Экономика • 22 Ақпан, 2022

Украина шиеленісі теңгеге әсер ете ме?

472 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Украина төңірегіндегі геосаяси шиеленістің ушығуы теңгеге қалай әсер еткені туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова айтып берді.

Украина шиеленісі теңгеге әсер ете ме?

Украина төңірегіндегі жағ­дай­дың одан әрі ушығуы және гео­саяси тәуекелдердің ұлғаюы аясында қаржы нарықтарының құбыл­уы күрт өсті. Ресейге қарсы санкциялардың күшеюін күту және жаһандық инвес­тор­лардың Ресей активтерінен бұдан былайғы шығуы Ресей рубліне қысым көрсетуде.

Соңғы тәулікте рубльдің әл­сіреуі 4%-дан асты. Рубль 80 межесіне жетіп, қазіргі уақытта бір доллар үшін 80,5 рубль дең­гейінде саудалануда. Ресейлік MOEX акцияларының индексі алды­гүні 10,5%-ға төмендеп, кеше сауда-саттық ашылғаннан кейін 5%-ға жуық төмендеді.

Әлемдік қаржы нарықтары ахуалдың одан әрі даму белгі­сіз­дігінің артуына қатты әсер етті. EURO STOXX индексі 2,17%-ға, DAX индексі 2,07%-ға төмендеді. Алтынның бағасы бір унция үшін 1 906 долларға дейін өсті.

Барлық әлемдік және жер­гі­лікті нарықтарға әсер ететін негізгі сауда әріптесі на­ры­ғындағы ахуалды ескерсек, Қазақстанның қаржы нарығы үшін де тәуекелдер өсті. Рубльдің әлсіреуі теңгеге қы­сым көрсетуде. Кешегі сауда-сат­тық ашылғаннан бастап теңге бір доллар үшін 426,5 теңгеден 437,80 теңгеге дейін 2,6%-ға әлсіреді.

Ақпан айындағы салық апта­сының аясындағы экспорт­тау­шылардың сатуы және кейбір кездерде 98-99 белгісіне жеткен, бір баррель үшін 92-97 доллар ауқымында сақталып отырған мұнайдың жоғары бағасы теңгеге қолдау көрсетуде.

Күрт өскен құбылмалылық аясында ішкі валюта нарығындағы жағдайдың тұрақсыздануын болдырмау үшін Ұлттық банк кешегі сауда-саттық барысында аздаған валюталық интервенциялар жүргізді. Қазіргі уақытта сауда-саттықтың жалпы көлемі 155 млн доллар болған кезде олардың көлемі 33 млн долларды құрайды. Бұл барлық сауда-саттықтың шамамен 20%-ы болады.

– Ұлттық банк өзгермелі айырбастау бағамы қағидатын ұстануда. Біз қаржы нарық­тар­ындағы ахуалды, атап айтқанда Украинаға байланысты жағдай бойынша оқиғалардың дамуын бақылап отырмыз. Нарықтардың бұдан былайғы серпіні көбінесе санкциялардың сипаты мен себептеріне және олардың РФ экономикасына тигізетін әсеріне байланысты болады, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.