27 Наурыз, 2014

Әр науқанның өзіндік салмағы бар

297 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
IMG_9116Үстіміздегі жылдың 30 наурызында шығып қалған облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарының орнына сайлау өтеді. Оның барысымен танысу мақсатында Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир ФООСПЕН әңгімелескен едік. – Владимир Карлович, енді бірер күннен соң, шығып қалған мәслихаттар депутаттарының орнына сайлау өтеді. Көпшілікке түсінікті болуы үшін, алдымен осы «шығып қалу» жайына тоқталғаныңызды жөн көріп отырмыз. – Бұл негізінен үш мәселеге байланысты болатын үрдіс. Тара­тып айтатын болсақ, мемлекет­тік билік пен мемлекеттік басқарудың жергілікті жерлерде жұмыс істеуі үдерісінде кадрлар ауысулары жиі болып тұратыны белгілі. Ал олардың бір бөлігі мәслихаттар депутаттарының қатарынан қалыптасады. Екіншіден, депутаттар арасында түрлі себептерге немесе белгілі бір жағдайларға байланысты өздері тұрақты тұрып жатқан округтер аумақтарынан өзге өңірлерге, кейде алыс-жақын шетелдерге де қоныс аударатындары кездеседі. Үшіншіден, кейбір депутаттар қайғылы жағдайға ұшырап, өмірден озуы да мүмкін. Осындай себептерге байланыс­ты олардың депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады. Дәлірек айтқанда, депутаттық орындар босайды. Ал босаған мандаттарға жаңа депутаттар сайлану қажет екендігін жұртшылық жақсы біледі. Өкілеттік мерзімі бітпей депутаттықтан «шығып қалудың» мәнісі осында жатыр.  – Бұрын мәслихаттардың ш­ығып қалған депутаттарының орнына сайлау жылдың кез келген мерзімінде өткізіле беретін. Қа­зір ол ретке келтірілген  сияқты. – Иә,бұрындары шығып қалған депутаттардың орнына сайлау күнін сол өңірдегі аумақтық сайлау комиссиясы белгілейтін. Ал 2009 жылдың 9 ақпанынан бас­тап бұл мәселе заңнама негізінде ретке келтірілді. Осыған байланысты еліміз бойынша бір жыл ішінде екі рет, яғни наурыз айы мен қазан айының соңғы жексенбісінде барлық деңгейдегі мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өткізілетін болды. Сайлауды «Қазақстан Респуб­лика­сындағы сайлау туралы» Конс­титуциялық заңның 101-бабы 4-тармағына сәйкес облыс­тық, республикалық маңызы бар қаланың және еліміздің астана­сының сайлау комиссиялары тағайындайды. Сондай-ақ, сайлау республика бойынша бір мезгілде өткізіледі. Айта кетейін, елімізде жергілікті өкілді органдар болып табылатын мәслихаттарда барлығы 3335 депутат бар. Бұл жолы шығып қалған депу­тат­тардың орнына  өткізілетін сай­лау Алматы қаласы мен Қызыл­орда облысынан басқа еліміздің 14 өңіріндегі 59 сайлау округінде өтеді, яғни 59 депутат сайлан­бақ. Тарата айтсақ, Астана қалалық мәслихатының 1 депутаты, облыстық мәслихаттардың 7 депутаты, қалалық мәслихаттардың 12 депутаты және аудандық мәс­ли­хаттардың 39 депутаты жаңа­дан сайланады деп күтілуде. Мәслихаттар депутаттарын сайлау наурыздың соңғы жексенбісі, 30 наурызда өтеді. – Ұсынылған кандидаттар арасында өз кандидатураларын алып тастағандар болды ма? – Сайлау науқаны барысында 188 кандидат ұсынылған еді. Ұсыну мерзімі аяқталғаннан кейін 11 кандидат жеке өтініштері бойынша өз кандидатураларын алып тастады. Төрт үміткер сайлау комиссияларына тапсыруы тиіс барлық құжаттарды ұсынбауларына байланысты оларды үміткер ретінде тіркеуден бас тартылды. Сондай-ақ, кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған соң, тағы бес кандидат өздерінің жеке өтініштерінің негізінде кандидатураларын алып тастады. Жалпылай алғанда, жоғарыда айтылған 59  сайлау округі бойынша мәслихаттар сайлауына 170 кандидат тіркелді. Олардың 61-і саяси партиялар, екеуін қоғамдық бірлестік ұсынған. Ал өзін өзі ұсынған үміткерлер саны 125 адамды құрайды. Саяси партиялар ұсынған кандидаттардың басым бөлігі «Нұр Отан» партиясының мүшелері болып табылады. Канди­даттардың үштен бірі әйелдер екенін атап өткен жөн шығар. – Владимир Карлович, енді сайлауда бақтарын сынайтын кандидаттардың құрамы жөнінде айтып берсеңіз. – Тіркелген кандидаттардың 120-сы, яғни 70,6 пайызын ер адамдар, 50-і, яғни 29,4 пайызын әйелдер құрайды. Олардың ішінде 67 кандидат саяси партиялардың мүшесі болса, 60-ы партияда жоқ­тар, ал 43 үміткер өздерінің қандай партияға мүше екендерін көрсетпеген. Кандидаттардың ішін­де алты ұлттың өкілі бар. Үміт­керлердің орташа жасы – 41 жас. Білімдері жағына келсек, үміткерлердің 139-ы (82,7 пайы­зы) жоғары білімді, 19-ының (11,3 пайыз) арнайы орта, 10-ының (6 пайыз) орта білімі бар. Тағы бір айта кететін мәселе – кан­дидаттардың 44 пайызы мем­лекеттік мекемелерде, ұйымдар мен кәсіпорындарда еңбек етсе, 30 пайызы коммерциялық құры­лымдарда қызмет істейді. – Кандидаттардың үгіт жұмыстарын жүргізулеріне қажетті жағдай жасалған ба? – Сайлау науқанына жұм­салатын қаржы мәселесі толық­тай шешілген, сайлау өтетін орындардың барлығы қажетті материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілді. Бүгінде кандидаттар сайлауалды үгіт жұмыстарын  жүргізіп жатыр. Сайлау өтетін күннің алдындағы, яғни 29 наурызда және дауыс беру күні үгіт жұмыстарына тыйым салынған. Сайлау науқаны заң талаптарына сай өтіп жатқанын баса айтқым келеді. Үміткерлер сайлау округтері бойынша сайлаушылармен кездесулер өткізіп, өздерінің бағдарламаларымен таныстыру үстінде. Жергілікті жерлерде шешімін күткен мәселелер аз емес. Кандидаттар көпшілікке сол проб­лемаларды шешудің тиімді жолдарын ұсынуда. – Сайлау науқаны барысында арыз-шағымдар түсті ме? – Қазірге бір кандидаттан ғана шағым түсті. Астана қалалық мәсли­хаты депутаттығына тіркел­ген бір кандидат өзінің бәсекелесі үгіт-насихат барысында рұхсат етілмеген әдісті қолданғаны жө­нін­де шағымданыпты. Біз ол ша­ғым­ды мұқият тексеретін боламыз. Осы тұста айта кетейін, мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау барысымен танысу үшін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері 11-14 наурыз аралығында Атырау, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарына барып қайтты. Сайлау өтетін өңірлердегі сайлау комиссиялары дауыс беру күніне толық дайын деп нық сеніммен айтуымызға болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Егемен Қазақстан».