Аймақтар • 21 Ақпан, 2022

Мемлекеттік тілдің көсегесі қашан көгереді?!

465 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Таяуда Көкшетаудағы зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылардың қатысуы­мен «Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалы құрылды.

Мемлекеттік тілдің көсегесі қашан көгереді?!

Сонау бір жылдары елімізде, біздің өңірімізде де осындай қоғамның белсенді жұмыс жасағаны бар еді. Уақыт өте келе, өзге жұмыстардың тасасында қалды. Құрылтайы өтіп, тамырына қан жүгірмегелі он жыл болыпты.

Атқаратын шаруа шаш-етектен. Же­ріне жеткізілмеген іс жетерлік. Солтүс­тік өңірде қазақ тілінің кірпігі ғана қи­мыл­дайтыны жалпақ жұрттан жасы­рын емес. Жергілікті жерлердегі оңтай­ландыру мәселесінің салдарынан әне бір жылы Ақмола, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан тәрізді облыстарда тіл басқармалары қысқартылып, өзге басқарманың құрамына бөлім болып енгізілді. Бұл қадам қазақ тілінің дамуы­на жасалып отырған қиянат. Бәлкім, жергілікті ұлт тілі мен ғажайып салт-дәстүрі жақсы дамыған оңтүстік өңірге тіл басқармасының аса қажет болмауы мүмкін, ал тыңның эпицентрі атанған солтүстік өңірге өте-мөте қажет еді. Бас­қар­маның барында біршама шаруа тындырылды. Тіл төңірегіндегі үміт түгел көктеп кетпегенімен, болашаққа деген үміт басым-тұғын. Өйткені қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында атқарылатын іс-шараларды, ономастика жұмыстарын тіл басқармалары жүзеге асырып келді. Тамыры тарылған тіл мұ­ңын айтпағанның өзінде солтүстік өңірдегі ономастика мәселесінің өзі аса ауқымды дүние емес пе?

– Ономастика тақырыбы өте нәзік. Сондықтан бұл арада қамырдан қыл суырғандай ептілік керек, – дейді «Ел бірлігі» қоғамдық қорының жетекшісі, журналист Бақыт Смағұл, – негізі кез келген елді мекеннің атауын өзгерту оңай-оспақ шаруа емес. Елді мекендердің аты бір кезде сыңаржақ саясаттың салдарынан орын алғанымен, жаңаша сипатқа ие болып жатқандығы белгілі. Бұрнағы жылдары Целиноград ауданындағы Се­ме­новка селосының атауын өзгерту ке­зінде кейбір адамдар көп қарсылық көр­сетті. Шағым жазбаған жері қалмады, ақыры ауылға Қараменде батыр атауы берілді. Асылында, қазақ жер-су аттарына өте байыппен қараған. Ақыл таразысына салсаңыз, кісі атауынан гөрі табиғат сипаты басымдау. Мысалы, Шоқ­қарағай, Алтынды, Қайыңды деген тәрізді. Ал сонау патша заманынан бері қарай келе жатқан, жаны соншалықты сірі Антоновка, Ивановка атаулары әлі де қаптап тұр. Облыс өңірінде 200-ден аса елді мекен атаулары мен 500-ден астам көше аттары идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген. Тәуелсіз ел болған соң тілімізді жандандырып, жадымызды жаңғырту үшін қарекет ету керек қой. Құлдық санадан құтылатын уақыт жетті. Жер-су атауларын тарихи қалпына келтіру ұлттық идеологияның өзегі. Айналып келгенде тілімізді дамытуға, ұлттық ұғымды мықтауға септігін тигізетін жай емес пе?

Осы бір тіл түйткілін шешетін тағ­дыр­­лы тұста аудан, қалаларда да мәде­ниет пен тілдерді дамыту бөлімдері ішкі сая­сат немесе спорт бөлімдерімен бірік­тірілуінің өзі үлкен соққы болды. Осындай өрескелдіктің салдарынан аудандарда тіл мәселесімен айналысатын маман мүлдем қалған жоқ.

– Тіл басқармаларын жауып, қыл аяғы құрдымға жіберу, ұлттың тамыры­на балта шапқанмен бірдей болды, – дейді қарт ұстаз Аяған Сейілов, – шындығын айтқанда бұл дегеніңіз жергілікті әкімдіктердің қа­­зақ тіліне деген көзқарасын білдіреді. Тілі дамымаған халықтың қалай өмір сүре­тіндігі ақылға сыймайды.

Ел ағасы айтса айтқандай, тіл мәселесі дәл қазір мақтанарлық жағдайда емес. Қоғамдық орындарда өз қандастарымыз әлі де ана тілінде сөйлемейді, өзге ұлт өкілдері қазақ тілін жұқалап айтқанда менсіне бермейді. Жүсіп Баласағұни бабамыз «Адамға екі нәрсе тірек тегі: бірі – тіл, бірі – ділің жүректегі» деген екен. Ұққан ұрпаққа ұлағат болатын-ақ сөз емес пе? Басқа тілдің бірсыпырасын білгенмен, өз ана тілін білмейтіндерді көріп, жүрегің тұз сепкендей ашиды. Кейбір деректерге қарағанда, біздің өңірде мемлекеттік тілде таза сөйлеп, сауатты жазатындардың саны 30 пайыздың төңірегінде екен. Ана тілі­нің жанашырлары биліктегілерді кінәлай­ды. Мемлекеттік тіл туралы заң шала десе­ді. Тіл заңында еш кемтіктің болмауы да мүмкін, анығында ақсап жатқаны, оның орындалуы. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы айналасында әңгіме аз айтылып жатқан жоқ. Жергілікті ұлт тілін оқытуға келгенде енжарлық басым. Біздегі ассамблеяның өзінде 8-9 тілді оқытатын топ жұмыс істейді. Оқытса, оқытсын жөн шаруа, дегенмен мемлекеттік тілді оқыту негізгі назарда болса ғой.

Тіл түйткілі қордаланып қалған жер – білім ошақтары. Облыстағы 555 мектептің 178-і орыс тілінде, 220-сы аралас білім ордалары. Оқушылардың мемлекеттік тілде оқитындары әлі күнге дейін 50 пайызға жеткен жоқ. Колледждер туралы да дәл осындай сын айтуға болады. Өңірдегі 32 колледждің екеуінде ғана қазақ тілінде білім беріледі. Білім алушылардың саны 21 мыңнан ассса, мемлекеттік тілде ма­ман­дық игеріп жатқандардың көлемі 6 мың­ның ғана айналасында.

Арыға бармай-ақ, облыс орталы­ғын­дағы жағдайды алып қарайықшы. Көкшетаудағы ұлттық тілде тәлім-тәрбие беретін мектеп саусақпен санарлық. Отыздан астам білім ошағының негізі орыс тілінде, қалғаны аралас мектептер. Ал аралас мектептердегі жағдай белгілі, не әрі, не бері емес.

Биылғы жылы облыс білім ошақта­рын­да 86 175 қазақ баласы білім алып жүр­се, соның 23 532-і таза орыс тілінде оқи­ды. Бірінші орыс сыныптарына 15 042 жер­гілікті ұлт өкілдерінің балалары барып отыр. Біз кейбір ата-аналармен тілдестік, уәж­дері негізінен бірдей. Өздері ана тіл­дерін еркін меңгермегендіктен, балалары­на сабақ оқуына көмектесе алмаймыз де­ген желеу айтады. Осы тақырыпта ақ­са­қалды ата, ақ жаулықты әжемен де сөй­лестік.

– Кешегі кеңес заманында орыс тілін білмеген адам не қызмет істеп, не жоғары оқу орнында білім алып жарыта алмайды ғой. Сосын амалсыздан бала-шағамызды орыс тілінде оқыттық. Сол кезде тілі орыс­ша шыққан балалар қазір өз балаларын орыс тілінде тәрибелеп жатыр, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Қоныс Есенов, – қазір отау үйдің бәрінің тілі негізінен орысша. Тәлім-тәрбие де солай, ұлағат та сананың ұңғысына солай сіңіп жатыр. Өкінішті екенін білеміз, өзегіміз өртенеді, бірақ істейтін амалымыз қанша?!

Білім ордаларындағы жағдай осындай болғанда бала бақшалардың да көсегесі көгеріп тұрғандығы шамалы. Ауылдық жерлерді қайдам, облыс орталығындағы мектепке дейінгі мекемелердегі мән-жайды көрген тіл жанашырының иманы қасым болар еді. Негізі тілдік ортаны қалып­тастыратын тәрбиенің ақ бесігі осы балалар бақшасы десек, онда да сәбилердің тілі орысша шығып келеді.

Ата-аналардың айтуына қарағанда, тәрбиенің тінін сөгіп тұрған тағы бір күрделі мәселе гаджет. Бала-шаға күнімен телефонға тесілуде. Оның тілі әрине, орысша. Орысшаны айтасыз, ағылшын тіліне ауған. Айналып келгенде, технология­ның қайсыбір тақсыретін тартып отырған қазақ тілі.

– Біздің өңірде балалардың жанын баурайтын қазақ тіліндегі басылымдар өте аз, – дейді көпбалалы ана Самал Оспанова, – дүңгіршектерде көздің жауын алатын балаларға арналған басылымдар қаптап тұр. Аңыз-ертегілер де. Бірақ барлығы дерлік Ресейдің баспа өнімдері. Таяуда қазақ тіліндегі ертегілер жинағын алып көрдім, аударма екен. Орыс ертегілерін қазақ тілінде сөйлетіпті. Ал жинақтағы сурет сол елдің аңыздары желісі бойынша құрылған. Өзіміздің төл туындыларымыз тәрбиеге жаратылмай жатыр.

Қазір кез келген мемлекеттік мекемеде Тіл туралы заң талабының бұзылуын таба алмайсыз. Бүкіл құжат екі тілде сөйлеп тұр. Бірақ кейде басшылардың қазақ тіліндегі нұсқаға қол қоймайтындығы кездесіп қалады. Бұл мемлекеттік тілдегі құжат айна­лымы 90 пайыздың төңірегінде деген ақпарат үшін ғана керек дүние. Шын­туайтында жергілікті ұлт тіліндегі нұс­қаға ешкім көңіл аударып жатқан жоқ. Барлық құжат ең алдымен, орыс тілінде дайындалып, сосын қазақ тіліне аударылады. Шіркін-ай, дейсің, алдымен қазақ тілінде дайындалып, сосын орыс тіліне аударылса ше? Әйтпесе, ана тілі аударма тіл болып қалып тұр.

Тіл төңірегіндегі түйткілді мәселе жа­ңа қоғам құрылған соң жақсарып кетсе жа­­­рар еді. Әйтпесе. тіл жанашырларының жү­­ре­гін қазақ тілінің көсегесі қашан көге­ре­ді деген сауал тұз сепкендей ашытып тұр.