Кино • 22 Ақпан, 2022

Берлиналеде үздік атанды

170 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» көркем фильмі 72-ші Берлин халықаралық кинофес­тивалінің (Берлинале) «Панорама» секция­сында бас жүлдеге ие болды.

Берлиналеде үздік атанды

«Панорама» секциясы негізгі конкурс­тан кейінгі салмақты жүлдеге жатады. Яғни кон­курстың қазылар алқасы киноиндустрияның кәсіпқой мамандарынан емес, көрермендерден құралған. Олар картинаны көріп болған соң бірден дауыс береді.

Биыл коронавирусқа байланысты шектеулерге қарамастан, «Панорама» секциясына енген фильмдерді 20 мыңнан астам адам көрген. Кинофестивальдың аталған секциясына 33 елден барлығы 29 картина қатысты.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы баян­дайтын «Бақыт» фильмі көрермендер мен халық­аралық БАҚ тарапынан жылы лебізді көп жинаған еді. Себебі үйдегі озбырлық Қазақстанда ғана емес, барша әлемде өткір мәселеге айналып отыр. Айта кетейік, кинокартина шынайы оқиғаларға негізделіп түсірілген.

Фильмде Қазақстанның шағын қаласында өмір сүріп жатқан отбасы туралы, ұзақ жылдарға созылған тұрмыстық зорлық-зомбылық пен махаббатсыз өмір жайында баяндалады. Күйеуі, әйелі мен олардың бойжеткен қызы – үш негізгі кейіпкер тұрмыстық зорлық-зомбылықтың бар мұңын, ауыртпалығын көрсетеді.

Еске салайық, бұған дейін 72-ші Берлин халықаралық кинофестивалінің Generation (балалар мен жасөспірімдер туралы фильмдер) конкурстық бағдарламасы бас жүлдесін режиссер Фархат Шәріповтің «Схема» фильмі жеңіп алған болатын.