АҚХА-ның (Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттік) Венадағы штаб-пәтерінде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі конвенцияға мүше мемлекеттердің VI шолу кездесуі ашылды.
Екі апта бойы аталған конвенцияға қол қойған 76 мемлекеттің конвенция ережелерін орындауына шолу жасалып, ядролық қауіпсіздікті нығайту бойынша ұсыныстар енгізіліп, Жапониядағы «Фукусима-Дайичи» АЭС-інде орын алған апат салдарын жоюға байланысты және т.б. мәселелер қарастырылатын болады.
Шолу кездесуі шеңберінде Қазақстан Республикасы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі конвенцияны орындау бойынша Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Қоршаған орта және су ресурстары министрліктерінің қатысуымен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі жанындағы Атом энергиясы комитеті дайындаған өзінің алғашқы ұлттық баяндамасымен таныстырады.
Баяндамада Конвенция ережелерінен туындайтын Қазақстан міндеттерінің әр бап бойынша орындалуына сипаттама берілген.
VI шолу кездесуі жұмысына Венадағы Халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкіл Қайрат Сарыбайдың басшылығымен Қазақстан Республикасының делегациясы қатысуда.
77 мемлекет енген Ядролық қауіпсіздік жөніндегі конвенция 1994 жылғы 17 маусымда қабылданып, 1996 жылғы 24 қазанда күшіне енді. Құжат АҚХА-ның іргелі ұстанымдарына негізделген атом саласына ерікті талаптарды белгілейді.
Қазақстан Республикасы Конвенцияны 2010 жылғы 3 ақпанда бекітті. Ядролық қауіпсіздік жөніндегі конвенция Қазақстан Республикасы үшін 2010 жылғы 8 маусымда күшіне енді.
«Егемен-ақпарат».