27 Наурыз, 2014

Тұрақтылық. Бейбітшілік. Бірлік

491 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде биылғы жылдың 18 сәуірінде өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясына орай брифинг ұйымдастырылды. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы секторының меңгерушiсi Назипа Шанаи, Сенат депутаты, «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдары қауымдастығы» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары Анатолий Башмаков, «Қазақстанның әзербай­­­жан мәдени орталықтары» бірлестігінің басшысы Видади Салахов, Астана қала­сын­дағы болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ольга Андриевская қатысып, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясына, ҚХА қызметіне қатысты ой-пайымдарымен бөлісті. DSC_8884 Жиын барысында сөз ал­ған А.Башмаков 18 сәуірде өтетін Қазақстан халқы Ассам­блеясының жылдық сес­сия­сын­да ағымдағы сая­си және ха­лық­аралық маңыздағы мәсе­ле­лер қаралатынын жеткізді. «Сессияның тақырыбы: «Қазақ­­­стан-2050» Стратегиясы бейбіт­ші­­лік, руханият және келісім мә­дениеті деп аталады. Өздеріңіз байқап отырғандай, тақырып ауқымды және ол кездейсоқ таңдалып отырған жоқ. Менің ойымша, бүгінгі әлем өз дамуында аса өткір саяси халықаралық кезеңді бастан кешіріп отыр­ға­ны анық, бірақ ең алдымен, дүние­танымдық проблемалар, мәдениет пен руханилық мәсе­лелер дағдарысқа ұшырап отыр», деді А.Башмаков өз сөзінде. Сондай-ақ, ол қазақстандық деле­гацияның Нәсілшілдік кем­сі­ту­шілікпен күресу туралы халықаралық конвенцияның орын­далу мәселелері бойынша Женеваға жасаған жұмыс сапары және оның қорытындысы туралы әңгімелеп берді. А.Башмаковтың айтуынша, шараға қатысушылар Қазақстанға өз тараптарынан алғыстарын білдірген. «Ұлттық баяндаманы қорғауға әр елге екі күннен берілді. Біз де басқалар сияқты регламент бойынша жұмыс істедік және бұл ретте қатысушылар бізге алғыстарын білдірді, сондай-ақ, ұлтаралық келісімнің жұмыс тәжірибесімен алмасу үшін Қазақстанға делегациялар жіберетіндерін айтты», деді депутат бұл орайда. Сөзінің соңында А.Башмаков елдегі татулықтың осындай үлгілі деңгейде болуы Мемлекет басшысы саясатының нәтижесі екенін айта келе, Елба­сының толеранттылықты сақтау жолындағы қызметін халықаралық ұйымдар жоғары бағалайтынын атап өтті. Н.Шанаи да Қазақстан халқы Ассамблеясының 18 сәуірге жос­парланып отырған ХХІ сессиясы турасында пікір білдірді. «ХХІ сессия Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтеді. Сессияға шақы­­­рылғандар саны 1500 адамды құрап отыр. Яғни, сессияға өңірлерден келген Ассамблея бірлестіктерінің төрағалары мен мүшелері, депу­тат­тық корпустың, БАҚ-тың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қаты­­­сады. Жалпы, Қазақстан Прези­­­денті атап өткендей, бұл 17 млн. қазақ­­­стандықтың өкілдері болмақ», деді Нәзипа Ыдырысқызы өзінің сөзінде. ҚХА хатшылығы секто­­рының меңгерушісі егер, әлемдік өркениетте руханият мәдениеті де, бейбітшілік мәдениеті де қайта қарауды қажет етіп отырғаны басшылыққа алынса, алдағы ҚХА сессиясының тақырыбы да өзекті болатынына да тоқталды. «Сессияның тақырыбы негізінен бүгінгі таңдағы Қазақстан үшін өзекті деген бағыттарды қамтып отыр. Жалпы, сессияның негізгі мәні мен мағынасы да, атқарар міндеті мен шарасының өзегі де айрықша: мәселен, Президент ел алдында тұрған стратегиялық жоспарларды халыққа Жолдау арқылы жеткізеді. Ал соларды іске асыру жолдарын ортақ үнқатысу алаңында, яғни Ассамблея ал­а­­ңында талқылап, жүзеге асыру тар­мақтарын анықтау мәселесі сессияға жүктеледі. Сессияның қажеттілігі де, міне, осында. Жал­пы, Қазақстанда тұратын барлық этностардың басшылары мен ақса­қалдарының, дипломатия өкілдерінің, Үкімет мүшелерінің, Парламент депутаттарының басы жиналған ортада Президент алда тұрған негізгі мақсаттарды жүйелеп, оны іске асырудың жолдарын ұсынады және міндеттер жүктейді. Өздеріңіз білесіздер, 1995 жылы құрылған кезден бастап қарайтын болсақ, Ассамблея бүгінгі таңда дамудың 3 кезеңінен өткен екен. Ең алғашқы кезең – ол бұл идеяны іске асыру аясында этномәдени бірлестіктерді, қоғамдық ұйым­­дар­ды қалыптастыру кезеңі болатын. Ол кездегі негізгі мақсат – біздің елімізде тұрып жатқан әрбір этнос өкілі өзінің түп-тамырына, негізіне бет бұрып, Қазақстанға келген жолын, өзінің тілін, тарихын білуге мүмкіндік алу. Ондай мүмкіндік берілді. Біздің елімізге келген этностардың тарихы белгілі. Міне, қиын тағдыр арқылы бас қосқан елдің бірлігі бүгінгі таңда елдегі татулықтың, бейбітшіліктің сақталуының негізі болып отыр. Ол кезеңнен өткен кейін біз ҚХА сынды институттың құқықтық негіздерін қалыптастыру кезеңінен өттік. Ол – нормативтік-құқықтық базаға өзгерістердің енгізілуі, соның ішінде ҚХА туралы заңның қабылдануы. Ассамблея осы бағыттағы қызметін, еліміздің алдында тұрған міндеттерін іске асыруға қалай және қандай жолдармен күш салу керек екенін өз алдына мақсат ретінде қойып отыр», деді Н.Шанаи. Бұдан кейінгі кезекте сөз ал­ған О.Андриевская ел бір­­лі­гі мен тату­­лығының негізі – қазақстандық патриотизм деген пікірін жеткізе келе, мұның қоғамда тұрақтылықтың орнауына сеп болып отырғанына тоқталды. «Қазақстандық патриотизм өткен онжылдықтар бедерінде қазақстандық менталитет негізінің қалануына сеп болды. Ал қазақстандық менталитеттің өзегі – ізгі адамгершілік қасиеттерді, мәселен, толеранттылық, мейірім­­ділік, қайырымдылық, түсіністік, өзге ұлттың мәдениеті мен әдет-ғұрпына, тілі мен діліне деген құрмет көрсетушілік сынды қасиет­тердің басын біріктіреді. Бұл қасиеттер өзінен өзі пайда бол­майды. Олардың тамырын біздің ортақ тарихымыздан, ұлт­тар қарым-қатынасынан, әр отбасында қалыптасатын құндылықтардан іздеуіміз керек», деді О. Андриевская. Ал В.Салахов Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап Мемлекет басшысының ұлтаралық, конфессияаралық мә­селеге айрықша мән беріп келе жатқанын тілге тиек етті. «Елба­сы бұл мәселені мемлекеттің стра­­­тегиялық саясатының негізгі тар­­мағы ретінде үнемі назарда ұста­ды. Себебі, қоғамдық келісім орна­са, мемлекет түрлі салада, яғни эко­номикалық, саяси, мәдени, әлеу­мет­тік салаларда жетістіктерге жете­­тіні белгілі. Бұл ретте, Қазақ­­стан хал­­қы Ассамблеясының рөлі зор», деді өз пікірін білдірген В. Салахов. Брифинг соңында оған қаты­су­шылар осындай өзекті, қайта-қайта қозғауға, талқылауға тұратын келісім мен ауызбіршілік бағы­тындағы жұмыстар ақпараттандыру және халыққа жеткізу арқылы нәти­же беретінін айта келе, БАҚ өкіл­­­­дерін 18 сәуірде өтетін шараға белсене қатысуға шақырды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». ––––––––––––– Суретті түсірген Азат ЕСЕНБЕКОВ.