Спорт • 22 Ақпан, 2022

Алан алдына жан салмады

282 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен аптаның соңында Бей­жіңдегі Қысқы Олимпия ойындарынан бөлек, тағы бірқатар маңызды жарыс өтті. Әлемнің әр қиырында жалауы желбіреген дүбірлі додаларда Қазақ елінің өрендері де табысты өнер көр­сетіп, біраз олжаға кенелді.

Алан алдына жан салмады

Францияның Мец қаласында үстел теннисінен WTT Youth Contender турнирі өз мәресіне жетті. 15 жастағылар арасындағы жарыста Алан Құрманғалиев алдына жан салмады. Қазақтың жас өрені украиналық Антон Дерлюк, румыниялық Рарес Куэсдин, доминикандық Рафаэль Кабрера, кореялық Ли Чонмок, поль­шалық Рафаль Формел және жергілікті қос ойыншы – Натан Лам мен Флавиен Котонды қапы қалдырып, бас жүлдені қан­жығасына байлады. Өкінішке қарай, 19 жастағылардың бәске­сінде Санжар Жұбанов пен Тимофей Герасименконың жолы болмады. Санжар бастапқыда екі қарсыласын ұтқанымен, 1/32 финалда жеңіліс тапты. Ал Тимофей топтық кезеңде сүрінді.

Мәскеуде көркем гимнасти­кадан ұйымдастырылған Гран-придің кезеңдік сайысында Елжана Тәниева ұршықпен жасалатын жаттығуда 32,30 ұпай жинап, күміс медальды иеленді. Қазақ қызы тек жастар арасындағы әлемнің үш дүркін чемпионы, командалық есепте Еуропа біріншілігінің жеңім­пазы, ресейлік Лала Крама­ренкодан ғана қалып қойды. Оның көрсеткіші – 34,25 ұпай. Ресей­дің тағы бір жұлдызы, дүние­жүзілік додада 18 мәрте топ жарып, 10 рет қарт құрлықтың тең­дессізі деп танылған Дина Аверина бұл жолы қола медальды қанағат тұтты. Есесіне басқа да жаттығуларда табысқа жеткен Дина көпсайыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені олжалады. Екінші және үшінші орындарды да Ресей гимнасшылары Лала Крамаренко мен Арина Аверина еншіледі.

Албанияның астанасы – Тиранада таэквондодан өтіп жат­қан Президент кубогы жолындағы жарысты жерлестеріміз сәтті бастады. Алғашқы күні 87 кило салмақ дәрежесінде сынға түскен Смайыл Дүйсебай күміс медальды мойнына ілді.

АҚШ-та ұйымдастырылған АТР турнирінде пәкістандық Айсам Хак Күре­шімен жұп құр­ған қазақстандық Александр Недовесов ақтық сынға дейін ал­қынбай жетті. Бірақ шешуші тұста олар Марсело Аревало (Саль­вадор) мен Жан-Жюльен Ройер­ге (Нидерланд) есе жіберіп, екінші орынды иеленді.

Теннистен Қатардың бас шаһары – Дохада шымылдығы түрілген WTA турнирінің алғашқы айналымында Юлия Путинцева әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, бұл күндері WTA рейтингінде 17-орында тұрған Аустралияның ашық біріншілігінің екі дүркін жеңім­пазы, US open турнирінің үш рет финалында ойнаған Беларусьтың беткеұстары Виктория Азе­ренкодан айласын асыра алмады. Есеп – 7:5, 2:6, 5:7. Елена Ры­бакина кеше франциялық Жак­лин Кристианмен күш сынасты.