сол күні мына спортшылар жеңіс тұғырына көтерілді:

Фристайл (слоупстайл, ерлер): 1. Александр Холл (АҚШ), 2. Николас Геппер (АҚШ), 3. Йеспер Тьедер (Швеция).

Тау шаңғысы (слалом, ерлер): 1. Клеман Ноэль (Франция), 2. Йоханнес Штрольц (Аустрия), 3. Себастьян Фосс Сулевог (Норвегия).

Биатлон (эстафета, әйелдер). 1. Швеция (Линн Перссон, Муна Брурссон, Ханна Оберг, Эльвира Оберг), 2. Ресей (Ирина Казакевич, Кристина Резцова, Светлана Миронова, Ульяна Нигматуллина), 3. Германия (Ванесса Фойгт, Ванесса Хинц, Франциска Пройс, Дениз Херманн).

Шаңғы (командалық спринт, классикалық тәсіл, әйелдер): 1. Катарина Хенниг – Виктория Карл (Германия), 2. Майя Далквист – Юнна Сундлинг (Швеция), 3. Юлия Ступак – Наталья Непряева (Ресей).

Шаңғы (командалық спринт, классикалық тәсіл, ерлер): 1.Эрик Валнес – Йоханнес Клэбо (Норвегия), 2. Ииво Нисканен – Йони Мяки (Финляндия), 3. Александр Большунов – Александр Терентьев (Ресей).

Фристайл (акробатика, ерлер): 1. Ци Гуанпу (Қытай), 2. Александр Абраменко (Украина), 3. Илья Буров (Ресей).

Шорт-трек (эстафета, ерлер): 1. Канада, 2. Оңтүстік Корея, 3. Италия.

Шорт-трек (1500 метр, әйелдер): 1. Чхве Мин Джон (Оңтүстік Корея), 2. Арианна Фонтана (Италия), 3. Сюзанне Схюлтинг (Нидерланд).

Шайбалы хоккейден Финляндияның әйелдер құрамасы Швейцарияның қақпасына жауапсыз төрт гол салып, қола медальді иеленді – 4:0. Кеше түнде АҚШ пен Канаданың қыздары бас жүлдені өзара сарапқа салды. Ерлер жарысында жартылай финалға жолдама алған командалар толықтай белгілі болды. Атап айтсақ, Словакия мен АҚШ арасындағы кездесудің негізгі уақтында да, овертаймда да жеңімпаз анықталған жоқ. Буллит соғу барысында словакиялықтардың бағы жанды – 3:2.  Финляндия Швейцарияның тас-талқанын шығарды – 5:1. Ресей Даниядан айласын асырды – 3:1. Швеция мен Канада арасындағы кездесуде скандинавиялықтардың мерейі үстем болды – 2:0. Бүгін жартылай финалдық сапйыстар өтеді. Бұл межеде финдер мен словактар және ресейліктер мен швециялықтар күш сынасады.  

Бейсенбіге дейінгі нәтижелер жайында айтсақ, жалпы есепте Норвегия құрамасы барлық қарсыласынан қара үзіп кетті. Дәп қазіргі кезде скандинавиялықтар 13 алтын, 7 күміс және 8 қоланы олжалауда. Енді өзге командалардың оларды қуып жетулері неғайбыл. Германияның қоржынында 10 алтын, 6 күміс және 4 қола медаль бар. АҚШ-тың спортшылары 8 алтын, 7 күміс және 4 қоланы иеленуде. Міне, әзірге Бейжің Олимпиадасының ең үздік командалары осылар. Сондай-ақ, Қытай (7+4+2), Аустрия (6+7+4), Нидерланд (6+4+4), Швеция (6+4+4), Швейцария (5+0+5), Ресей (4+8+12) және Франция (3+7+2) оық ондықтың қатарынан көрінуде. Барлығы әзірге 21 мемлекеттің өрендері алтын алса, 28 елдің өкілдері жүлдегерлер санатына қосылды.