Аймақтар • 21 Ақпан, 2022

Бағусыз балық та өспейді

932 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көкшетау мен Қорғал­жынның кең-жазира даласында мыңнан астам көл бар. Су құрамын зерттеген ғылыми сараптаманың негіздемесіне сәйкес, 531 көлде балық өсіруге әбден болады екен.

Бағусыз балық та өспейді

Бүгінде 360 көлде балық өсірілуде. «Есіл» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Нығмет Қауашевтың айтуы­на қарағанда, белгіленген тәртіп­ке сәйкес көлді жалға алға­ны­мен, күні бұрын келіскен міндет­темесін орындамайтындар да кезігеді. Бар талапқа сәйкес жұмыс істеп, ақ дастарқанның бе­рекесін келтіруге өз үлесін қо­сып жатқандар да бар. Соның бірі – Зеренді ауданындағы Сол­даткөл, Ащыкөл, Тұздыкөл тәрізді су айдындарын ұзақ мер­зімге жалға алып, жұмыс істеп жат­қан кәсіпкер Алдаберген Тәшенов.

Бірнеше көлдің иесі Алда­берген Бектемірұлы өз шаруасын жетік білетін жан. Айтуына қарағанда, ертеректе Үлгілі ауылының іргесіндегі Солдаткөл суы мөлдір, таза, шалқар болған, 1974 жылға дейін балығы тайдай тулаған. Кейін әлде қыс ішінде ауа жетпеді ме, жоқ әлде төтеннен келген жұқпалы балық ауруы етек жайды ма, кім білсін, көлдегі балық атаулының тұқымы тұздай құрып кеткен. Сөйтіп қысы-жазы жағалауынан кісі арылмайтын берекелі көлдің бағы қайтыпты. Қазынасы кеміп, құты қашқан. Шоршып жатқан ақбауыр балығы жоқ көл жан адам жанына жақындамайтын өлі көлге айналған. Ол кезде Алдаберген Бектемірұлы кең­шарда жұмыс істейтін. Туған жердің көркем бір көрінісі Сол­даткөлге қарап мұңаяды, жаны ашиды. Күндердің бір күнінде кеңшар директорына қолқа салады.

– Бұл көлде балықтың өсуі әбден мүмкін, – дейді Алда­берген Бектемірұлы. – Көз алдымызда айдынның құрып бара жатқандығы елге сын емес пе, жа­ғалауды жиектеп ағатын бұлақ көздерін аршып, балық жіберсек қалай болады? Ауыл тұрғындарының несібесі әрі табиғат­тың тартуын сақтап қала­мыз ғой.

Дес бергенде кеңшар басшылары келісе кеткен. Тұқымбақтан балаңқұрт әкеліп, көлге жі­берген. Абырой болғанда мың сан балық өсіп жетіліпті. Содан бері Солдаткөлдің бағы қайта жанған. Қызығын ел көрген. Балық қайта өрістегенін естіген балыққұмарлар қолдарына қар­мақтарын ұстап, көл жағасына жеткен. Бүгінде осы көлдер ар­қылы туризмді дамытуға әбден мүмкіндік бар. Тек аздаған қолдау керек.

– 1994 жылы жеке кәсіпкер­лікпен айналысуға бел будым, – дейді Алдаберген Бектемірұлы, – бірінші Солдаткөлді, кейін Тұздыкөл мен Ащыкөлді жалға алдым. Балаңқұртты іргедегі Зерендінің тұқымбағынан, Ресей­ден тасымалдаймыз. Ресейден әкелгеніміз сәл қымбатқа түседі, тасымалдау шығыны тағы бар. Біздің өлкеде балығы қырылып, өлі көлге айналған су айдындары аз емес қой. Сол көлдерді қайтадан балықтандыру үшін әрі біз тәрізді кәсіпкерлерді балаң­құртпен қамтамасыз ету үшін Зеренді тұқымбағын қайтадан жарақтандыру қажет.

Кәсіпкердің айтуына қара­ғанда, тұқымбақтың су айдыны жоқ әрі материалдық-техникалық базасы әбден тозып біткен. Ал Көкшетау көл­дері көбіне тайыз болып келеді де, қыста түбіне дейін қатып қалады. Балықтың қырылу себебі – осы. Оның үстіне ауыл шаруашылығы құрылымдары да күміс көлдерге қиянат жасап отыр. Айталық, Солдаткөл жағалауына дейін жыртылған. Сол себепті қар суы мен жауы­н суы көлді қоректендірмейді. Оның үстіне диқандар егін ал­қаптарына тыңайтқыш сіңірген кезде жағалауға ентелеп келіп тұрған егістік үстінен желді күні химиялық дәрі-дәрмектің көл бетіне түсуі оп-оңай. Балаңқұртты қыруар қаражатқа сатып алып, бастамасы берекелі боларына сеніп жұмыс істеген кәсіпкердің бар еңбегі зая кетуі әбден мүмкін.

– Біздің тарапта да қи­ындық шаш етектен, – дейді кәсіпкер. – Мәселен, балық шаруашылығымен айналысу үшін көл суының құ­рамын зерттеу керек. Бұл көлде балықтың қандай түрін өсіруге болады деген тұрғыда. Бірақ ондай зертхана Көкшетауда жоқ. Астана асып ғылыми сараптама алудың бағасы өте қымбат. Егер оны тө­лесек, мүлде табыссыз қалатын жайымыз бар. Балаңқұртты миллион теңге төлеп сатып аламыз. Мемлекет тарапынан берілетін субсидияға да қол жеткізе алмай отырмыз.

Ендігі бір мәселе – облыста балық өңдейтін кәсіпорынның жоқтығы. Көл жағалаған алыпсатарлар да аз емес. Мөңке ба­­лықты алыпсатарлар килосын 200 теңгеден алып, жұртқа 350 теңгеден сатады. Есептеп қарасаңыз, төрт адам ұстап, олардың әрқайсысына 80 мың теңге жалақы төлеп, көлді күні-түні күзетіп, азығына шығын­да­лып отырған кәсіпкерге қара­ғанда, алыпсатардың табысы көп.

Соңғы жылдары дөңмаңдай, ақ амур тәрізді балықтарды көп өсіре бастапты. Тауарлы балық шаруашылығының өтімді өнімі ақбалық та Көкше бауырындағы күміс көлдерде жақсы өседі. Сондықтан көкшұбар, пайда өсі­руге ден қойған. Бір жылда 20 тон­наға жуық балық өсіруге әбден мүмкіндік бар.

Егер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек көл ба­сындағы балықшыға жететін болса, шаруаның бұл саласын дамытуға әбден болар еді.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы