Әлем • 18 Ақпан, 2022

Бразилиядағы су тасқынынан 117 адам қаза тапты

289 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бразилияның Рио-де-Жанейро штатындағы Петрополис қаласында толассыз жаңбар жауып, салдарынан көшкін болды. Табиғи апаттан кем дегенде 117 адам қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.

Бразилиядағы су тасқынынан 117 адам қаза тапты

Петрополисте үш сағат ішінде 29 сантиметрден астам жаңбыр жауып, 80-ге жуық үй қирады. Билік 110-нан астам адам әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кетті деп мәлімдеді.

Рио-де-Жанейродан солтүстікке қарай орналасқан қала танымал туристік орталық саналады. Бразилия президенті Жаир Болсонару өңірдегі қозғалысты қалпына келтіруге көмектесу үшін федералды қаражат бөлінетінін айтты. Ол, сондай-ақ Twitter-де қайғылы жағдай туралы жазып, жаңбырдан зардап шеккендер үшін дұға етуді ұсынды.

«Жағдай соғыс кезіндегідей... көліктер төңкеріліп, бағаналарға ілініп тұр, аударылып жатыр, кір мен су көп», деді Рио-де-Жанейро губернаторы Клаудио Кастро.

Петрополис мэриясы үш күндік аза тұту жариялады, өйткені 700-ден астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Олар мектептер мен уақытша баспаналарға көшірілді. Өрт сөндіру қызметі мен жергілікті азаматтық қорғаныс жасақтары тірі қалғандарды тәулік бойы іздеп жатыр. Мұндай жауын-шашын Петрополисте соңғы рет 1932 жылы болған.