27 Наурыз, 2014

Баянды болған бастама

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Гаага қаласында өткен әлемдік саммит Тәуелсіз Қазақстан мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламдық саясаттағы орнын тағы да айқындап берді. Бұл әлемдік басқосудың «Семей-Невада» антиядролық қозғалысының 25 жылдығымен қатар өтуі де атомсыз ғалам жолындағы қазақстандық бастаманың маңызын арттыра түсті. Бесқарағай ауданы атом сынағы алаңына өте жақын орналасқанын барша қазақстандықтар жақсы біледі. Ядролық сынақтың зардабынан көптеген замандастарымыз дүниеден ерте өтіп, қаншама адамдар мүгедектік қиыншылығын көрді. 1989 жылы «Семей-Невада» қозғалысы құрылып, әлем бойынша ядролық сынақтардың құрбандарын біріктірді. Ел Президентінің №409 Жарлығы бойынша ядролық полигон жабылды. Атом сынағының тоқтатылуына халықтық антиядролық қозғалыспен бірге Елбасының батыл шешімі тікелей әсер еткені бүгінде тарих парақтарына айналып отыр. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бірден батыл қадамға барып, Семей полигонынан бас тартты. Ол әлемде осындай қуатты қарудан саналы түрде бас тартқан бірінші басшы болды. Өйткені, бұрын-соңды әлемде мұндай қадам жасалмаған еді. Айтулы тарихи шешім қазақ елінің бейбітшіл халық екенін бүкіл әлемге танытты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «1991 жылы 29 тамызда №409 Жарлыққа қол қой­дым, сол күні Халықаралық ядролық сынаққа қарсы күн ретінде бекітілгені – символикалық нышан», деген болатын. Міне, сол күннен бастап Елбасы саясаты мен берік ұста­­­­­ны­мының арқасында бейбітшілік сүйе­тін ел ретінде даму жолына түстік. Бүгінгі таңда тиісті заңнамаға сәйкес Бесқарағай ауданы бойынша Семей ядролық полигонынан зардап шеккендерге медициналық және әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Осы орайда Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккен азаматтарға біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу жөніндегі Үкімет қаулысымен мыңнан аса тұрғынға әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ, өңір басшысының бас­тамасымен қолға алынған «Туған жерге –тағзым» акциясы аясында облыстық мәслихат депутаты, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, бесқарағайлық Омарбек Байуақовтың демеушілігімен телемарафон өткізілді. Онда 2 миллион теңгеден астам қаржы жиналып, мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен тұрғындарға таратылды. Тәуелсіздік жылдарында Қазақ­­стан ғаламды атом қасіретінен азат етуші елге айналды. Мемлекет басшысы осы бағытта көптеген елдерді атомсыз ғасырға қадам басуға шақырып жатқанына куә болып жүрміз. Бұл ретте бесқарағайлықтар Елбасыны әлемдік ядролық қауіп­сіздік саясатының көшбасшысы ретінде құрмет тұтады. Біз полигон зардаптарын басымыздан өткерген халық ретінде әлемнің ядролық қарудан азат болуын қолдаймыз! Асылбек ҚОЖАХМЕТҰЛЫ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Бесқарағай ауданының құрметті азаматы. Шығыс Қазақстан облысы.