Білім • 20 Ақпан, 2022

Білім сапасының төмендеуіне не түрткі болды?

4098 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Білім саласына жиі жасалған реформалардың нәтижесі отандық оқу-ағарту жүйесінен нақты көрініс тауып отырғанын ешкім жоққа шығар алмас. Дегенмен, орта мектептердегі білім сапасының деңгейі мақтанарлықтай емес екенін мойындауымыз керек. Өйткені, ел іші де, сырт көз де бұған қатысты сын айтып, мін тағатыны шындық, деп жазады Egemen.kz.

Білім сапасының төмендеуіне не түрткі болды?

Әсіресе, аймақтардағы мектептердің арасында, онда да ауыл мен қаладағы білім ошақтарындағы бәсекенің ала-құла екенін мойындамасқа амал жоқ. Өкінішке қарай, дәл осы сын Алматы облысына да тән болып тұр. Өйткені, 2020-2021 оқу жылының сапа көрсеткіші бойынша өңірдегі салыстармалы жағдай 5,6 пайызға алашақтық көрсеткен. Яғни, өткен оқу жылында қала мектептеріндегі оқу үлгерімі 66,9 пайызды құраса, ауылдағы білім ошақтарында 61,3 пайызға әрең іліккен екен. Мамандар бұл теңсіздіктің бір ұшын пандемия жағдайындағы қашықтан білім алу үдерісінен іздеуде. Себебі, онлайн оқу кезінде ауыл балаларының интернетке қол жеткізуі үлкен мәселеге айналған болатын. Ал қала аумағында мұндай мәселе туындаған жоқ-ты. Демек, мамандардың сөзінде жан бар сияқты. Оның үстіне биылғы оқу жылының екі тоқсаны көрсеткен салыстырмалы жағдай да бұған дәлел болып отыр-мыс. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменованың айтуынша, өткен бірінші және екінші тоқсанның нәтижесі бойынша аймақтағы ауыл мектептері 63,4 пайыз сапаға қол жеткізсе, қала мектептерінің үлгерімі 62 пайызды ғана құраған.

«Яғни, бұл жолы ауыл мектептерінің білім сапасы жоғарғы көрсеткішті көрсетті. Осы көрсеткіштерге қарап, оқушының білімі нақты бағаланбайды деген тұжырым жасауға болады. Біз арғы жылдағы жағдайды салыстыра келе, карантин шектеуі кезінде ауыл мектептері штаттық режимде білім алса, қала мектептері бала санының көптігіне байланысты қашықтан білім алды деген пайымдау жасадық. Ал биылғы оқу жылындағы бірінші жарты жылдықта барлық білім беру ұйымдары штаттық режимде оқыды. Бірақ, алшақтық жаңағындай. Білім сапасын облыстық көрсеткіштен төмен көрсеткен аудандар қатарында Қарасай, Көксу, Ескелді, Талғар, Балқаш аудандары мен Талдықорған, Текелі, Қапшағай қалалары бар. Өкініштісі, бұл өңірлерде «Алтын белгі» иегерлерінің білімі мониторингтік PISA зерттеулері кезінде дәлелденбей қалған. Жоғары білім сапасын көрсеткен мектептердің «Алтын белгі» иегерлерінің ҰБТ көрсеткіші төмен болуының себебін анықтауымыз керек», дейді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жаңыл Сүлейменова.

Айтпақшы, өткен 2020-2021 оқу жылында облыста 17 761 түлек мектепті тәмамдаса, оның ішінде 1389 оқушы «Алтын белгі» иегерлері атанған. Бұл арғы жылмен салыстырғанда 282 оқуыға көбейгенін білдіреді. Алайда, Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде жүзден жоғары балл жинаған «Алтын белгі» иегерлерінің үлесі 56,7 пайызды ғана құраған екен. Кейбір аудан мектептерінде үздік оқушылардың сынақ тапсыру кезінде жаппай төмен баға алғаны да тіркелген. Мысалға, Ұйғыр ауданындағы 64 «Алтын белгі» иесі атанған түлектің елу үші өз білімдерін дәлелдей алмапты.

«Қорытынды аттестаттау кезінде «Алтын белгі» үміткерлерінің жазбаша емтихан жұмыстары білім басқармасы тарапынан тексеріледі. Соның нәтижесінде Іле ауданынан – 1, Кербұлақ ауданынан – 1 оқушының бағасы төмендетіліп, оқушылар «Алтын белгі» белгісін ала алмады. Сонымен қатар, өткен оқу жылында түлектердің эссе жазуға дағдыланбағаны да байқалды», дейді Жаңыл Сүлейменова.

Жалпы, білім сапасының деңгейіне тікелей әсер ететін фактор тек оқу үлгерімі ғана емес екені анық. Оған мысал ретінде оқушыларға алаңсыз білім алуға жасалған жағдайдың төмендігін және ұйымдастыру мен тәрбие ісіндегі кемшіліктерді де жатқызуға болады. Мәселен, арғы жылы PaperLab қоғамдық қоры аймақтар бойынша білім сапасының деңгейін анықтайтын зерттеу жасаған болатын. Бұл жұмыс жалғыз біздің елде ғана емес, Орта Азия бойынша жүргізілетін көрінеді. «Сапалы білімге қол жеткізу теңсіздігінің индексі» деген әйдік атауы бар зерттеу барысында бірнеше бағыт қамтылған-ды. Оның ішінен бізді қызықтырғаны «Оқыту жағдайы» индексі бойынша шығарылған нәтиже болды. Өйткені, дәл осы бағыт бойынша Алматы облысындағы жағдайдың төмендігі айтылыпты. Ал осы «Оқыту жағдайы» критериі негізінен үш көрсеткіш бойынша анықталады екен. Оның ішінде үш ауысымда білім беретін мектептер үлесі, апатты жағдайдағы мектептер үлесі және дәретханасы сыртта орналасқан мектептер үлесі сияқты көрсеткіштер бойынша Жетісудағы білім ошақтарының жағдайы мәз емес екені айтылады. Және бұл деректер шындыққа жанасады. Өйткені, Алматы облысында үш ауысымда білім беріп отырған мектеп саны жылдан жылға көбейіп келеді. Қазір өңірдің қырыққа жуық мектебінде орын тапшылығы бар екен. Бұл мәселені бірер жыл бұрын облысқа сапармен келген Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өткір сынға алып, аймақтың сол кездегі әкімі Амандық Баталовқа мәселені шешудің ұтымды жолдарын табуды тапсырған болатын. Өкінішке қарай, үш ауысымды мектеп мәселесі бұрынғы Баталовтан қазіргі Бозымбаевқа мұра болып қалды. Жалпы, бұл мәселе 2025 жылға дейін шешімін табуы тиіс болған. Алайда, нақты жағдайға қарасақ, қазір жағдай тіптен күрделене түскен сияқты. Өйткені, аймақтағы демографиялық өсімнің оң көрсеткіші мен ішкі миграцияның орасан үлесі жаңа мектеп құрылысының аяқталып, оқушылардың орынмен қамтылуына мүмкіндік бермей отыр. Мысал үшін, облыста жыл сайын 47-50 мыңның аралығында бірінші сыныпқа барушы балалар шығады екен. Бұл үрдіс Алматы қаласы маңында тіптен басым. Сондай-ақ, мектептерді ғимарат ішіндегі дәретханамен қамту ісі де облыста сылбыр жүріп жатыр. Дерек бойынша, бүгінде бұл көрсеткіш 70 пайыздан сәл асқан көрінеді.

Өкінішіке қарай, облыстың білім саласындағы ұйымдастыру мен тәрбие ісі де ақсап тұр. Оның бір дәлелін осы саладағы жемқорлыққа қатысты анықталған істерден байқауға болады. Бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті, прокуратура және жемқорлыққа қарсы қызметінің бірлескен тобы облыстық білім басқармасының басшысы Майгүл Омарованы және осы басқарманың мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы Бақыт Қабдолданова мен аймақтық білім саласындағы жаңа технологиялар ғылыми-практикалық орталығының директоры Арапби Меңлібаевты қамауға алған болатын. Ал білім басқармасы басшысының орынтағы әлі күнге дейін бос тұр.

Тағы бір өкінішті жағдай, облыста жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайы жиілеп кетті. Былтыр облыста 23 оқушы өзіне-өзі қол жұмсаған. Оның алтауы өрімдей қыз болса, он жетісі өндірдей ұл екен. Сондай-ақ, 2021 жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 182 қылмыстық іс тіркеліп, мектеп жасындағылардың бұзақылығы бұрнағы жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға өскені анықталып отыр. Мұнан бөлек, облыстағы барлық білім шаңырағының қауіпсіздігі бойынша жүргізілген мониторингтің нәтижесі де көңіл көншітерліктей емес. Нәтижесінде біраз мектепте бейнекамераның жұмыс істемейтіндігі және дәретханалардың талапқа сай еместігі анықталған. Сондай-ақ, санитарлық-тазалық орындарына ауаны алмастыру, желдеткіш, жылумен қамтамасыз ету құрылғылары қойылмаған. Асханаларда мәзір дайындауда сүт, ірімшік, сүзбе, жеміс, бал өнімдері пайдаланылмай, оның орнына денсаулыққа зиян кетчуп, маргарин, шұжық сияқты тыйым салынған тағамдар қолданылған екен.