27 Наурыз, 2014

Әлем назары Шымбұлаққа ауды

681 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

60 жылдығын атап өткен қазақ тау шаңғысы курортында ағылшын бекзадасы Гарри Уэльский демалды

 BEK_0072 YH9F1091 BUZ_0074 Shimbulak 05 Бұл күндері британдық ақпарат көздері бекзада Гарри, яғни Генри Уэльскийдің қалыптасқан дәстүрді бұзып, ағылшын монархтары 30 жыл бойы демалып келген Швейцария курорттарына бармай, сүйіктісі Крессида Бонаспен бірге Қазақстанда қыдырғанын және сол қызға жүрегін ұсынғанын жабыла жазуда. Британ басылымдары бекзаданың Шымбұлаққа аппақ тікұшақпен жеткізілгенін, ауқаттыларға арналған тамаша қонақүйде тұрғанын айтады. Әрине, Чарльз Уэлський мен марқұм Диана бегайымның ортасында дүниеге келген Гарридің – Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның сүйікті немересінің бұл сәтіне куә болған ешкім жоқ. Бірақ, «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты өзінің 60 жылдық мерейтойын кеңінен атап өткені шындық. Наурыз мерекесіне сәйкес екі күн қатарынан өткен мерейтойда Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов те болды. Мерекелік бағдарламаны Қазақстан мен Алматы қаласының туын ұстап түскен шаңғышылар ашты. Бұл көшті шаһар басшысы Ахметжан Есімов бастады. Наурыз көжесі қайнап, табиғаты жайнап жатқан Шымбұлақта ойын-сауықтың барлық түрі ұйымдастырылды. Тау-шаңғы спорты ардагерлерінің шеруі, Шымбұлақ туралы рет­ро фотолардың көрмесі, слалом жарыстары мен түнгі сырғанақ осында демалуға келген ешкімді де бейжай қалдырмады. Думан арасында «Шымбұлақ аруы» анықталып, мерейтойға арналған үздік тілектердің иелері шетелге жолдамаға ие болып жатты. Алматы маңында Іле Алатауы шатқалының 2510 метр биіктігінде орын тепкен бұл спорт­тық кешен 1954 жылдан бастап тау шаңғысы спортшыларының сүйікті орнына айналған. Алғашқыда бұл кешен кеңес тау шаңғышыларының олимпиадаға дайындық базасы ретінде құрылған. Ал Азия ойындары Шымбұлақты жаңа заманға бейімдеп,  техникалық сипаттамасы жағынан Еуропаның ең жақсы жарыс жолдарымен теңестіріп кетті. Ал қарының сырғанақтық сапасы бойынша олардан артық деседі, кәсіпқой шаңғышылар. Айтпақшы, осы күндері «Медеу» мұз айдынына жетуге сәл ғана қалғанда заманауи гондольдық аспалы жолмен 15 минутта әлемдік дәрежедегі тау шаңғы курортына жетіп алуға болады. Аспалы жолмен кетіп бара жатып қыста да, жазда да табиғаттың тамашасына тек таңғалумен боласыз. Сенсеңіз, жылдың 300 тәулігінде бұл жерде күн жарқырап тұрады және бұл тұстағы қар да айрықша – құрғақ әрі жеңіл, сондықтан, бұл жайлы және жылдам сырғанауға кепілдік береді. Бұл жағдай сырғанау маусымы болып табылатын 7 ай бойы сақталады. Қыста Шымбұлақ шатқалында ауа райының салқындығы – 9 градустан аспайды. Жазда – салқын, қыста – жылы. – Азия ойындарын өткізу курортқа жаңа серпін берді. Соңғы бірнеше жыл ішінде Шымбұлаққа келіп демалушылар үшін қауіпсіздік пен жайлы демалыс мәселесі жоғары деңгейге жетті. Бүгінде Шымбұлақ тек республикалық емес, халықаралық тау шаңғы жарыстарын да өткізуде. 2010 жылдан бері мұнда келушілер саны бір миллионнан асты, – деді Ахметжан Есімов. Сондай-ақ, қала әкімі Шымбұлаққа келу­ші туристер саны артқанына байланысты демалушылардың барлығы тау шаңғысы кешеніне сыймай кететінін алға тартып, «Көк Жайлау» курортын салудың қажеттілігіне де тоқталды. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суреттерді түсірген Дәурен ИСАЕВ, Ерлан ОМАРОВ.