Спорт • 22 Ақпан, 2022

Тель-Авивте үш жүлде алдық

208 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Израильдің астанасы – Тель-Авивте дзюдо күресінен Grand Slam турнирі аяқталды. Биылғы жылдың алғашқы бәсекесінде Қазақстанның 25 балуаны бақ сынап, солардың үшеуі жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жерлестеріміз жеңіп алған медальдардың біреуі күміс, екеуі қола.

Тель-Авивте үш жүлде алдық

Алғашқы күні бес салмақ дәрежесі бойынша бәсекелер өтті. 60 кило салмақта белдескен екі қандасымыз да жеңіс тұғырына көтерілді. Мағ­жан Шамшадин алғашқы айналымда татами қожайыны Егонатан Векслерді жеңгеннен кейін екінші белдесуінде Испанияның танымал балуаны, әлем біріншілігі мен Еуропа ойындарының жүлдегері, құрлық чемпионы Франсиско Гарригоспен кездесті. Бұл бәсекенің негізгі уақыты тең аяқ­талып, голден-скорда қазақ балуаны атақты қарсыласының аяғын көктен келтірді. Одан кейін украиналық Артем Лесюктен жеңілген Мағжан жұбаныш белдесуінде әзербайжандық Балабай Ағаевтан айласын асырды. Қола медаль үшін тартыста біздің жігіт Қап тауының тағы бір қыраны Карамат Хусейновті қапы қалдырды.

Ал Бауыржан Нарбаев ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Ол израильдік Лиор Рафаилов, грузиялық Темур Нозадзе, нидерландтық Торнике Чакадуа және Карамат Хусейновтен басым түсіп, финалда Артем Лесюкпен күш сынасты. Украина өкіліне қазақ дзюдошысының әлі жетпеді. Сөйтіп Бауыржан күміс алса, Мағжан қолаға қол созды.

Еліміздің ең үздік балуандары Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғыз­баевтың екеуі де биыл жаңа салмақ дәрежесінде күш сынасуға бел буды. Оған бейімделу Елдосқа оңай болмады. Тұсаукесер кездесуінде нидерландтық Иво Верхостерді ұтқан ол келесі кезеңде Еуропа біріншілігінің қола жүлдегері, испаниялық Альберто Гай­тероға есе жіберді. Сметовке қара­ғанда Қырғызбаев тәуір күресті. Ол америкалық Исаях Рамирес, кубалық Орландо Полансо, франциялық Дайки Боубадан басым түсіп, жартылай финалда жергілікті дзюдошы Барух Шмайловқа жол берді. Үшінші орын үшін белдесуде Ғұсман украиналық Багдан Ядовтан жеңілді.

Келесі күні тағы төрт өреніміз жарыс жолына шықты. Солардың арасынан тек Жансай Смағұлов қана сенім үдесінен шыға алды. 73 кило салмақта белдескен ол грузиялық Георгий Чикхелизде мен италиялық Джованни Эспоситоны ұтып, өзбекстандық Обидхон Номоновқа есе жіберді. Одан кейін Игорь Вандкені сан соқтырып, қола медальды еншіледі. Ал Данияр Шамшаев (73 кило), Абы­лайхан Жұбаназар (81 кило) және Бекәділ Шаймерденов (81 кило) бірін­ші кезеңнен кейін-ақ көрермендер қата­рына қосылды.

Соңғы күні алты жерлесімізге жан­күйер болдық. Бірақ олардың Тел-Авивтегі жарысқа даярлықсыз келгені бірден байқалды. 90 кило салмақтағы Ерсұлтан Мұзаппаров бразилиялық Марсело Гомес пен өзбекстандық Шер­мұхаммед Жандреевті жеңгенімен, келесі екі бәсекеде әзербайжандтық Мамадәлі Мехдиев пен нидераландтық Яспер Смингке есе жіберді. Дидар Хамза тұсаукесер кездесуінде моңғолиялық Пунтсагцереннен айласын асыра алмады. Дәл сондай жағдайды 100 кило салмақта күрескен Ерқанат Молдағұлов пен Ислам Бозбаев та басынан кешірді. Ислам бразилиялық Майкл Коррелден ұтылса, Ерқанаттың израильдік Ста­нислав Банчукке әлі жетпеді. Сол се­кілді аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қа­жыбаев пен Әділ Оразбаев та «ә» дегенде сүрінді.

Жарыс жеңімпаздары: 60 кило – Артем Лесюк (Украина), 66 кило – Барух Шмайлов (Израиль), 73 кило – Хи­даят Хейдаров (Әзербайжан), 81 кило – Маттиас Каас (Бельгия), 90 кило – Мамадәлі Мехдиев (Әзербайжан), 100 кило – Илия Суламанидзе (Грузия) және +100 кило – Гурам Тушишвили (Грузия).

Әйелдер арасындағы жарыста 11 дзюдошымыз өнер көрсетті. Өкінішке қарай, олардың ешқайсысынан қайыр болмады. Дені алғашқы айналымда сүрінді. Тек Назгүл Маратова ғана жұбаныш белдесуіне қатысып, өзі­нің командалық әріптесі Кәмила Бер­ліқаштан басым түсті. Алайда қола медаль үшін тартыста ол франциялық Джулия Толофуаға жол берді. Осы­лайша, жылдағы жағдай тағы да қайталануда. Біраз уа­қыт бойы халық­аралық аренада қазақ­стан­дық дзюдошы қыздар арасынан тек Отгон­цэцэг Галбадрахтың ғана табысты өнер көрсеткенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Моңғолиядан біздің елге қоныс аударған балуан татамимен қош айтысқан соң өз қыздарымыздың арасынан Галбадрахтың жеңісті жолын жалғастыруға күш-жігері жететін ешкім табылмай отыр.