Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Аталған мекеме басшысы белгілі ғалым Сұлтан-Хан Аққұлұлының айтуынша, ғылыми-зерттеу институты «Алаш» қозғалысы мен алаш қайраткерлерінің мұралары тақырыбында соңғы жылдары отызға жуық кітапты өмірге әкелсе, бүгінгі тұсауы кесіліп отырған туындылар: неміс ғалымы Макс Кучинскидің еңбегі «Дала мен адам», академик Дихан Қамзабекұлының «Түркі алқасы», Сұлтан-Хан Аққұлұлының «Дінмұхамед Қонаев: Әлихан Бөкейхан – Алты алаштың пірі, рухани көсемі» атты зерттеу мақалалары және «Жер тағдыры – ел тағдыры» жинағы қатарлы кітаптар екен.
Маңызды жиынды ашып, тұсауы кесілген құнды мұралар жайлы таныстырылым жасаған белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлының пайымынша, бұл туындылар қай жағынан алсақ та, ұлт руханиятына қосылған сүбелі үлес. Әсіресе 1925 жылы Германияның Лейпциг қаласында Steppe und mensch («Дала мен адам») деген атпен жарық көрген Макс Х.Кучинскидің қазақ даласы жайлы еңбегі ерекше. Бұл туындыда өткен ғасыр басындағы халқымыздың өмір сүру салты, этнографиясы, сонымен қатар аталған тұлғаның Алаш қайраткерлерімен мүд-
делестігі жайлы баяндалады. Кітап тәжірибелі аудармашылар А.Біжкенова мен Ж.Жақыптың жанкешті еңбегінің арқасында, қазақша және орысша, оған тұпнұсқадағы немісшесі қосылып үш тілде жарық көріпті.
Осы орайда бүгінгі тұсауы кесіліп отырған шығарманың авторы Макс Х.Кучински деген кім? Қолымыздағы дерекке үңілсек, бұл кісі 1890 жылы туған дейді. Мамандығы – дәрігер. Ол 1923 жылы Ленинградта өткен эпидемиологтердің халықаралық конгресіне қатысуға келіп, осы сапарында ресейлік әріптестерімен жата-жастана танысады. Нәтижесінде, Сібір және қазақ даласын аралауға мүмкіндік алады. Алғаш Омбы маңындағы қазақтарды көріп, бұл халықтың өмір салтымен терең танысуға ниет етеді. Екінші жақтан, оған неміс тілін жақсы білетін керекулік Евгений Сорокин деген азамат қазақ даласымен танысуды Қарқаралы уезінен бастаған жөн деп бағыт сілтейді.
Сөйтіп, неміс дәрігері саяхатқа шығады. Оның бұл сапарына Сібір ветерианарлық-зоотехникалық институтының медицина факультетінде оқып жатқан қазақ жігіті Қошке Кемеңгеров пен латыш азаматы Густав Лелеп бірге еріп жүреді. Алаш арысы Қошке Кемеңгеров осы сапары жайында Семейде шығып тұрған «Қазақ тілі» газетінің 1924 жылғы 15 тамыз күнгі санына «Жол әсері» атты көлемді очерк жазып, Германиядан келген Берлин универсиетінің профессоры доктор Кучинскимен бірге Семей уезіне қарасты: Бұғылы, Шыңғыс, Меңдеш болыстарын, Қарқаралы уезіне қараған Ағанды, Абралы, Кент, Ақсары, Дастар, Ақбота болыстарын бірге аралағанын жазып: «Профессордың мақсаты – қазақ арасындағы ауру түрлерін, қандай дерттің көбірек тарауы, тазалық шарттарын тексеру және де қазақ елінің жалпы тұрмысымен танысу екен», дейді.
Тағы бір дерек көзі Макс Кучинскиді қазақ жерін зерттеуге Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов шақырған дейді. Бұған дәлел, Ұлттық қауіпсіздік архивінде сақталған 1925 жылы 23 маусымда Бөкейхановтың Байтұрсыновқа жазған хаты. Осы жазбасында Әлекең: «Неміс профессоры тамыз бен қыркүйек айларында Ырғыз бен Торғайға барып, сол жақтан Қызылордаға соғатын болып уәде беріп, Берлин қаласына кетті. Мен одан Қостанайдан бастауын өтіндім. Ол бұған келісті. «Егер осы өңірге барсаңыз Ахмет Байтұрсынұлын ұштастыруға тиіссіз. Ол кісі сізге серік болады» дедім тағы да» дейді (Таңдамалы (құрастырған С.А.Жүсіп). 1995 жыл. 456-б.).
Қысқасы, қазақ жерін аралауға шыққан Макс Кучински әуелі Семейге ат басын тіреп, ондағы облыстық орыс география қоғамы мүшелерімен танысады. Осы сапарында, ол далалықтар үшін қымыздың пайдасын және тұмса келбеті бұзылмаған төл табиғаттың адамға әсері жайлы зерттеп: «Бұрын қазақпен ешқандай таныстығым жоқ еді. Германияда ең маңызды жағрапия Зейдл дегендікі. Сонда қазақ туралы екі-ақ жол бар. Қазақ көшпелі, мекені киіз үй, баққаны мал деген. Енді байқап қарасам, қазақ туралы екі жол емес, әлденеше том кітап жазуға болады екен. Мал баққан ел әнші болады деген пікірді мен көрген қазақ елі айқын дәлелдейді. Қазақтың кейбір әндері Венгриядағы мадиярлар әніне ұқсас. Қазақ өң жағынан бір атадан өрбімеген. Өйткені кейбір қазақ өңдес адамдар Германия, Италия, Жапония, Орталық Америкада кездеседі» деп жазады.
Жалпы, бұл жерде неміс дәрігер-саяхатшысына қазақ өмірін таныстыруға Алаш қайраткерлері мүдделі болғаны байқалады. Себебі Мағжан ақын «Ұйқы басқан қабағын, Бастыра киген тымағын, Жалқаулықты жар көрген, Жүрген ескі заңымен, Алдындағы малымен, Бірге жусап, бірге өрген, Алаш деген елім бар» дегеніндей, бұйығы жұрттың елеусіз қалған мәдениетін еуропалықтарға таныстырғанды жөн көрген тәрізді.
Мысалы, жазушы Мұхтар Әуезов неміс ғалым-дәрігері Макс Кучинскиді қазақтың көпті білетін көнекөзі Шәкәрім қажымен таныстырады. Профессор Шәкәрім Құдайбердіұлының ауылында болып, қазақтардың айт мейрамын атап өту рәсіміне куә болады. Осы оқиғаның ішінде бірге болған қажының баласы Ахат Шәкәрімұлы 1992 жылы «Жұлдыз» журналының 11-санында жарық көрген «Менің әкем, халық ұлы – Шәкәрім» атты көлемді жазбасында: «1920 жылдар шамасында Макс Кушинский (автордың жазбасын өзгертпедік – Б.Қ) деген профессор, ұлты неміс, біздің өкіметтен рұқсат алып, қазақ ішін аралауға шыққан. Негізгі мамандығы дәрігерлік. Макстың қасына Москвадан екі адам қосқан. Бірі – оқыған қазақ азаматы, дәрігерлік жоғарғы мектепте оқып жүрген Қошке Кемеңгеров, бірі – неміс тілін білетін орыс азаматы. Бұлар алдымен Мұхтардың ауылына келген. Мұхтарды қастарына ертіп алады. Неміс ғалымы Кушинский: «Қазақтың көпті көрген адамымен әңгімелессем», дейді. Мұхтар оған Шәкәрім жайын түсіндіреді. Сүйтіп, осы топ ел жайлауға шығып, біздің ауыл «Томарлы бұлақ» деген қоныста отырғанда келеді.
Кушинский әкейден – қазақтың ескі мәдениеттерін, қандай ғалымдармен танысқанын, қай ғалымдардың шығармаларын оқығанын сұрап, философиялық ойлар жайында көп әңгімелесіп, пікір алысты. Дәл осы кезде Құрбан айты болды. Кушинскийді бір жорға атқа мінгізіп, Мұхтар, Қошке, бәріміз айтшыладық. Бәйге, көкпар, тартыс, балуан сияқты ұлт ойындары болды. Кушинский қатты қуанып, ойындарды, суретке тартып алды. Бәріміз жарыстық, бұлаққа, өзенге шомылдық. Қонақтар рахаттанып қалысты. Мұхтарға көп-көп алғыстар жаудырды. Қазақтың айтта қырық үйге кіріп, дәм ауыз тиетін дәстүрі бар деп, үй-үйге кіріп, дәм ауыз тиіп, қымыз іштік. Қайта келіп, Кушинский әкеймен және әңгімеге кірісті.
Кушинский кетерде әкейдің қолын қатты қысып: «Мен сізге жолығып, әңгімелескеніме өзімді бақыттымын деп санаймын! Сізді сахараның ойшыл ғалымы деп санаймын! Амандық болса, елге барған соң, сахара тынысы туралы шығарма жазамын деген ойым бар. Жол тартса, тағы келермін. Мен қазақша үйренейін, сіз немісше үйреніңіз. Қайта келгенде, тілмашсіз, ауызба-ауыз сөйлесетін болайық!» деп күлді. «Баршаларыңызға, халықтарыңызға шын жүректен ырзамын! Көріскенше сау, аман болыңыз!» деп Кушинский жүріп кетті» дейді.
Неміс саяхатшысының бұл сапарын бүгінгі уақыт тұрғысынан саралаған академик Дихан Қамзабекұлының: «Профессор Кучинскидің саяхатын жай ғылыми-танымдық деуге келмейді. Бұның болашақ қазақ тәуелсіздігіне қатысты астары бар. Бұл меңзеу Ә.Бөкейхановтың хатында анық байқалды. Соған қарағанда, бұл іс Алаштың Еуропаға терезе ашқан елеулі сәтін аңғартады» дегені шынайы баға деп білеміз.
Макс Кучински Германияда Гитлер билікке келген тұста 1933 жылы Францияға эмиграцияға кетіп, кешікпей 1936 жылы Латын Америкасына, Перу еліне қоныс аударады. 1967 жылы осы елде дүниеден өтсе, 1938 жыл туған баласы Педро Пабло Кучинси-Годар Еуропада білім алып, үлкен қайраткер тұлғаға айналды. 2016-2018 жылдары Перу республикасының президенті болып сайланды.