Аймақтар • 22 Ақпан, 2022

Тиімсіз делдалдыққа тоқтау салынса игі

422 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ресми статистика отан­дық нарықтағы инфля­ция өсімін қалып­ты дең­гейде деп көрсет­кені­мен, бағаның құбы­луы бұқараның қалта­сы­на салмақ салып отыр­ғанын ашық айтуы­мыз керек. Қазір ел Үкі­меті нарықтағы баға тұ­рақтылығын сақ­тау үшін қолдан келген­нің бәрін жасап жатыр. Алайда тұтыну тауар­ларының құны арзандар емес. Керісінше, аймақ­тарда құнның күрт көтерілуі, әсіресе азық-тү­лік тауарлары баға­сының өсуі байқалуда. 

Тиімсіз делдалдыққа  тоқтау салынса игі

Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС, «ЕQ»

Жақында ел Үкіметі Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру бойынша кеңес өткіз­ген-ді. Онда өңірлердегі әлеумет­тік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының бағасы, тұрақтандыру қорларындағы өнім қоры және монополияға қарсы шаралар қаралды.

– Жекелеген көтерме-бөл­­шек сауда базарларында баға­ны негізсіз көтеру бай­қалу­да. Бұған жол бермеу керек. Түптеп келгенде, бұл инф­ля­цияға әсер етеді. Бұл салада қадағалау ор­ганы­мен бірге тәр­тіп орнату қажет. Жедел шаралардан басқа, өндіру­шілердің көтер­ме-бөлшек базар­ларына қолжетім­ділігін қамта­масыз ету бойынша нақты заңна­малық нормаларды белгілеудің жүйелі шараларын әзірлеу қажет, – деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Осы жиында Премьер-Ми­нистр барлық облыстар бо­­йын­­ша нарықтағы баға құ­былуы­ның байқалғанын айтып, қым­бат­шылықтың барын мо­йын­да­ды. Демек өңірлерде жағдай дабыл қағарлық деңгейде бол­маса да, шұғыл шаралар қабыл­дауға дейін жеткені анық. Жұрт Үкіметтің жұмысына үміт артып, елде бағаның одан әрі шарық­тауына жол беріл­мей­тініне және тірші­лікке қажетті азық-түлік пен басқа да тауар­лардың тапшылығы болмайтынына сенеді. Алайда бұл жерде бағаның өсуіне түрткі болып отырған факторлар ретінде бірнеше мысалды ескерген жөн секілді. Мысалға, нарықтағы тұтыну сұранысының артуы тауар бағасына әсер ететіні анық. Яғни сауда сөрелерінде тұр­ған тауардың құны күн өткен са­йын өсіп, құбылып отырғаны түсініксіз. Былай қарағанда, тұтынушы сатып алатын та­уар көлемі бұрынғыша, бірақ кезекті сатып алу кезінде оның бағасында 5-10 теңге алшақтық пайда болып отырады. Демек мұ­ның артында бағаның көтері­луіне мүдделі тараптардың тұр­ғаны анық.

Үкімет бас­шы­сы­­ның «бағаның негізсіз көтері­луі байқалады» деуіне де осы жағдай түрткі болса керек. Яғни енді Үкімет қымбат­шы­­лықпен күресу кезінде тағы бір нәрсені ескеру керек сияқ­ты. Оның маңыздысы – сауда на­ры­ғындағы аралық дел­дал­дардың жұмысын реттеу. Ашық деректерге сүйенсек, елдегі қыз­­мет көрсету саласының бар­­­лық бағытында делдалдық әре­­кет үлесі бар екен. Оның анық мысалын жақында ғана «Қазақстан темір жолы» ұлт­тық компаниясының темір жол би­лет­терін сату бойынша дел­дал­дық қызмет көрсететін жеке компаниялармен арадағы келі­сім­шарт­ты үзгенінен көруге болады. Нәтижесінде, пойыз­дардағы билет құны айтар­лық­тай арзандады. Дәл сол сияқ­ты ішкі нарықты дайын тауармен қамтамасыз ететін жүйеде де делдалдықтың тамыры терең­деп алғаны жасырын емес. Со­ның кесірінен тауар өндіруші мен сатушы арасында баға ал­шақ­тығы пайда болып, екі ортадан табыс табатындардың қалтасы қалыңдап отырғанын білуіміз керек. Бұл мәселені Үкімет­тің жалпы отырысында Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген еді. Ал­ма­­ты облысындағы «Алтын Ор­да» базарының көлең­келі эко­­­но­­миканың өзегіне айнал­ға­нын мысалға алған Қ.Тоқаев елі­міз­дің барлық аймағындағы заңсыз делдалдыққа тосқауыл қоюды тиісті органдарға тапсырды.

– Сауда-саттықтағы тиімсіз делдал­дыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 миллион адам тұратын Алматы қала­сы мен оның төңірегіндегі ел­ді ме­кен тұрғындары тұтыну та­уар­ларын көбіне «Алтын орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарда тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнем­дер үшін нағыз майшелпекке ай­налған. Бұған Алматы­дағы қаң­тар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл – басқа өңірлерге де қатысты мәсе­ле. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау ор­ган­дары атсалыссын. Екі ай уақыт беремін, – деді Президент.

Шынымен де, «Алтын Орда» база­рын­дағы жағдай күр­делі. Біз мұны сауда ала­ңы­на арнайы барған кезі­мізде көр­генбіз. Жалпы, базар­­да­ғы ахуал жайын­да бұған дейін толық жаз­ған­дық­тан, оған қайта тоқ­тал­май­мыз. Ал аумақ­тан сауда нүкте­лерін жалға алып отыр­ған кәсіп­кер­лер­дің осы делдал­дардың жөнсіз әрекетінен тауар құнын көтеруге мәжбүр бола­тын­дық­тарына куә болған едік. Мұндағы саудагерлер тауар құнына 50 теңге көле­мінде ғана үстемеақы қоса­тындарын айтады. Алайда базар ішіндегі көтерме баға мен бөлшек сауда бағасы арасындағы айырма­шы­лық жер мен көктей екен. Мысалға, көкөніс сатушылар тауар иесінің қапталған өнім­дерге қоятын бағасы төмен бол­ғаны­мен, оның сауда сөресі­не келгендегі құнының көтері­ліп кетуіне наразы. Салыстыру үшін алсақ, сырттан қаппен әкелінетін тауардың әр килосы, оның ішінде пияздың көтерме бағасы 70 теңге, картоптың құны 180 теңге, сәбіздің бағасы 140 теңге, ал қырыққабаттың құны 240 теңге болса, олардың сатылымдағы бағасы өзгеріп, бірден қымбаттап шыға келе­ді. Қазір павильондардағы картоп пен сәбіздің әр килосы – 250 теңге, пияз – 160 теңге, қырыққабат 350 теңге көле­мінде сатылып жатыр. Және бұл баға­ны сатушылар ойдан шығарып отырған жоқ. Арадағы түсім­ді делдалдар белгілейді. Ал сатушылар көтерме баға мен бөл­шек бағаның арасында мұн­дай айыр­машылықтың болуы тұтынушыға ауыр тиетінін білсе де, базарды уысында ұстайтын делдалдарға қарсы уәж айта алмай отыр. Яғни кәсіпкерлер сат­қан тауары­ның әр килосына 50 теңге қос­қанымен, нақты көріністегі баға­ның айырмасы бәрібір білініп тұр. Қараңыз, кар­топтың көтерме бағасы 180 теңге болса, бөлшек саудадағы құны – 250 теңге. Демек ара­дағы 70 теңге делдалдың қалта­сына түсіп отыр деген сөз. Егер баз­ар­лар­дағы осындай тиім­сіз делдал­дыққа тоқтау салынатын болса, тауар құнының қанша­лықты төмендейтінін тағы да есептеп көріңіз...

Айтпақшы, Алматы облы­сының атқарушы билігі та­уар өндірушілерді қолдау және тиімсіз делдалдыққа тоқтау салу мақсатында үлкен бір істі қолға алып жатыр. Бұйырса, аймақта А+ класты автоматтандырыл­ған, алаңы 200 мың шаршы метр болатын ірі логистикалық хаб салынады. Соның нәти­же­­сін­де, облысқа 200 млн дол­лар көлемінде инвестиция тартылып, 1,5 мың жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Жақында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев пен «AIRBA FF» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, «Технодом» компаниясының негізін салу­шы Эдуард Ким осындай мемо­рандумға қол қойды. Кезде­су­де Қ.Бозымбаев осы ірі инвес­ти­циялық жобаны іске асыру өңір­дің логистикалық әле­уетін дамы­тып қана қоймай, тұтас­тай алғанда облыс экономикасына мультип­ликативті нәтиже беретінін атап өтті.

– Бұл – Алматы облысында бұрын-соңды болмаған өте тартымды әрі маңыз­ды жоба. Біздің аграрлық саладағы ша­руа­­шылықтарымызға өз өнімін өткізу­ге жағдай жасайды. Елі­міздің агроөнер­кәсіптік кеше­ніндегі өнім көлемі­нің 28-30 пайызын Алматы облысы өн­діретінін ескерсек, бұл біз үшін үлкен мүмкіндік. Кешен 1 500 адамға жұмыс береді. Нысан орналасатын Іле ауданында 300 мыңнан астам адам тұрады, ал облыс­тағы халық саны 2,2 млн адамға жетті. Логистикалық кешен жаңа жұмыс орындарының ашы­луына, заманауи технологиялар мен қаржылай қол­дау құралдары аясының кеңеюі­не жағдай жасайды, – дейді Қ.Бозымбаев.

 

Алматы облысы