27 Наурыз, 2014

Қамкөңіл жандар қатардан қалмайды

244 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
01-нұр отан«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткізілген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақ­сат, бір мүдде, бір болашақ» ат­ты халыққа Жолдауындағы беріл­ген тапсырмаларды орындау мақсатында мүгедек жандарға әлеуметтік қолдау көрсету мәсе­лесіне арналған кеңейтілген ке­ңес­ке аудан әкімдерінің орын­­­ба­сар­лары, мүгедек жандармен ті­келей жұмыс жасайтын мем­лекеттік органдардың басшы­лары, барлық деңгейдегі мәсли­хаттардың депутаттары, жұмыспен қамту мекемелерінің басшылары, кәсіподақ жетек­шілері, пар­­тиялардың, үкіметтік емес ұйым­дар­дың өкілдері қатысты. Кеңесті қысқаша сөз сөйлеп ашқан партияның облыстық фи­лиалының төрағасы, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Елбасының биылғы Жолдауында еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруға көмек­тесуге және олардың бел­сенді өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызуға байланысты нақты тапсырмалар берілгенін, бұл тапсырмалардың жауапкершілігі негізінен «Нұр Отан» партия­сына жүктелгенін тілге тиек ете келіп, партияның осы мақ­сат­та «Кедергісіз келешек» ат­ты мүгедектердің тұрмысын жақсартуға бағытталған идеяны қолға алғанын, оның төрт бағытта жүзеге асырылатынын жеткізді. Кеңесте мүмкіндігі шектеулі жан­дарды қолдауға байланыс­ты баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Сара Нұр­қатова Елбасы Жолдауындағы мүгедектерді жан-жақты қолдап, олардың проблемаларын оң шешуге берілген тапсырмалардың өңірде қалай орындалып жатқанынан хабардар етті. «Нұр Отан» партия­сының «Кедергісіз келешек» жобасы мүгедектерді тұрақты еңбек орнына жұмысқа тұрғызу, мүмкіндігі шектеулі жандарға еш кедергісіз жағдай жасау, мүгедектердің мәселесіне қоғам мен бизнестің назарын аударатындай дәрежеде ақпараттандыру жұмысын күшейту, сондай-ақ, мүгедектердің құқығын қорғауды жақсартатын ықпалды шаралар алуды қарастырады. Облыста осы төрт бағыт бойынша жос­парлы жұмыстар қолға алынуда. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың айтуынша, мүгедектерді жұмысқа орналас­тыруда облыс республикада алдыңғы орындарда екен. Тек осы жаңа жоба аясында үстіміздегі жылдың соңына дейін облыс бойынша әлі де 810 мүгедекті жұмысқа орналастыру көзделген. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасының басшысы Алтынбек Әмірғалиев ғима­раттарды мүгедек жандардың жүріп-тұруына бейімдеу жұмыс­тарына байланысты қалада, аудандарда қолға алынған шараларды хабарлады. Оның айтуынша, 2600-ге жуық мекеме мен ұйымдардың 800-і ғана мүгедек жандарға қолжетімді көрінеді. Қалғандарында мүмкіндігі шек­теу­лі жандардың кіріп-шығуы қиындық келтіреді. 700-ден астам нысанға пандус орнату керек. Биыл 41 миллион теңгеге 66 нысанға оңтайландыру жұмыстарын жүр­гізу көзделуде. Дыбысты және сәулелі жаяу жүргіншілер жолдарын және бағдаршамдарын орнатуға да қаржы бөлінген. Осы арада өңір басшысы Архимед Мұ­хамбетов мүгедек жандар үшін кәсіпорындарда бөлінетін 3 па­йыз­дық квотаны қамтамасыз етуге аудан әкімдері тікелей жауап бе­ретінін, ал жаңа нысандарды салу барысында пандустардың болуын тексеру керектігін және оның болуының жолдарын қарас­тыру қажеттігін қадап айтты. Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі аудан әкімдеріне, мем­ле­кеттік органдарға мүмкіндігі шек­теулі жандарға ұдайы қолдау көр­сетуге нақты тапсырмалар берді. Сонымен бір мезгілде «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында бос жұ­мыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге 98 жұмыс беруші, үш жұмысқа орналастыру агенттігі қатысып, 800-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Сондай-ақ, жәрмеңке аясында ұйымдастырылған көрме­де «Жұмыспен қамту-2020» бағ­дар­ламасы аясында несие алып, шаруа­сын дөңгелетіп отырған азаматтар мен қолөнермен айналысатын мүмкіндігі шектеулі жандар өз тауарларын көпшілікке ұсынды. Ал бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде біраз адам жұмысты болып қалды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.