27 Наурыз, 2014

Инфрақұрылымдық жобалар қоры құрылады

326 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Премьер-Министр Серік Ахметов өткен айдың басында инфрақұрылымдық жобалар қорын құруды жеделдету туралы тапсырма бергені мәлім. Осыған орай, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің таяуда болған директорлар кеңесінің алғашқы жиынында аталған қорды құру жөнінде шешім қабылданды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Бәйтерек» холдингінің жарғылық капиталы бюджеттік қаржы есебінен 20 млрд. 330 млн. 779 мың теңгеге  ұлғайтылды. Бұл қаржының негізгі бөлігі холдингтің еншілес мекемесі – «Қазына капитал менеджмент» АҚ-тың қаржылық капиталына қосылды. Енді ол қаржы Инфрақұрылымдық жобалар қорын құруға жұмсалады. Қордың мақсаты, инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция тартып, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру болып отыр.  Қалған  330 млн. 779 мың теңге «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ына аспап жасау жөніндегі конструкторлық бюро құру үшін берілмек екен. Мұнымен қатар, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы  холдингі мен «Қазақстандық мемлекеттік – жеке әріптестік орталы­ғы» бірлесіп,   «Мемлекеттік – жеке әріптестік жобаларын сүйемелдеу» ЖШС құрмақ көрінеді. Оның негізгі жұмысы инфрақұрылымдық, соның ішінде мемлекеттік – жеке әріптестік негізінде жүзеге асырылатын жобаларды құрылымдап, одан кейін сүйемелдеуге бағытталады екен. Орталықтың алдын ала келісімнен өткен жобаларының қатарында Алматы стансасын айналып өтетін  теміржол бар. Сондай-ақ, Алматы және Қарағанды қалаларында салынатын 300 төсектік көпсалалы ауруханалар құрылысы да алғы лекте тұр. Мемлекеттік – жеке әріптестік жобаларды сүйемелдеу орталығының жарғылық капиталы 200 млн. теңге көлемінде белгіленген. Оның 150 млн. теңгесі, яғни 75 пайызы «Бәйтерек» холдингінің үлесіне беріледі. «Қазақстандық мемлекеттік – жеке әріптестік орталығы» АҚ-тың үлесі 50 млн. теңге, яғни жалпы соманың 25 пайызын құрайды. Директорлар кеңесі холдингтің 2014-2023 жылдарға арналған даму стратегиясын да бекітті. Құжатта холдингті интеграцияланған даму институты ретінде қалыптастыруға байланысты міндеттер мен таяу онжылдықтағы стратегиялық бағыттар айқындалған. Бірінші кезектегі міндеттер – қаржылық және өндірістік жұмыстардың шығынсыз жүргізілуін қамтамасыз ету шарасы мен қаржы ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыру. Мұнымен бірге, холдинг жұмысының жариялылығын қамтамасыз етіп, халықтың сенімін нығайту жөнінде жұмыстар жүргізілмек. Отырыста холдинг құрамындағы еншілес мекемелер активтерінің құрылы­мын оңтайландыру мәселесі де талқыланды. Сараптамаларға зер салсақ, холдинг құрылымында профильді емес активтер жоқ. Дегенмен, бірқатар еншілес компаниялар инвестициялық қорларға немесе инвестициялық жоба­лар­ды жүзеге асыруға қатысып келген. Осыған орай, жыл соңына дейін «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры 5 микро­кредиттік ұйымнан шығады. «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ технопарктер жұмысын оңтайландыру мақсатында Алматы аймақ­тық технопаркі мен Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық техникалық универ­ситетінің технопаркін біріктіру бағытында жұмысын жалғастыра береді. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».