Спорт • 22 Ақпан, 2022

Бахтиердің бағасы шарықтап тұр

173 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Немістердің Transfermarkt порталы шетелде өнер көрсетіп жүрген Қазақстанның ең құнды футбол­шыларының рейтингін жариялады. Бұл тізімде Ресей премьер-лигасындағы Мәскеудің ЦСКА клубының намысын қорғап жүрген Бахтиер Зайнутдинов көш бастап тұр.

Бахтиердің  бағасы шарықтап тұр

23 жастағы Бахтиер Жамбыл облысының орта­лығында дүниеге келді. Әр жылдары еліміздің жасөспірімдер мен жастар құрамасында ойнаған ол 2017 жылы «Тараздың» жейдесін киіп, Қазақстан чемпионатының алғашқы маусымында премьер-лиганың ең үздік жас ойыншысына тиесілі арнайы сыйлықты иеленді. Сол жылы «Астанаға» ауысып, Суперкубоктың иегері атанды. Көп ұзамай жасыл алаңда жасындай жарқылдаған Зайнутдиновке Ресейдің «Ростов» клубы бапкерлерінің көзі түсті. Бір маусымды Дондағы Ростовта өткізген жартылай қорғаушы 2020 жылы ЦСКА-мен келсімшартқа отырды. Қазіргі кезде Бахтиер Зайнутдинов – Қазақстан ұлттық құрамасы мен Мәс­кеудің әйгілі әскерилер ко­мандасының белді ойын­шысы. Жерлесіміздің транс­ферлік құны – 4 000 000 еуро.

Екінші орында – Алек­сандр Меркель. 29 жастағы Алматының тумасы кезінде ата-анасымен бірге Жетісу өңірінен Германияға қоныс аударған. Спортттық ман­сабын өзінің тарихи отанында бастаған ол кейін­нен Италия, Англия, Швей­цария, Германия, Аустрия, Нидер­ланд және Сауд Ара­бия­сының чемпионаттарында бақ сынады. 2015 жылдан бері халықаралық додаларда Қазақстанның на­мысын қорғауда. Бұл күн­дері Меркель Түркияның «Газиантепінде» ойнауда. Ам­плуасы – жартылай қор­ғаушы. Александр 2 000 000 еуроға бағаланып отыр.

Үздік үштікті Нұрәлі Әліп түйіндеуде. Ол Ақтау қаласында туып-өсті. Бірер жыл Алматының «Қай­ратында» ойнаған 22 жас­тағы қорғаушыны биыл Санкт-Петербургтің «Зе­нит» клубы басшылары аттай қалап алды. Нева жағалауына қоныс аудар­ған бетте қазақтың ұлы ше­берлігімен көзге түсіп, жолдастық кездесулер барысында қарсыластар қақпасына маңызды голдар соқты. Қазіргі кезде Нұрәлінің тран­сферлік құ­ны 1 700 000 еуроны құ­рап отыр. Егер ол дәл осы бетінен тай­­маса, онда ал­дағы уақытта қан­да­сы­мыздың ба­ғасы ша­рықтай түсе­тіні анық.

Сондай-ақ ең құнды «ТОП-10» фут­болшының қатарына мына ойыншы­лар еніп отыр: Марат Быс­тров («Ахмат», Ресей) – 900 мың, Ян Вороговский («Моленбек», Бельгия – 750 мың, Георгий Жуков («Висла», Польша) – 500 мың, Алексей Щёткин («Ротор», Ресей) – 400 мың, Акмаль Бақтияров («Олимп-Долгопрудный», Ресей) – 200 мың, Магамед Узденов («Абдыш-Ата», Қырғызстан) – 175 мың, Алексей Родионов («Алаш­керт», Армения» – 150 мың, Арген Жұматаев («Нефтчи», Қырғызстан) – 150 мың және Ирисдавлат Хакимов («Алға», Қырғызстан) – 150.