Ол заңмен айқындалуы тиіс
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын ұсынды. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Елбасы айтқандай, ол – ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Осынау мүдделі мақсатымызға жету үшін қоғамдық дамудағы бірқатар мәселелерді заңмен реттеп алу қажеттігі туындап отыр. Заманымыздың ғарыштық жылдамдықпен алға басуына орай, қазір әр салада заң және заңдық нормалар қажет болып келе жатыр. Бұл – өмірдің ұстанымы және талабы. Жаһандық деңгейде алып қарасақ, қазір әлемнің әр елінде орын алып жатқан оқиғалар, іргелі өзгерістер және жаңадан шығып жатқан проблемалар, талаптар, билік пен халықтың арасындағы ортақ келісімге келе алмай жатқан мәселелер бар. Ал енді біздің елде билік өзінің адами ресурстарын дұрыс пайдаланып, халықпен тікелей қарым-қатынас жасайтын, үнқатысуға баратын мемлекеттік қызметшілердің және азаматтық қызметшілердің нақты міндеттерін белгілеп беретін, нақты қағидаттарын айқындайтын және әлеуметтік қорғау мәселелерін реттеп алатын кез жетті. Елдің дамуында азаматтық қызметшілердің рөлі зор. Осы топқа кімдер жатады, олардың құқықтары қалай қорғалған? Қоғам тарапынан оларға жасалатын қолдау түрлері қандай? Міне, осы мәселелер терең зерделеуді қажет етеді. Біз осы салаға сараптама жасадық. Жалпы, бұрынғы Кеңес өкіметінің кезінде азаматтық қызметке арналған арнайы заңнама болмады. Ол кезде азаматтық қызмет адамдардың еңбек ету қызметі нысандарының бірі ретінде қарастырылды. Ал бүкіләлемдік тәжірибеге назар аударсақ, Америка мен Англия, Франция сияқты Еуропаның біраз елдерінде азаматтық қызметшілердің өмірдегі рөлі, қоғамдағы орны нақты айқындалған және ол елдерде соларға қатысты проблемалар жоқ. Ал ТМД бойынша азаматтық қызметшілердің құқығын реттейтін заң тек екі мемлекетте бар. Азаматтық қызмет туралы шетел тәжірибесіне де көңіл аударған жөн. Мысалы, Армения Республикасы азаматтық қызмет туралы жеке заң қабылдаған. Ресей Федерациясы 2004 жылы Мемлекеттік азаматтық қызмет туралы федералдық заң қабылдаған. Біздің елімізге келсек, азаматтық қызметтің құқықтық негізі 2007 жылғы 15 мамырда қабылданған Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде қамтылған. Аталған Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдарда азаматтық қызметке жан-жақты түсінік берілген. Онда азаматтық қызмет – азаматтық қызметшілердің қазыналық кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің міндеттері мен функцияларын іске асыруға, мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыруға және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді орындау жөніндегі кәсіптік қызмет екені жазылған. Ал енді азаматтық қызметші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қазыналық кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде ақылы штаттық лауазымда істейтін және олардың міндеттері мен функцияларын іске асыру және мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыру мен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын адам деп атап көрсетілген. Еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыретінде азаматтық қызметші болып табылатын және денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандар лауазымдарының тiзбесi жергiлiктi өкiлдi органмен келiсу бойынша айқындалады. Азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізбесі, қызметте болумен байланысты шектеулер, азаматтық қызметшіні басқа мемлекеттік мекемеге (қазыналық кәсіпорынға) жұмысқа ауыстыру, қызметтегі жоғарылату, біліктілігін арттыру және оларды қайта даярлау, аттестаттау азаматтық қызметке қабылдау еңбек шартын жасасу және жұмыс берушінің актісін шығару жолымен жүзеге асырылады. Сондай-ақ, Қазақстан Үкіметі қабылдаған азаматтық қызметке орналасу және азаматтық қызметшінің бос лауазымына тұруға конкурс өткізу тәртібін айқындайтын қаулы бар. Осы құжат аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің еңбек қатынастарын реттеу саласындағы құзыреттері айқындалған. Еліміздегі азаматтық қызметті заңнамалық тұрғыдан реттейтін регламент осылар. Азаматтық қызметшілер де мемлекеттің тапсырысын орындап отыр. Сондықтан олардың құқықтарын айқындап беруіміз керек. Айталық, бүгінгі таңда азаматтық қызметшілері бар ұжымдардың басшысы көп мәселені өзінің қалауы бойынша шешеді. Мысалы, мұғалімдер мен мектеп директорының құқықтары қандай? Дәрігерлер мен емделушілердің арасындағы құқықтық мәселелер. Тек қана дәрігер емес, оның азаматтық қызметші ретінде заңдық нормалары және мемлекет алдындағы жауапкершілігі айқындалуы тиіс. Сол сияқты өнер саласы да заңдық нормаларын белгілеп беруді қажет етеді. Мысалы, кейбіреулер «өнер адамдары тойға барып, табыс тауып жүр» деп айтып жатады. Ал олардың азаматтық қызметші ретіндегі қоғамдағы рөлі қандай? Өнерді халыққа жеткізу, келер ұрпаққа қалдыру, әлемнің классикалық туындыларын халыққа сыйлау оңай атқара салатын іс емес. Басты мақсат – өнер арқылы халыққа рухани байлық беру, жас ұрпақты тәрбиелеу! Ел дамуының идеологиялық саласында өнер адамдарының орны ерекше. Біздер өңірлерге барғанда сайлаушылар қоятын сұрақтар аз емес. Соның бір-екеуін айта кетейін. Көптеген мәселенің түйіні азаматтық қызметшілерге жалақы төлеуге келіп тіреледі. Мысалы, мектепті алатын болсақ, 200 оқушысы бар шағын білім ұясының директоры да, 2000 оқушы оқитын мектептің басшысы да бірдей көлемде жалақы алады. Неге бұлай? Сол сияқты еңбек өтілі бар, жоғары санаттағы мұғалімнің жалақысы мектеп директорының жалақысынан жоғары. Осының барлығын реттеп, жігін ашып алуымыз керек. Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жалақының төленуі жан басына қарай есептелетінін алға тартады. Яғни, кім қалай жұмыс істеді, соған орай еңбекақысын алуы керек. Бірақ жұмыс істеп жүрген миллионнан астам азаматтық қызметшінің әрқайсысы қалай жұмыс істеп жатқанын кім айқын бағалай алады?! Ал біз ондай мониторинг жасау үшін заңдық нормалармен әрқайсысының орнын, еңбек күнін тиімді пайдаланғанда оларға қойылатын талаптарды белгілеп алу қажет екенін, содан кейін барып жалақы төлейтіндей жүйені енгізуді ұсынып отырмыз. Мысалы, адамдардың бәрі де «Мен жақсы жұмыс істеп жүрмін» деп көрінгісі келеді. Кімге? Әрине, директорға жақсы көрінгісі келеді. Айталық, көп сабақ алған мұғалім жақсы жұмыс істей ме әлде өз пәнін терең білетін ұстаздың еңбегі нәтижелі бола ма? Немесе ұлттық бірыңғай тестіде оқушылары жоғары балл алған мұғалімнің еңбегі тиімді ме? Соның барлығы заңдық нормада белгіленуі, айқындалуы қажет. Бүгінгі таңда әлемде жаһандану үдерістері жүріп жатыр. Біздің еліміз қазір өзіміздің ғылымымыз бен білімімізді, әдебиетіміз бен мәдениетімізді әлемге таныту жолында қыруар істер атқарып келеді. Әлемде рухани байлықтың да күресі жүріп жатыр. Біздің ұлттық құндылықтарымыз бәсекеге қабілетті болуы керек. Ал осы салада қызмет істеп жүрген азаматтық қызметшілерімізді қорғайтын, оларға күш-қуат беретін, моральдық тұрғыда тірек болатындай заң болуы тиіс деп есептейміз. Сол себепті елімізде біз көрсетіп отырған қағидаттарға жауап беретін азаматтық қызмет туралы заң қабылдағанымыз заман талабына сай келеді деп ойлаймын. Демократияның негізі азаматтардың Ата Заңмен және басқа да құқықтық заңдармен қорғалуы, әр адамның өмір сүруіне жағдай жасалуы, қоғамдағы орны және оның жұмыс істеу қағидаттары нақтылануы керек. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде барлық заңдар қабылданған. Тек бір ғана жетіспей тұрғаны – азаматтық қызметшілерге арналған жеке заң. Қазір Қазақстанда 90 мыңнан астам мемлекеттік қызметші бар. Ал азаматтық қызметшілердің саны – 1 млн.-нан астам. Аталған қызметкерлердің үстіміздегі жылғы 14 ақпанда Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес 2014 жылғы 1 сәуірден бастап лауазымдық жалақыларына 10% мөлшерінде қосымша ақы қосылатыны белгілі. Елімізде азаматтық қызметшілерге шамамен алғанда 960 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалады. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш одан әрі ұлғая түсетіні анық. Жаңа заңда, біріншіден, аталған сала қызметкерлерінің құқықтары айқындалса, екіншіден, оларға бөлінетін қаржының нақты, тиімді пайдаланылуына қол жеткізілуі қажет. Соған орай, қазіргі заманның талабына сәйкес осы мәселені көтеріп жатырмыз. Бұл тек менің ғана ойым емес, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанындағы Өңірлік саясат және мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңес мүшелерінің де ұстанымы. Біз жоспарлы түрде бұл мәселемен айналыстық. Үстіміздегі жылы 27 ақпанда аталған Кеңес отырысының күн тәртібіне шығарылып, арнайы талқыға салынды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева баяндама жасап, өз ұсыныстарын алға тартты. Отырыста «Мемлекет басшысының 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында аталған мәселеге қатысты ойлары ортаға салынды. Осы орайда, Елбасының Үкіметке азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеуді тапсырғанын айта кеткен жөн. Аталған іс-шаралар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 20 қаңтардағы №733 Жарлығымен бекітілген Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына енгізілді. Алдағы уақытта заң қабылданған кезде ескеретін жайттар бар. Айталық, бүгінгі таңда мұғалімдер бір министрлікке қараса, өнер адамдары екінші министрлікте, әлеуметтік сала қызметкерлері үшінші министрлікте, денсаулық сақтау саласының мамандары төртінші министрлікте, спортшылар басқа бір агенттікке қарайды. Сөйтіп, азаматтық қызметшілер әртүрлі мемлекеттік органдардың құзырында шашырап кеткен. Солардың құқығын қорғайтын заң жобасына мүдделілік танытып, қабылдануына жауапты болатын бір министрлік жоқ. Осы мәселелер де «Нұр Отан» партиясы жанындағы аталған Кеңестің отырысында көтерілді. Жаңа заңда мынадай қағидаттар қамтылуға тиіс: азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерінің мемлекет мүдделері алдындағы басымдық қағидаты; республика азаматтарының қызметке қол жеткізуге және өз қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес жоғарылатылуға тең құқықтылық қағидаты; азаматтық қызметшілердің кәсібилік және жоғары біліктілік қағидаты; мәні бірдей жұмыстарды орындағаны үшін еңбекке ақыны тең төлеу қағидаты; жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз өкілеттігі шегінде қабылдаған шешімдерді орындаудың бағынысты қызметшілер үшін міндеттілік қағидаты; Бұл Қазақстан мемлекеттілігінің негізгі бастауларының бірі болып табылады. Ол мемлекеттік биліктің біртұтастығына және заңның жоғары күші болатынына, төменгі органдардың жоғары органдарға бағыныстылығына негізделеді. Осының арқасында мемлекеттік механизмнің барлық буындарында атқарушылық тәртіп үшін шынайы жағдайлар жасалады. Әлемдік практикада жалақы төлеу жүйесін қалыптастыруда түрлі тәсілдер қолданылады, соған қарамастан, олардың мәні қызметкердің білімі мен біліктілік деңгейіне, атқарылатын жұмыстың күрделілігі мен жауаптылығының дәрежесіне қарай белгіленуінде болып отыр. Дәл осы принциптер мен тәсілдер Қазақстан Республикасында азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеудің жаңа моделінің өзегі етіп алынатын болады. Мәселен, жаңа модельде республикалық, облыстық, аудандық және ауылдық ұйымдардың басшылары еңбекақы төлеудің әртүрлі деңгейлеріне жатқызылатын болады, себебі олар қабылдайтын шешімдердің ауқымы мен олардың басқарушылық жауапкершілігінің деңгейі өзгеше болып табылады. Немесе, мұғалімдерге көңіл аударсақ. Олардың дайындық және біліктілік деңгейі біліктілік санаттарында көрсетіледі, оған қарай олардың лауазымдық жалақылары айқындалатын болады. «Азаматтық қызметшілер туралы» заңды көп күттірмей өмірге алып келу керек деген өзіміздің ұсынысымызды беріп отырмыз. Серікбай НҰРҒИСАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше