Қоғам • 20 Ақпан, 2022

«Алтын Ордадағы» алаң жұрт базарда тәртіп орнайтынына сенімді

1803 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Алматы облысының аумағында орналасқан «Алтын Орда» базарына қатысты алыпқашпа әңгіме көбейіп тұр. Жалпы, Алматы қаласы мен облысын ғана емес, еліміздің бірқатар аймағын тұты­ну тауарымен қамтамасыз етіп отыр­ған бұл сауда алаңы сын өтінде қалғаны рас. Базар төңі­регін­дегі мәселенің ушыққаны сон­дай, оны реттеу үшін Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы билікке арнайы тапсырма беріп, көлеңкелі істің ақ-қарасын анық­тауды міндеттеді. 

«Алтын Ордадағы» алаң жұрт базарда тәртіп орнайтынына сенімді

– Сауда-саттықтағы тиімсіз делдал­дыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 мил­лион адам тұратын Алматы қала­сы мен оның төңірегіндегі елді мекен тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне «Алтын Орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкім­деріне Үкіметпен бірлесіп, базарды тексеруді және тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары атсалыссын. Екі ай уақыт беремін, – деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақпан айының алғашқы аптасында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Алайда арада айға жуық уақыт өтсе аймақ­та ахуалды оңалтуға қа­тыс­­ты қан­дай шара­лардың атқа­­рылып жатқанынан жұрт хабар­сыз. Есесіне, ел ішінде «Ал­тын Орда» жабылады екен. 5 мың адам жұ­мыс­сыз қалатын болды. Қала мен об­лыс халқы азық-түлік тап­шылығына ұшы­­­райды екен...», деген сыңайдағы алып­­қаш­па сөз гулеп, тұрғындар көңілі күп­ті бол­ға­ны рас. Дәл осындай күмәнді сұ­­рақ қазір базар ішінде сауда-саттықпен ай­на­­лы­сып отырған саудагерлерді де ма­залайды.

Біз бұған «Алтын Ордаға» арнайы барған кезімізде куә болдық. Өкі­нішке қарай, мұндағы жеке кәсіпкерлер де, базар әкімшілігі де сауалымызға ашық жауап беруден жалтаруға тырысатыны байқалды.

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, ба­зар қалыпты жұмыс істеп тұр. Сауда орындары ашық, келу­ші­лер көп. Сырттан тауар әкеліп өткізушілер де бұрынғыдай тоқ­тау­сыз кіріп, заттарын түсіріп жа­тыр. Біз базар аумағындағы тәр­тіп­ті қадағалаймыз, көліктердің кіріп, шығуына ғана жауаптымыз. Ал басқа нәрсеге жауап бере алмаймыз. Барлық сұрақтарыңызды базар әкімшілігіне қойғандарыңыз дұрыс болар, – деді бізге алғашқы жолығып, жөн сұрасқан базардың күзет қызметінің өкілі.

Ал базар әкімшілігінің өкілі де өз тарапынан қандай да бір жағ­дайға түсініктеме беруге құ­қы­ғы жоғын айтады. Анығы, «Ал­тын Орда» аумағындағы сауда тоқ­та­ған жоқ, шағын кәсіпкерлер жұ­мыстарын бұрынғыдай жал­ғас­тырып жатыр. Тек, соңғы бірер күнде базар аумағына қожа­лық етіп отырған Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС басшысы атына Алматы облысы, Қарасай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының ұсыным-хаты келіп түскен екен. Онда базар аумағын басқарушы компанияның кейінгі 3 жылдағы табысын қайта есеп­теп, бюджетке төленетін мін­дет­ті төлемдерге қатысты анық­тама беру талап етілген көрінеді. Біз салық органдарының бұл талабын түсіндіріп беруді сұрап, Қарасай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына бас сұқ­тық. Басқарма басшысы Айгүл Жолдыбек аудандық кіріс басқар­ма­­сының Президент тапсырмасынан кейін нақты жұмыс баста­ға­нын, бұл бойынша «Алтын Орда» базарын басқарушы компания – Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС жұмысына тексеру жүргізіліп жат­қанын айтады.

– Базар біздің ауданның аума­ғында орналасқандықтан бюджетке түсетін міндетті төлемдерді қа­да­ғалауға міндеттіміз. Заң талабы бойынша, ел аумағында ша­ғын және орта бизнес нысанда­рын ескертусіз тексеруге ты­йым салынған. Әрі пандемия кезе­ңін­де көптеген өндіріс пен сауда орындарының жұмысы шектелген болатын. Осындай жағдайларға байланысты кіріс басқармасы тара­пынан тексеруге қатысты уақытша шектеулер болды. Бірақ Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС бұған дейін міндетті төлемдер мен кірістер жайында бізге және статистика бөліміне, аудан әкім­ді­гінің кәсіпкерлік бөліміне тиісті есептерін өткізіп тұрды. Бұл тараптан компанияға қояр талабымыз болмады. Алайда біз бұған дейін өткізілген есептерді талдай келе, базар аумағындағы жалға бе­рілетін орындардан түсетін та­быс­тың көлемі компания көр­сет­кен­дей емес, одан едәуір жоғары екенін анықтадық. Осыған байланысты, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан серіктестік басшысының атына ескерту жібердік. Енді компания екі ай мерзім ішінде барлық есеп-қисабын бізге жолдауы тиіс. Болмаған жағдайда, салық есебін беруден жалтару бабы бойынша жауапқа тартылатын болады, – деді бізге Қарасай ауданы бо­йынша мемлекеттік кірістер бас­қар­масының басшысы Айгүл Жолдыбек.

Аудандық кіріс басқар­ма­сы­ның болжамынша, «Алтын Орда» базарының аумағындағы 2019-2020 жыл аралығындағы тауар айналымынан түсетін қаржы көлемі 400 млн теңге шамасында болуы тиіс. Өйткені базар аумағындағы сауда нүктелерінің саны мен олардан алынатын алымның жо­ба­сын салыстырғанда осынша қаржы жиналуы тиіс екен. Мысалға, қазір базарда 5 050 шамасында сауда нүктесі болса, олар орташа көлемде 40 мың теңге жалдау ақысын төлеп отыр. Демек, компанияның бір жыл ішінде тапқан табысы мен бюджетке ауда­руы тиіс міндетті төлем­де­рі­нің арасында айырма болуы мүмкін. Алдын ала белгілі болған мәлімет бойынша, компания бюджетке 100 млн теңге шамасында салық төлеген.

Мұндай мәліметті Сауда және интеграция министрлігі де таратып отыр. Жақында министрлік өкілі «Алтын Орда» базарының аумағы Kurylys LTD ЖШС-нің мен­шігі екенін жариялап, қазір бұл аумақты Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС жалға алғанын раста­ған болатын. Бір анығы, базар аумағының иесі саналатын Kurylys LTD ЖШС-нің құрылтайшысы – Болат Назарбаев. Яғни бұл серік­тестік екінші компанияға жал­пы аумағы 218 151 шаршы метр болатын жерді жалға беріп отыр­ғ­ан көрінеді. Дерек бойынша, базардағы бір ай ішіндегі тауар айналымының орташа көлемі 147 млн теңгеге жуықтайды. Ал сау­да орны қақпасынан күн сайын 500 авто­көлік жүк артып енетін көрінеді. Тұтынушы қатары да аз емес, шамамен күн сайын 8 мың­нан15 мыңға дейін адам «Алтын Ордадан» сауда жасайды-мыс.

– «Алтын Орда» базарында 5 050 сауда орны бар. Оларды 45 440 адам жалға алады. Жал­дау құны орта есеппен 42,5 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ базар аумағында «Алтын Орда» қонақүйі орналасқан. Осын­дай есепке сүйене отырып, министр­лік базар ішкі сауда ереже­ле­рі­мен белгіленген талаптарға сәй­кес келмейтінін, сауданың көлеңкелі айналымы бар екенін мәлімдейді. Алайда ведомство базар жұмысын бірден тоқтату жа­ғым­сыз салдарға әкелуі мүм­кін деп есептейді. Мысалы, базар­дағы сауда және жұмыс орын­дарының санын қысқарту ол жер­дегілердің наразылығын туғы­за­ды. Сондай-ақ тауар ағыны Қыр­­ғыз­станның Дордой базарына көшіп, сауда орындарында апатты жағдайлардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Жақын маңдағы базарлар үлкен тауар ағынына төтеп бере алмайды. Алматы облысында 84 базар, Алматыда 45 базар жұмыс істейді. Бірақ оларда артық орындар жоқ, – делінген министрліктің хабарламасында.

Сауда және интеграция ми­нис­­трлігінің мәліметінен ұққа­ны­мыз, қазір «Алтын Орда» ба­за­рының жұмысына қандай да бір шектеу енгізілмейді. Демек, ба­зар аумағынан нәпақасын тауып жүрген саудагерлер мен тұ­ты­ну­шы­лардың алаңдауына негіз жоқ. Алайда базардағы көлеңкелі сауданы реттеу кезек күттірмейтін іс. Өйткені базар аумағындағы сауданы әкімшілік пен сатушылар емес, «үшінші күштердің» реттейтіні туралы сөз бар. Мұны бізге аты-жөнін жарияламауды өтінген шағын кәсіп иесі де айтты. Кәсіпкер алты жылға жуық базарда ет сатады екен. Бастапқыда жағдай қалыпты болған көрінеді. Келе-келе базарға өз өнімдерін әкеліп өткізетін шаруалардың ісіне делдалдар араласа бастаған. Олардың бетімен кеткені сондай, адал малын сойып, көтерме бағамен сату­шыға өткізуге келген кезінде аяқасты пайда болатын делдалдар тобы өнімге өз бағаларын белгілеп, одан қымбатқа өткізуге шектеу қойып отырған. «Олар ешкімді тыңдамайды және аямайды. Бізге ет әкелген адаммен тікелей саудаласып, ортақ бағада алған тиімді ғой. Ал олар мал иесінен арзанға алады да, бізге көтерме бағамен сатуға береді. Бұған көнбеген шаруаларды базар маңына жолатпай қояды. Біз де бірден сырттан алуға қорқамыз. Бұл жерде талай төбелес, ұрып-соғу, қорқыту болған. Бәріміз орынды жалға алып отырмыз, күн­­көрісіміз болғасын қарсы келе ал­май­мыз...», дейді мұңын шаққан кәсіпкер.

Мысалы, қазір «Алтын Орда­ның» ет павильонында сиыр еті­нің килосы 2 500-2 600 тең­генің арасында сатылып жатыр. Ал сатушылар етті 2 200 теңгеден алады. Бұл – делдалдар қойған көтерме баға. Яғни сатылымға келген мал етінің әр килосынан түсетін 300-400 теңге аралығындағы ақша ортадағы «үшінші күштің» қалтасына құ­йы­лып жатқаны анық. Жалпы, мұн­дағы саудагерлердің барлығы Пре­зидент пәрменінен кейін ба­зар­дағы жағдайдың рет­те­ле­тініне сенімді. Әсіресе, то­йым­­сыз делдалдардың ісіне тыйым салынса, тауар бағасы арзандап, тұтынушылардың қалтасына тү­сетін салмақ азаяр еді дейді кә­сіп­­керлер. Сондай-ақ базар аума­­ғында жалға берілетін орын­­дардың да жағдайы сын көтер­мейд­і. Сатушылардың көбі қысы-жазы ашық аспан астында тауар сатуға мәжбүр. Тіпті, азық-түлік, ет және ет өнімдері сататын орын­­дардың өзінде тиісті талаптар сақталмайды. Бұл да базар әкім­шілігінің таяу арада шешуі тиіс мәселесі екені сөзсіз. Қазір базар аумағында заманауи сауда кешенінің құрылысы басталған. Оның толық іске қосылуына әлі 5 жылдай уақыт кететін көрінеді.

Осы жерде «Алтын Орда» базары төңірегіндегі шудың бұған дейін де ұдайы айтылып жүргенін еске салғымыз келеді. Мәселен, Алматы қаласына кіретін күре жолдың бойына орналасқан сау­да орны сол маңдағы көлік кептелісі жиі болатын аумақ санатында болғаны рас. Тіпті, былтыр іске қосылған кең жолақты тас жол­дың құрылысы осы базардың тұ­сы­на келгенде тоқтап, бірнеше жыл бойы қозғалыссыз тұрғанын көзіміз көрген. Ақыры мемлекет базарға тиісті кейбір сауда нүктелерін көшіру мен арнайы көпір мен жол қиылысын салуға мәжбүр болып, бұған 12 млрд теңге көлемінде бюджет қаржысы жұмсалған деген дерек бар.

Айтпақшы, базар орналасқан аумақтағы салық түсімдерін қа­да­­ға­лайтын Қарасай аудандық кіріс басқармасының мамандары бізбен қоштасып тұрып ел арасындағы алыпқашпа әңгімеге те­зірек нүкте қойылса деген еме­у­рін танытты. Өйткені қазір «Ал­тын Орда­да­ғы» алаң жұрт «ба­зар жабылса кү­німізді қалай көре­міз?» деген сауалға жауап іздеп жүрген кө­рі­неді.

– Жыл басында Қарасай аудан­дық мемлекеттік кірістер бас­қар­масының талабымен аудан­дық сот «Рынок Алтын Орда» ЖШС-нің жұмысын тоқтатқан болатын. Тұрғындар арасында осыдан кейін түсінбеушілік болған сияқты. Адамдар жабылған компанияны жұмыс істеп тұрған «Алтын Орда» базары деп ойлайды. Бірақ бұл жай ғана атаудың сәйкестігі еді. Ал базарға Kurylys LTD ЖШС мен Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС иелік етеді. Сот шешімімен жабылған «Рынок Алтын Орда» ЖШС аталған базарға 2000 жыл­дар­дың басында иелік еткені рас. Қазіргі иелік етіп отырған ком­паниялар үш жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеді, – дейді Қа­ра­сай ауданы бойынша мем­ле­кеттік кірістер басқармасы бас­шысының орынбасары Анарбек Сейітов.

Тоқетерін айтқанда, «Алтын Орда» базарының айналасындағы заңсыздықты реттеу әзірге Алма­ты облысы мен мегаполистің атқа­­ру­шы билігіне сын болып тұр. Яғни сауда орнындағы жағдайды оңалту мен көлеңкелі экономикамен күреске қатысты қандай да бір ұстаным жария болған жоқ.