Жыл сайын Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемдік экономикалық форум өткізу дәстүрге айналды. Міне, биыл жетінші рет өткізілгелі отырған бұл халықаралық басқосуға әлемнің жүзге тарта мемлекеттерінен дуалы ауыз сарапшылар, белгілі саясаткерлер, экономика ғылымының көшбасшылары, Нобель сыйлықтарының лауреаттары қатысады деп күтілуде. Астана экономикалық форумы шеңберінде осымен екінші рет жаһандық экономикалық дағдарыстың себеп-салдарларын айқындап, қиындықтан шығу жолдарын белгілейтін Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция ұйымдастырылады. Әлем сарапшыларының берген бағасы бойынша, жаһандық шешімдер қабылдайтын алаңға айналған – VІІ Астана экономикалық форумына бүгінде дайындық жұмыстары кең көлемде өріс алуда.
Әлемдік дағдарыс – барлық экономикалық бастауларды өзгертуге ұшырататын ерекше құбылыс. Осы дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар әзірлеу мақсатында БҰҰ қолдауымен Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласында 2013 жылы тұңғыш рет Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік Конференция (ДҚДК) ұйымдастырылды. Шара дәстүрлі түрде жылда өтетін Астана экономикалық форумы аясында өтті. Осылайша Қазақ елі ұсынған бірегей алаңда әлемнің ең салмақты теоретиктері мен практиктері өзара пікір алмасты, дағдарысқа қарсы жаһандық жоспарға өз ұсыныстарын қосты.
(Соңы 5-бетте).
Бұл әлемдік жиынға тікелей қатыса алмағандар, келе алмағандар да тыс қалмады. Олар Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2012 жылдың 12 қаңтарында «Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы» Қауымдастығының (ҒЕЭКҚ) ықпал етуімен іске қосылған www.group-global.org сайтында, «G-Global» коммуникативті интернет-алаңы форматындағы зияткерлік желісінде баяндамаларын әзірлеп, пікірлерін білдірді.
Сөйтіп, әлемдік қаржылық дағдарыстан шығу жолдарын іздестіретін тетіктерді табу, талқылау мақсатындағы жұмыс жедел қарқынмен дами бастады. Қысқа ғана уақытта дағдарысқа қарсы жолдарды іздестіретін қозғалысқа қатысушылардың саны күрт артты. Ақпараттық-коммуникациялық алаң – дағдарыстан шығу тетіктерін үздіксіз онлайн-талқылайтын орталыққа айналды. «Астана экономикалық форумы мен Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция» виртуалды жобасы бір айдың ішінде 68 онлайн конференция өткізіп, барлық елден 730 баяндама қабылдап, 79 ұсыныс түсті.Виртуалды жоба тең ұйымдастырушыларға онлайн-конференциялар арқылы сырттай тақырыптық сессиялар өткізуге мүмкіндік бергені де рас. Осылайша, саясат сахнасында елді елең еткізетіндей оқиға орын алды.
Қазіргі таңда, атқарылған жұмыстар мен G-Global виртуалды ақпаратты-коммуникациялық алаң сарапшыларының арқасында Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспардың алғашқы жобасы әзірленді. Демократиялық ұстанымдарға негізделген және қаржы-экономикалық дағдарыстан шығудың тиімді жолдарын табуға бағытталған, сондай-ақ, болашақ құлдыраулардың алдын алатын, ұзақ мерзімді экономикалық дамуды қамтамасыз ететін Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар жобасына әлемнің әр тұрғыны атсалыса алады. Әлемдік сарапшылар қауымдастығының, ғылыми-зерттеу орталықтарының, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, іскер орталардың өкілдері, сонымен қатар, қызығушылық танытқан өзге де тұлғалар дүниежүзілік дамуға байланысты өз ұсыныстары мен пікірлерін бір ай ішінде G-Global (www.group-global.org) алаңында ой бөлісіп, әлемдік экономиканы жаһандық дамытуға байланысты ұсыныстарды талқылай алады.Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспардың алғашқы жобасымен халықаралық G-Global жобасының ресми сайтында http://www.group-global.org танысуға болады. Ал, Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар ІІ Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік конференция кезінде қабылданатын болады.
Астана экономикалық форумы қазіргі заманғы экономикалық, қаржылық, әлеуметтік мәселелердің шешу жолдарын іздеуде әлемнің озық ойшылдарын біріктірген халықаралық жиын екені даусыз. Ал Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар заманның сұраныстарына жауап бере алатын құжат болатыны ақиқат. Ең бастысы, бұл құжат – ұлттық мүддені қорғау үшін ғана емес, дүниежүзіне серпін бере алатын бірегей жоба.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».