Әлем • 20 Ақпан, 2022

Канада билігі шерушілерді тарата бастады

320 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Канадада үш апта бұрын басталып, ел астанасының орталық көшелеріндегі қозғалысты толығымен шектеген шеру аяқталуы мүмкін. Полиция наразылыққа шыққандарды тарата бастады.

Канада билігі шерушілерді тарата бастады

Бастапқыда қаңтар айының соңында канадалық жүк көлігін жүргізушілер АҚШ-қа қатынау үшін міндетті вакциналау паспорттарын енгізуге немесе сапардан кейін карантинде отыруға міндеттеуге наразылық білдірген болатын. Артынша бұл акция коронавирусқа қарсы шаралар мен Джастин Трюдо үкіметінің саясатына қарсы жалпы наразылыққа айналды.

Шерушілер Оттаваның орталық көшелерін үш апта бойы жауып тастап, уақытша шатыр құрып жайғасқан еді. Алайда осы маңайда тұратын азаматтар тәртіпсіздіктер мен қатты дыбыстарға шағымданған. Олар сыртта шыға алмай, өз үйлерінде қамалып отырғанын айтады.

Канада астанасының билігі мен полициясы бұдан былай жағдайды бақылай алмайтынын және наразылықты тоқтату үшін қосымша ресурстар қажет екенін мойындап, Оттава үкіметі қалада төтенше жағдай жариялады. Осы жағдайда ғана ел үкіметі шеруді тарату үшін батыл әрекеттер жасай алады.

Канадалық полицейлер «тазарту» операциясын жұма күні таңертең бастады. Бұған дейін Канада үкіметі наразылыққа шыққандарды күшпен таратуға мүмкіндік беретін Төтенше жағдайлар туралы заң қабылдады. Операция кезінде 170 адам қамауға алынды. Қарсылық көрсеткен кейбір наразыларды полицейлер қолын байлап әкетуге мәжбүр болған. Сонымен қатар орталықтан 53 көлік құралын сүйреп шығарған.

Сенбіде полиция парламенттің алдындағы және премьер-министр кеңсесінің жанындағы алаңның көп бөлігін тазарту үшін бұрыш спрейі мен шу гранаталарын қолданған. Полицияның мәліметінше, сенбіде қамауға алынғандардың кейбірі оққағар киген, ал сөмкелері мен көліктерінен түтін гранаталары мен басқа да жанғыш заттар табылған.

Оттава полициясының уақытша бастығы Стив Белл полиция камерасына түскен наразылық білдірушілер жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

«Біз сіздерді анықтауға тырысамыз және қаржылық санкциялар саламыз, қылмыстық айыптаулар болады. Тергеу тағы бірнеше айға созылады», деді С.Белл.

Полиция өкілдері операция кезінде заңсыз наразылық білдірушілерге аймақтан кетуге ескерту жасағанын, хабарды ашық әрі нақты жеткізгенін айтады.

Сонымен қатар Канаданың Онтарио провинциясының жоғарғы соты түрлі елдерден наразыларды қолдау үшін жіберген миллиондаған долларды, соның ішінде криптовалюта және түрлі банк шоттарын бұғаттау туралы шешім қабылданды. Шоттарды бұғаттау Оттава тұрғындары мен бизнесмендердің талап-арызы негізінде қабылданған. Адвокат Пол Чамптың сөзіне қарағанда, мұндай шара канадалық сот ісі тарихындағы алғашқы шешім болған.

Премьер-министрдің орынбасары Кристия Фреланд дүйсенбіде өткен баспасөз мәслихатында банктер на­ра­зы­лықтарға қатысы бар кез келген адамның жеке шотын ешқандай сот шешімінсіз бұғаттай алады деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ Канаданың «Терроризмді қаржыландыру» ережелерін кеңейтіп, оған криптовалюта мен краудфандинг платформалары да қосылатынын хабарлады.

Хакерлер осыған дейін GiveSendGo краудфандинг платформасында жүк көлігі жүргізушілерін қолдау мақсатында жалпы құны 8,4 миллион доллар болатын 93 мың қайырымдылық төлем келіп түскенін жариялаған.

Ел үкіметінің төтенше жағдай жариялау туралы шешімін сынағандар да бар. Канаданың азаматтық бос­тан­дықтар қауымдастығы бұл қадам елдегі демократия мен азаматтық бостандыққа қауіп төндіреді деген пікірде.

Кейбір сарапшылар жергілікті топтың қалыпты на­ра­зылық акциясының халықаралық қозғалысқа ұласып, қоғам тұрақтылығына үлкен қауіп төндіруіне Facebook-тің де үлесі бар деп есептейді. Краудфандинг жариялап, халықтан ақша жинау, түрлі хэштегтер арқылы оқиғаның саяси сипатын арттырып жібергендер бар деген де пікір айтылды.

Десе де, көптеген сыни пікірге қарамастан, бақы­лау­дан шыққан шеруді үкімет полиция күшімен таратуға шешім қабылдап отыр.