Спорт • 22 Ақпан, 2022

Лопес – үшінші орында

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Испанияда өткен «Андалусия Вуэль­тасы» көпкүндігі аяқталды. Бұл жарыс­та «Astana Qazaqstan Team» клубы­ның екі бірдей велошабандозы үздік ондықтың қатарынан көрінді.

Лопес –  үшінші орында

Көптеген дүбірлі додада дараланып жүрген Мигель Анхель Лопес Пиреней түбегінде үшінші орынды иеленді. Қазақстандық коман­даның сапындағы 28 жастағы колум­биялық легионер жарыс жеңімпазынан небәрі 15 секунд қалып қойды. Өзіміздің Алексей Луценко тоғызыншы орынға табан тіреді. «ТОП-10» велошабандоздың санатына қосылуға Харольд Техаданың да жақсы мүмкіндігі болды. Бірақ сәл ғана сәттілік же­тіспеген Оңтүстік Американың өкілі 12-сатыға жайғасты. Ал Симоне Веласко 47 және Евгений Федоров 74-орындарды қанағат тұтты.

Аталған көпкүндікте «Bahrain Victorious» клубының серкесі Ваут Пулс алдына жан салмады. 34 жастағы Нидерландтың сақа спортшысының нәтижесі – 20 сағат 21 минут және 27 секунд.