Аймақтар • 21 Ақпан, 2022

Майнингтің масқарасы

470 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екібастұз ГРЭС-1 кәсіпорны аумағында электр энергиясын заңсыз «жұтып» келген майнинг дата-орталықтардың әрекеті әшкере болды. Көмірлі шаһардағы жарықтың сығыраюының сыры осы ма екен? Алдын ала жасалған актіге сәйкес, көлеңкелі бизнестен түскен табыс 805 млн теңгеге тең екен.

Майнингтің масқарасы

Таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев майнинг орталықтардың жұмысын реттеуді тапсырған болатын. Тапсырманың алғашқы нәтижесі – осы.

Қаржы мониторингі агенттігі тек­серу жұмыстары барысында Екібастұз ГРЭС-1 кәсіпорны аумағында майнинг да­та-орталықтардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін электр энергиясын заңсыз тұтыну мен сату ісі ұйымдастырылып келгенін анықтаған. Электр энергиясы жекеменшік компания арқылы екі кәсіпорынға тұрақты түрде таратылып келген. Компанияның «Рұқсаттар мен ескертулер туралы заңға сәйкес рәсімделген ешқандай лицензия­сы болмай шықты. Стансадан электр жарығын «өндірістік қажеттілік ретінде» деп кәдеге жаратыпты.

Әрине, мұндай жағымсыз ақпарат Екібас­тұз ГРЭС-1 сияқты алпауыт кәсіп­орын­ға абырой әпермейтіні түсінікті. Іле-шала станса басшылығы ресми жауап берді.

– Екібастұз ГРЭС-1 өндірістік алаң­дарында ешқандай бөгде ұйымдар немесе объектілер жоқ және бола алмайды. Станса аумағында майнинг фермалар табылды деген ақпарат шындыққа жанас­пайды. Әңгіме стансаға жақын ұйымдарда анық­талған майнинг дата-орталықтары тура­лы айтылып жатқан болуы мүмкін. Бірақ олар ГРЭС-1 аумағында орналаспайды. Әрі стансаның оларға ешқандай қатысы жоқ, – дейді кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Не десек те, құзырлы органдар істі тергеу­­ді жалғастыруда. Президент тап­сыр­ма бермесе, заңсыз әрекеттер әшке­ре болмай ма сонда? Энергетика министр­лігінің ақпаратына сүйенсек, бұған дейін энергия беруші және энергия­ны өткізетін компаниялар майнинг ортал­ық­тардың орналасқан жері туралы ақпа­рат бермепті. Шынымен білмейді немесе жа­сырып келген. Бұл мәселе де жіті тексерілмек.

 

Павлодар облысы